16 сәуір күні Ақтау қаласының перзентханасында алпауыт ұл бала дүниеге келді. Салмағы 6 келі болып туған сәбидің ата-анасы Мұнайлы ауданында тұрады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Ерекше салмақтағы сәбидің туылуы Мұнайлы ауданының тұрғындарын қуантуда. Себебі мұндай жағдай бұрын-соңды өңірде болмаған.

«Биыл аудан бойынша 1126 сәби дүние есігін ашты. Жақында ғана Еркебұлан есімді кішкентай батырмен қатарымыз толықты. Нәрестенің салмағы 6 келі дегенде таңқалдық. Себебі осы күнге дейін жоғары салмақтағы нәресте аудандық азаматтық хал актілеріне тіркелмеген еді. Сәбидің дені сау, бауы берік болсын», — деп тілегін білдірді Мұнайлы аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы А.Кенганова.

Төртінші перзентін аман-есен бауырына басқан ата-ананың қуанышында шек жоқ. Жаңа туған нәрестенің әкесі Серік Хыдырбаев пен анасы Атлас Темірәлиевамен тілдестік. Айтуынша, сәбидің аты-жөні — Еркебұлан Серікұлы Жовмарт. Денсаулығы да жақсы екен. Олай болса, кішкентайдың бауы берік болсын!

Жұлдызай ҚАЛИЕВА