Журналистика — әр адамның қолынан келе бермейтін, ерекше дарын мен төзімділікті, жігерлілік пен еңбекқорлықты талап ететін мамандық. Осы ерекшеліктердің барлығы сол адамда болмаса, бұл істің нағыз маманы болу екі талай. Бұл сала өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы әрі қолдаушысы.

Аманқұлова Жанна Әлімбайқызы 2000 жылы Қыздар педогикалық институтына тіл әдебиеті мамандығы  бойынша  оқуға түседі.  Еңбек жолын 2001 жылы Қайролла Біжікенов басқарған аудандық «Жастар Плюс» телеарнасында диктор, тілші мамандығы бойынша бастаған. 2004 жылы аудандық «Жаңа өмір» газетіне маман болып ауысып, кейіннен экономика саласының редакторы болып жұмыс атқарған. Оқырманды баурап алатын шыңдалған шабытының арқасында 2008 – 2009 жылдары облыс әкімінің алғыс хаттарымен, сондай — ақ  2009 жылы «Жыл адамы номинациясымен марапатталған.

«Журналист мамандығы қызықты әрі күтпеген кездесулермен, саяхатпен, ақпараттар теңізімен тығыз байланысты және бұл мамандықтың иесі бәрінен де бірінші хабардар болуы керек. Журналист болу – талапшыл, халықпен тез тіл табысқыш, ықыласты, бауырмал болу деген сөз. Қоғамдағы құбылыстарды зерттеп-зерделеу жолында өзіңнің күшің мен уақытыңды аямайтын дәрежеге жеткенде, өзіңнің шын талантыңмен оқырманды баурап алатын шабытың шыңдалғанда ғана жақсы журналист бола аласың. Қаламың мен қағазың арқылы қорғансызға пана болып, әділеттік тапқанда, біреуге үміт ұялатқан сәтте осы мамандықтың құдіретін сезінуге болады», — дейді Ж. Әлімбайқызы

Ақпарат майданында иықтаса, қатар шайқасып жүрген жауынгер әріптестерімізді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Қаламымыздан қасиет кетпесін. Шабытымыздың шыңына ұшқан құс жетпесін!

Мұратбек КӘДІРБАЕВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз