жұмысшы кәсіп

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдаулет Игілікұлы мен облыстық индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Сейлханұлы және «ҚазақИнвест» Ұлттық компаниясының аймақтық директоры Айдын Лазарұлының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуда «Астана экономикалық форумы» нәтижесінде Маңғыстау облысына инвестиция тарту ісіндегі табыстар туралы баяндалды.

mangystau investicia

«Маңғыстау облысы тізгіндеген «Global Silk Road Mangystau Invest 2019» халықаралық форум аясында облыс әкімі Ресей, Түркия, Қытай, Италия, Германия, АҚШ елдерінен келген 20-дан астам шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Маңызы зор ауқымды іс-шара барысында облыс әкімі Е.Тоғжанов қаржы құюға ең қолайлы салалар туралы салмақты баяндама жасады. Шетелдік ірі компания өкілдері Маңғыстау өңірінің инвестициялық әлеуеті туралы мағлұматқа қанықты. Ірі инвесторлар тарапынан мұнай-газ секторынан бөлек, агроөнеркәсіп, әсіресе жылыжай кәсібі, мал және балық шаруашылығы, туризм саласына қызығушық жоғары деңгейде. Бұл сөзсіз өңірдің экономикалық өрлеуі мен әлеуметтік хал-ахуалдың оңалуына септеспек. Шетелдік инвесторларды тарту үшін сапалы жол салып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу, барлық нысандар құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау ісін оңтайландыру аса маңызды. Осыған байланысты облыс әкімі жергілікті билік өкілдеріне бірқатар міндеттерді жүктеді. Сонымен қоса, өңір басшысы әлемдік ірі бизнес өкілдерне бірқатар талаптар қойды. Ең бастысы — жұмыс күшіне жергілікті халықты тарту. Ойдағы ірі жобалар іске асса, өңірде жақын болашақта 8 мыңнан аса жұмыс орны құрылады деп күтілуде», — дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Н.Қилыбай.

Оның мәліметіне сүйенсек, форум аясында Маңғыстау облысы әкімдігі мен Сингапур елінің «Westgasoil» компаниясы арасында метанол және олефиндерді өндіру бойынша жобаны жүзеге асыру туралы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құны 1,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын стратегиялық маңызы зор зауыт құрылысына 6 мыңнан аса адам жұмылдырылады. Өнімнің басым бөлігі экспортқа бағытталған. Сондай-ақ Маңғыстау аумағында ірі логистикалық орталық бой көтереді. Нәтижесінде қиырдағы Қытайдан жөнелтілген жүк тасымалы жеңілдеп, көліктік-логистикалық қызмет сапасы жоғарылайды. Тағы бір қуанарлық жайт, «Техногран — Ақтөбе» ЖШС Шетпе кенті маңындағы Бескемпір кен орнын игеру ісін қолға алуға ниетті. Отандық инвестор қаржылай қолдауы нәтижесінде кішігірім мұнай өңдеу зауыты салынады деп те күтілуде.

Заман алға жылжыған сайын ноу-хоу технология адам өміріне дендеп енуде. Мәселен, форум аясында Корея елінің мамандары құрамы байытылған минералды су негізінде көкөністер мен жеміс-жидек өсіру сынды жаңа ғылыми табысын таныстырды. Бұл өнімнің қатерлі ісік ауруының алдын алуда пайдасы зор. Корейлік инвесторлар жаңа ғылыми жобаны Маңғыстау өңірінде іске асыруға ниет танытып отыр. Каспий суын тұщыту арқылы ағзаға пайдалы жемісті өсіруге Маңғыстау климаты қолайлы көрінеді. Сонымен қоса, Түркия құрылыс компаниясы жаңа заман талабына сай озық құрылғылармен жабдықталған аурухана салуды жоспарлаған. Биылғы жаз түрік сәулет мамандары теңіз жағалауында терең бассейні бар, әлемдік стандарт талабына сай демалыс кешені құрылысын қолға алмақ.

«Маңғыстау облысы «Астана халықаралық қаржы орталығымен» алғаш рет меморандумға қол қойды. Ендігі ретте өңірдегі шетелдік инвесторлар халықаралық құқық заңнамалары аясында әрекет етеді. Өңір жаңа инвестициялық даму кезеңіне аяқ басты деп сеніммен айтуға болады. Әрине жоғарыда аталған жобалар бір күнде іске аспайды. Осыны ескеру қажет. Тағы бір айта кетер жайт, облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Сыртқы істер министрімен телефон арқылы тілдесіп, бірқатар мәселелер басын шалды. Алдағы уақытта жыл сайын Ақтау қаласында ірі қаржы орталықтары қолдауымен «Каспий маңы елдерінің инвестициялық форумын» өткізу жоспарланып отыр», — деді облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы 2015-2019 жылдары аралығында 2,4 млрд. теңге құрайтын 44 инвестициялық жобаны іске асыруға мүдделі. Шетелдік инвесторлармен бірлесе құны 2,2 млрд. теңгеге бағаланған 8 жоба жүзеге асады деп жоспарланған.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ