сот шешім

Жалғызбасты ана Гулбану Жакашева Бейнеу аудандық соттың судьясына алғыс білдірді. Ол дүние-мүліктерді бөлу мәселесі бойынша арызданған еді. Заң аясында әділ шешімін тапқан мәселе жөнінде Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Гүлбану Жакашева 4 жыл бірге тұрған жолдасымен некесі бұзылған соң дүние-мүлікті бөлу мәселесі бойынша қиындықтарға тап болды. Ерлі-зайыптылар бірге тұрған уақытта Ресей Федерациясынан 540.000 рубльге (1 587 600 теңге) «Chevrolet Niva» автокөлігін сатып алған. Кейін жолдасы Г.Жакашеваның келісімінсіз көлікті сатып жібереді. Ал, Гүлбану өзінің үлесін, яғни, көліктің жарты ақшасын беруін сұраса, бұрынғы күйеуі қаржы бермейтінін, өз қажеттілігіне жарататынын айтқан. Осы жағдайға байланысты ол сотқа арызданады, мүлік дауын заң аясында шешеді.

«Гүлбану Жакашева бұрынғы жолдасымен ажырасқанын, ортақ некеден бір баласы бар екендігін және күйеуінің ортақ мүлікті бөлісуден бас тартқанын сотқа берген талап арызында жазған. Сондай-ақ өз арызында ортақ мүлікті бөліп, үлесі ретінде көлік бағасының тең жартысын, яғни, 793 800 теңге, баж алымы 7938 теңге, барлығы 801 738 теңгені жауапкерден өндіруді сұраған. Нәтижесінде Бейнеу аудандық сотының шешімі талап қоюшының арызын қанағаттандырды», — дейді Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.

Тұрмыс тапшылығын көріп отырған жалғызбасты ана сотта құқығының қорғалғанына, үміті ақталғанына риза. Осы орайда, Гүлбану Жакашева Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановқа және Бейнеу аудандық сотының судьясы Қуандық Акеровке өз алғысын айтты.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА