Бүгін Қазақстан полициясының құрылғанына 26 жыл толуына орай маңғыстаулық полицейлерге су жаңа автокөліктердің кілті табысталды. Ақтауда өткен мерекелік шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысы ІІД бастығы Қанат Таймерденов, полиция ардагерлері мен ІІД-нің жеке құрамы қатысты.

Жергілікті полиция қызметінің паркі Маңғыстау облыстық әкімдіктің қолдауымен жаңартылып отыр. Ақтау қаласының жергілікті полиция қызметі бөлімі Lada Vesta маркалы 20 автокөлік, 4 Лада Largus, 7 Toyota Corolla брендті көлігі және 5 квадроцикл, 2 электрмобиль көлігімен толығып отыр. Бұл көліктер патрульді полиция батальонына берілді.

Мәселен LADA Largus автомобилі ұсталғандарға арналған арнайы орынмен жабдықталған. Мото-жол талғамайтын көлігі мен электрмобильдер қала ішінде, ал квадроциклдер теңіз жағалауында патрульдік ету үшін пайдаланылады.

«Электрмобильдер – теңіз жағалауындағы қауіпсіздікті күзетуге арналған. Сонымен қатар, көліктер күндіз де, түнде де жүруге ыңғайланған. Бұрын хаттама қағаз жүзінде толырылса, қазір бәрі автоматтандырылған, электронды түрде жүргізіледі. Электронды форматқа өту хаттаманы түзеу мүмкіндігін жояды, яғни сыйбалас жемқорлыққа жол бермейді», — деп атап өтті Маңғыстау облысы әкімшілік полициясының бастығы Ұлықбек Мылтықов.

Бүгінде Маңғыстауда 2200 полиция қызметкері бар. Облыс әкімі Е.Тоғжанов полицейлерді «қылмыспен күресте алдыңғы қатарда тұрып, азаматтардың құқы мен бостандығын қорғайтын адамдар» ретінде бағалап, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтаудағы полицияның рөліне тоқталды.

Салтанатты шарада ҚР ІІМ-нің бұйрығымен қылмыспен күресте және жедел қызметте жоғары көрсеткіштері үшін полиция қызметкерлері медальмен, алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ «Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері» төс белгісімен Щербак Виктор Григорьевич, Сарғожаев Дүйсенбек марапатталса, ІІД ЖПҚ бөлімінің бастығы М.Дайханбаевқа полиция полковнигі атағы берілді, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен полиция полковнигі М.Сералиев, «Ішкі істер органдарының үздігі» 2-дәрежелі төсбелгісімен полиция майоры А.Коренских, полиция капитаны В.Аванесян, аға лейтенант Аманкосулы Ержан, Қазақстан Ресспубликасы ІІМ Құрмет грамотасымен полиция майоры Е.Балгабаев, ҚР ІІМ грамотасымен полиция капитаны Б.Кузенбаев марапатталды.

Полиция күніне орай кавалериялық взводтың қызметкерлері қызметтік аттарымен, СОБР қызметкерлері мен ІІД ту ұстаушылары өнер көрсетті. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз