Достық үйінде Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі және ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен «Еңбегі жанған арулар» атты форум өтті. Мән-маңызы зор іс-шараға іскер әйелдер, азаматтық қоғам мен бизнес құрылым және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Кеңесте гендерлік саясат жетістіктері мен перспективалары, оны жүзеге асыру барысы, әйелдер құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері төңірегінде келелі әңгіме өрбіді. Алдымен «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Р.Сәрсембаева еліміздегі іскер әйелдер мәртебесін нығайту, Маңғыстау облысындағы іскер әйелдер қоғамдастығының өңір дамуына ықпалы жөнінде пікірімен бөлісті. Бұдан соң Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары А.Қыраубаев отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы мен гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру аса зор маңызға ие екендігін тілге тиек етті.

«Қазіргі кезде елімізде гендерлік мәселеге аса көңіл бөлінеді. Ата заң аясында қоғамның барлық саласында ерлер мен әйелдердің тең құқығын қалыптастыру қарастырылған. Бүгінде елімізде кәсіпкерлікті, соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін белсенді дамытуға арналған қажетті ұлттық және ресурстық база құрылған. Отбасылық және гендерлік саясатты іске асыру бағытында «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық қоры белсенді жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бала туу көрсеткіші бойынша алдыңғы орында тұр. Кәсіпкерлік салада әйелдер қауымы ерлермен иық тірестіре, кез келген кедергілерді еңсере, нәтижелі еңбек етіп жүр. Әрине нәзік жандылар үшін қолайлы бизнес ортаны қалыптастыруда мемлекеттік бағдарламалардың рөлі зор. Әлеуметтік салада да әйелдер қауымы тәжірибелі маман ретінде маңызды рөлдерге ие. Өңірде шағын және орта кәсіпкерлік өрісін кеңейту мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған. Бүгінгі форум іскер әйелдер үшін жоғары маңызға ие. Бұл өзекті мәселелер ортақ талқыға түсіп, мол тәжірибе алмасатын еркін сұхбат алаңы. Осындай форумдар іскерлік белсенділікті арттыру арқылы әйелдер арасындағы нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті көтеруге  және ұзақ мерзімді әріптестікті қалыптастыруға мол мүмкіндік береді», — деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ә.Қыраубаев.

Басқосу барысында ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко осы жылдар аралығында қауымдастық жүзеге асырған маңызды жобалар әлі өз жалғасын табарына сенім білдірді.

«Ең алдымен форум ұйымдастырушыларына алғысымды білдіргім келеді. Келелі басқосу күн тәртібінде өте өзекті мәселелер қаралады. Қауымдастықтың 25 жылдық тарихына көз жүгіртсек, зор жетістіктер мен толайым табыстармен бетпе-бет келеміз. Күні бүгінге дейін «Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық қоры  Ұлттық комиссиямен бірлесе  қоғамда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің саяси белсенділігіне қолдау таныту әрі отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында «Жедел желі — қызыл алма» секілді бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырды. Алдағы уақыт тығыз әріптестік аясында бұл жұмыс жандана түседі деген сенім мол. Жыл өткен сайын әйелдер қауымының экономикалық әлеуеті де артып келеді. Ерекше айта кетер жайт, шағын және орта кәсіпке икемі зор іскер әйелдер үлесі еселене түсуде. Қазіргі таңда Қазақстанның әйелдер қоғамдастығының алдында тұрған басты міндет — «Отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» жаңа стратегиялық құжатында көрсетілген тапсырмалардың орындалуына белсенді атсалысу.  Саяси өмірде әйелдердің мүмкіндіктері артып келеді. Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің сайлау қорытындысы бойынша әйел депутаттардың осы палатадағы үлесі 27,1 пайыз. Жалпы Парламенттегі әйелдердің үлесі 22 пайызды құрап отыр. Әрине, бұл баршамыздың ортақ жетістігіміз. Осы тұста «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қорының атқарып жүрген  ауқымды жобалары мен зор табыстарын ерекше атап өткім келеді. Мен барша нәзік жандыларға табыс тілеймін», — деп атап өтті Елена Ивановна.

Сондай-ақ форумда еліміздің әр түкпірінен Маңғыстау өңіріне келген іскер әйелдер сөз сөйлеп, гендерлік теңдікті қалыптастыруда кезігетін басты мәселелер, әйелдер кәсіпкерлігінің даму ахуалы жөнінде өз ой-пікірімен бөлісті.

«Маңғыстау облысының іскер әйелдері өз ісінің шеберлері екендігін әрдайым танытып жүрген жандар. Мемлекет дамуында азаматтық қоғам институттарының маңызы зор. Соның ішінде «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық қорының орны ерекше. Швейцарияда өткен халықаралық әйелдер Саммитінің қорытындысымен қауымдастық төрайымы Раушан Сәрсембаеваның 2026 жылы Тайландта өтетін Самиттінің төрайымы болып сайлануы республикамыз үшін берілген  зор баға,  Қазақстан әйелдерінің ортақ жеңісі. Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыруда  маңызды шараларға ұйытқы болып келеді. Мемлекет тарапынан бизнестегі әйелдер үшін барлық мүмкіндіктер жасалып отыр», — деп мәлімдеді Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева.

Республикалық маңызға ие форум аясында сан түрлі салада қызмет етіп жүрген нәзік жандыларға «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» тарапынан алғыс хаттар табысталды. Форумның тәжірибелік сессияларында БҰҰ тұрақты дамуы мақсаттарындағы гендерлік мәселе жөнінде арнайы презентациялар көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қоса БҰҰ Жаһандық құжатына қосылу бойынша арнайы келісімге қол қойылды. «B2B – Іскерлік қатынастар» бағдарламасы аясында еліміз бен Маңғыстау облысының іскерлік қоғамдастықтары арасында бірқатар Меморандумдар бекітіледі.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ