Облыстық «Маңғыстау» және «Огни Мангистау» газеттерінің редакцияларында түрлі мемелекеттік мекемелердің басшыларының қатысуымен өтетін «Қызу желінің» жұмысы жалғасуда. Телефон арқылы тікелей байланысқа шыққан тұрғындардың сауалына облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлжан Байжауынова жауап берді.

– Өңірімізде туризм саласын дамыту бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Маңғыстау облысы әкімдігінің Еуропалық кеңеспен бірлескен «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасының аясында өңірімізде 2016 – 2020 жылдарға арналған туризмді дамыту стратегиясы жасақталған болатын. Бұл бағытта ілкімді істер қолға алынды. Атап айтсақ, өткен жылдың басында туризм саласындағы бизнес жобалардың ұсынушылары үшін модульдық сабақтар өткізіліп, тыңдаушыларға сертификат тапсырылды. Сондай-ақ, өңірлік туристік қауымдастық құрылды.

«Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасын жүзеге асыру аясында «Aktau City & Mangystau Tours» туроператорлар қауымдастығы «Ақтау қаласы бойынша экскурсиялар» қанат қақты жобасын бастады. Жоба аясында Ақтау қаласы мен облыс аумағындағы мұражайларға, тарихи орындарға және өңіріміздің әсем табиғатын тамашалауға саяхаттауға болады.

Сайын Шапағатов ауылындағы Каспий теңізі жағасында демалыс аймағын салуға жер телімі бөлініп, Түпқараған ауданы әкімдігімен жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Маңғыстау ауданында орналасқан Көгездегі этноауылға Балтық елдері, Қытай, Италия, Жапония, Германия, Ресей мемлекеттерінен 100-ден аса турист келді. Қазіргі таңда «Мұнайлы ауданында жастар хостелінің құрылысын салу» жобасы бойынша жер теліміне құжаттар рәсімделуде. Түпқараған ауданы әкімдігімен «Туристерді қабылдау үшін Саура шатқалы аумағын абаттандыру» және «Жеті көл табанды тас сақшылар алқабын салу» жобалары іске асады.

Жас жеткіншектердің сана-сезімінде табиғатқа ұқыптылықпен қарауды қалыптастыру мақсатында «Салауатты өмір салтын насихаттау» әлеуметтік жобасы аясында 2 мыңнан астам бала «Бабалардың аңыздары» экологиялық турларына барып, Форт-Шевченко қаласының мұражайымен, өлкеміздің таңғажайып әсем табиғатымен танысты және тазалық акцияларына да тартылды.

Өңірдің туристік әлеуетін алға жылжыту үшін біздің басқарма туристік фирмалармен бірлесіп, өткен жылы отандық және шетелдік туроператорлардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өңірдің туристік нысандарына ақпараттық-жарнамалық турлар ұйымдастырып, «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жұмыстарын жүргізді.

Өткен жылдың қыркүйек айында Ақтау қаласында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Бүкілдүниежүзілік туризм күніне орай туризм апталығы өтті. Апталық аясында Каспий теңізі жағалауы елдерінің өкілдерінің қатысуымен «Каспий ханзадасы – 2016» байқауы, киіз өндіру және қолдан сыйлықтар жасау бойынша семинар өтті. Бұл семинарға Ақтау қаласынан, Құрық, Сайын ауылдарынан 20 қолөнер шебері қатысты. Маңғыстау туризм колледжі студенттерінің қатысуымен «Ұлттық мәдениет сабағы» сайысы, «Мұнайшы» спорт кешенінде Ақтау, Жаңаөзен, Атырау қалаларының кәсіпқой спортшыларының қатысуымен пауэрлифтинг, армрестлинг, ауыр атлетика түрлері бойынша жарыс ұйымдастырылды.

Елімізде 2020 жылға дейін туристік саланы дамыту тұжырымдамасына енгізілген Каспий теңізінде халықаралық теңіз круизін дамыту бойынша облыс әкімдігі Ресей Федерациясы, Астрахань облысының Үкіметімен бірлесіп қажетті жұмыстарды, оның ішінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімдерін жүргізу үстінде.

– Туристік қызмет саласында жаңа жобаларды жүзеге асыру мақсатында инвесторларды іздеу және тарту бағытында жасалған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?

– Ағымдағы жылдың басында туризм саласындағы шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастық аясында әріптес банктермен 900 млн. теңгені құрайтын 12 жоба мақұлданды. Нақты 10 жоба бойынша 880 млн. теңге несие берілді. Тағы 2 жоба бойынша несиелік желі ашылып, 2017 жылдың қаңтар айының аяғына дейін қаржыландыру жоспарланған. Барлық жобаларды жүзеге асырғаннан кейін 195 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Ақтау қаласында дайв-клуб құру», «Ақтау қаласының 4 ш/а Бор мүйісі акваториясында яхталық айлақтың құрылысын салу» жобаларын жүзеге асыруға инвесторларды тарту бойынша жұмыстанып жатырмыз.

– Жуырда еліміздің мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатын «ЭКСПО –2017» халықаралық көрмесі басталады. Көрмеге билеттерді қайдан алуға болады?

– «Болашақтың энергиясы» деп аталған әлемдік деңгейдегі шара мемлекетіміздің мығымдылығын, еліміздің еңселілігін, техникалық және технологиялық жетістіктерді, тарихымыз мен салт- дәстүрімізді паш етеді. Еліміздің барлық өңірлері атсалысатын көрмеде маңғыстаулықтар да белсенділік танытады. Маусымның 10-ы басталып, қыркүйектің 10-ы аяқталатын көрмеге біздің түбегімізден 65 мыңдай адам қатысады деп жоспарланып отыр.

Облыс тұрғындары мен қонақтары билетті «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінен және «Ақтау» сауда, ойын-сауық кешенінен және https://expo2017astana.com/ сайтынан онлайн түрде алуына болады. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, мүгедектерге, зейнеткерлерге, оқушылар мен студенттерге жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ облыста көрмеге барып-келу, билет сату, қонақүйге орналастыру, ел астанасында саяхаттау қызметтерін ұсынатын 3 туроператор жұмыс жасауда.

Бұл көрмеге қатысатын туристер біздің облысымыздың тарихи орындарын аралап, көрікті жерлеріне саяхаттай алады. Мәселен, Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе, Саура, Тамшалы шатқалдарына, Шерқала тауы, Қарақия ойпаты және тағы да басқа орындар қамтылады.

Маңғыстаулықтардың көрмеге барып- келуін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі Астанаға жүретін пойыздан бөлек 1 маусымнан бастап «Тұлпар- Тальго» пойызы қатынайтын болады. Қажеттілік болған жағдайда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қосымша пойыздар қосуды жоспарлап отыр.
– Оқырмандарымыздың сауалдарына жауап бергеніңізге рахмет!

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз