Түнгі Алматы бейнесі  талай ән  арқауына, әсерлі әңгіме өзегіне, жып-жылы естелікке айналған ерекше көрініс екенін бәріміз білеміз. Жалт-жұлт жанып, жайнаң қаққан  қызыл-жасыл шамдар көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, алып шаһар  көркін асыра түседі.

Ақтау ажары айшықталады

Әлем елдерінде  түнгі қала көркі мен түр-түсіне ерек мән беріледі. Мәселен, Париж, Лондон, Нью-Йорк сынды сәулеті мен сымбаты астасқан алып шаһарлардың түнгі келбеті көк жұлдызындай жымыңдасқан шырақтарымен баурайды. Сол секілді көк теңіз  жағалауында орналасқан ақмаржан Ақтаудың түнгі ажарын аша түсу,  көркіне көрік қосу жақын келешекке көзделген жоспарлардың бірі болатын. Биылдан бастап өңір басшысының қолдауына ие жаңа жобаны «OLYMP UNION» компаниясы жүзеге асырмақ. Аталған мекеме Алматы, Астана қалаларын жарықтандыру, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аумағын көріктендіру бойынша зор тәжірибеге ие.

«OLYMP UNION» компаниясы он жыл ішінде Астана шаһарында Сулы-жасыл желек, Орталық саябақ аумағын, 12 көше бойын,  Алматыда 182 ғимаратты жарықтандыру бойынша біршама істер атқарды. Мәселен, биылдан бастап  Орталық алаң,  Президенттік саябақ аумағын жарықтандыра түсудеміз. Жұмыс барысында заман талабына сай әрі экономикалық тиімді жарық диодты шамдар қолданылады. Мәселен, жоспарда белгіленген есептік көрсеткіштерге сүйенсек, Ақтаудағы «Астана алаңын» жарықтандыру  үшін 15 кВт электр қуаты қажет. Компания үш жылға дейін кепілдік береді. Біз қалалық әкімдіктің «электр желілері басқармасымен» бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Әрі қызметкерлерді оқыту ісі бойынша келіссөздер жүргізіледі»,-дейді «OLYMP UNION» компаниясының басшысы А.Желдібаев.

Ақтау ажары айшықталады

Компания Ақтау қаласында орналасқан 50 ғимаратты жарықтандыруға жұмыстанады. Қазіргі таңда  қала бойынша 25 ғимаратты түрлі-түсті жарықпен безендіру дизайны ойластырылып, жобасы  жасақталды. Компанияның бас дизайнері О.Фадеев жергілікті ғимараттарды сәулетті жарықтандыруда бірнеше санатқа бөлетіндігін ескерді. Әкімшілік, қоғамдық ғимараттар, тұрғын үй кешендері мен қонақүйлер, өндірістік кәсіпорындар, саябақ, сквер, аллея мен ескерткіш орындары сынды кіші сәулет нысандары өзіндік ерекшеліктеріне орай көрнектеледі. Ақтау қаласын арнайы безендіру барысында көк пен сары түстеріне басымдық беріледі. Көк — кәрі Каспийдің символы, ал сары Күн нұрына малынған қала көркінен хабар береді.

«Жарық диодты шамдар экологиялық таза әрі пайдалану мүмкіндігі мол шамдар ретінде есептелінеді. Біз италиялық шамдарды қолданамыз. Заман талабына сай жоғары жарық технологиясын пайдалану арқылы ғимараттарды сан алуан интерактивті түске бояп, сан қилы жарық  қозғалысын қалыптастыруға болады. Жарықтандыру дизайні ғимарат ерекшелігіне сәйкес жасалады. Егер әкімшілік ғимарат болса, әрине, салмақты көзқарас қалыптастыратын түс таңдалады. Ал көңіл көтеру орындарына динамикасы зор, бояуы қанық түстер қолданылады. Ескере кетер нәрсе, салқын түске боялған ғимаратты жылы түспен жарықтандыруға болмайды. Жоба толық аяқталып, құжаттар рәсімделісімен іске кірісеміз. Монтаждау, қондыру жұмыстарына біршама уақыт кетеді»,-дейді  компанияның бас дизайнері О.Фадеев.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Серік МАЙЕМЕРОВ

Ақтау ажары айшықталадыАқтау ажары айшықталады

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз