Сүйінғара

«Соңғы ұмтылыс». Бұл – Маршал Әбдіхалықовтың «Сүйінғара» романындағы соңғы тараудың атауы. «Сүйінғара» — Маршалдың әдебиеттегі соңғы ұмтылысы, соқталы жанрдағы ең соңғы еңбегі. Бұл романды өткен ғасырдың сексенінші жылдары жазған.

Соңғы ұмтылыс («Сүйінғара» романы туралы сөз)

Артында азды­-көпті еңбегі қалды. «Азды­-көпті» деуіміз, әлбетте сан тұрғысында ай­тылған сөз. Сапа туралы сөйлей қалсақ, маңдайымыз «Сүйінғараға» соғылары бел­гілі. Әбіш Маршал Әбдіхалықов турасында: «Оның көкірегі алдын-­артын ойлап, қонақ келсе, ұялып қалмайық деп, асылы мен дәмдісін кейінге сақтап, тыққыштай беретін сарабдал әженің кебежесіндей қазынаға бай еді. Көпшілігі есіл сабаздың қиялын тербеп, жүрегін мүжіп, ішінде кетті. Бұл күндерге аман жеткенде қолынан қаламы түспейтін азғантайлардың біреуі Маршал болатын еді. Оның тұсында кітап болып, жарық көрген, ар­тында қолжазба болып қағазда қалған аз­ғантай дүниелері менің көз алдыма құрлығы түгілі теңізінің астында мұхит болып шал­қыған Маңғыстау мұнайының қара жердің бетіне болар­-болмашы сызаттарды қуалап, жарықтарды бойлап, шып-­шып шығып жатқан Тасбас, Түбіжік, Қарашүңгілдегідей шөкім­-шөкім жұрнақтары сияқтанып көрінеді. Өл­кеміздің өткені жайында тары шұқыған та­уықтай дерек жиып өткен қайран ағамыздың өзімен бірге қандай ізгі арман мен игі мақсат арқалап кеткенінен хабар бергендей», — ­дей­ді.

Елдің тыныштығы мен ырыс­құтын тұм­сықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай, жанқиярлықпен алысып өткен Сүйінғара ту­ралы тың деректерді қазбалаған Маршалдың, өзі де Сүйінғара күйіне түсіп, жері мен бос­тандығы, тілі мен ділі кімнің қолында кетері белгісіз күйде тәнтанайлап тұрған қазақ халі тұсында өмір сүрген Маршалдың ішінде кет­пегенде, қайда кетсін көп арман?! Әр сөзге шұқшия қадалған Кеңес кезіндегі қазақ хал­қының абдыраған хәлін бір ғана Сүйін­ғараның арпалысқа толы заман иіріміндегі апалаң-­топалаңды сезімі арқылы беруге ты­рысты. Және сол мақсат үдесінен шыға білді де!

1554 жылы Астрахан хандығын басып алған үстемшіл патшалық Ресейдің шекара­сы Каспий теңізі арқылы Маңғыстауға жақын­дай түскен еді. Ендігі көзді қыздырып тұр­ғаны — ­Каспийді алу, арғы жағындағы Маң­ғыстаудың «бірде жауын жауып, бірде жау­майтын мекиен бос даласына»* иелік ету. Бұл – Каспий теңізіне Еуропа елдерінің де ынтасы күшейіп, ындыны құрып отырған кез еді. Теңіз арқылы Үндістанға, Қытайға, Иран­ға бару ыңғайлы екені айтпаса да түсінікті. Оны қоя тұрғанның өзінде теңіз астындағы халық айтатын «қара мұнай» мен роман ке­йіпкері, тарихи тұлға Карелин айтатын «ақ мұнайдың» өзі үлкен олжа.

Алғаш Маңғыстаудың табалдырығын атта­ған англиялық Антон Дженкинсон болды. Ол Үстірт арқылы Бұқараға барды. Құр бармай, жүрген жерлерін картаға түсірді, жолдағы ха­лықтың тұрмыс-­тіршілігін, салт-­жоралғы, әдет­-ғұрпын жазып, сызды. Одан соң Маңғыстауды А.Бекович Черкасский, Ф.Н.Саймонов, Ф.Ф.Берг зерт­теп кетті. 1805 жылдары Фал­керзам адақтады. 1832­-1836 жылдары Г.С.Карелин экспе­дициясы келді. Міне, «Сүйінға­ра» романындағы оқиға жүлгесі осы уақыт торабын қиып өтеді. Карелиннің Каспийдің шығыс жағасын бір жыл зерттеп, 1833 жылы мамырда соғыс минис­трінің Азия жөніндегі коми­тетінің мәжілісінен басталатын роман сюжеті бара-­бара айқұш­-ұйқыш сызықтармен (алайда алысқа шығандап кетсе де ақыр соңында тамырын тауып, түйінделіп жататын сызық­тармен) қоюлана түседі. Роман­ның өне бойына Адай мен Әлім арасындағы руаралық дау­жан­ жалдар, оның басталуы мен Сүйінғара арқылы шешім та­уып, аяқталуы, бұл дауға Иса­тай мен Махамбеттің араласуы, қос баһадүрдің Сүйінғара, Ша­бай, Мәмбетнияз, Есет батыр­лармен кезігуі, орыстардың алғашқы бекінісін Кетіктен са­луы, Карелиннің жорығы, Хиуа хандығының Адай ауылын талқандауы, Маңғыстаудың Ресей билігімен алғаш келісімге келуі, Сүйінғараның ағылшын тыңшысын ұстап, Россияға жөнелтуі – бәрі­-бәрі сыйып кеткен.

Адай-­Әлім арасы демекші, халық арасын­ дағы осындай оқиғаларды:

«Бұл жаулықты бастаған,
Ел намысын тастаған.
Тар қонысқа таласқан,
Бір кемпір­-наз өкпе еді»,­ — деп, Ығылман ақынның өлеңімен ақтап алатын автор өз ке­зегінде жау қолына түсіп, Сүйінғара ауылын шабуға келе жатқан қалың қолды түнделетіп, ауыл үстіне апаруға тиіс болған екі қазақтың өз жандарын өлімге қиып, қолды сорға ай­налдыратын эпизоды арқылы елдің елдік идеясын жоғары алып шығады. Әлбетте сор бо­йында серейіп, үсті-­үстіне сұлап жатқан екі мүрденің сұлбасы мен «Қап, иттердің сүйегін сол құшақтасып жатқан күйде өртеп жіберу керек еді. Сүйегі де табыл­май қалсын. Жел болып, тозаң болып ұшып жоғал­сын. Басына қара кел­месін» деген Дүрды атты кейіпкердің сөзі жан-­дү­ниеңді түршіктіріп, төбе құйқаңды шымырлатып жі­береді.

Аяқталмай қалған осы­нау роман өз мақсатына он­сыз да жетіп тұрғаны анық көрінеді. Біздің ойымызша, әлбетте ол мақсат-­алды­мен, қазақ халқының, оның ішіндегі Адай халқының тағдырын кескіндеу. Оның сол замандағы өткерген қайғы­-қасіретін тарих тұр­ғысынан шынайы бағамдап, ақ адал бағасын беру. Оны­сы «Екі нар сүйкенсе, арасында шыбын өледі» деген. Сол шыбыны Маңғыстау елі болса керек. Қай нар мықты? Кім кімді ығыстырады? Қайсысының қомына  жармас­қан жөн?» деген Мая бидің толғанысы ар­қылы көрініс берген.

Екінші мақсат — ­Хиуа хандығының Адайға соғысын бастап берген, елді мемлекетке өш­тестірген деп алып­-қашпа әңгіме арқылы ай­тылатын Сүйінғараның әділ бағасын беру. Ол романда Сүйінғараның өз ауызынан былай­ша баяндалады: «Ағайын! Менің ұзында өшім, қысқада кегім жоқ адаммын. Болған, кектенгенмін, ол кегімді тірімде өзім алдым. Әлім, қайратым жеткенді істедім. Өкінбеймін! Хан Жәңгірден қол үзсем, хан халқын то­нады, ата-­бабасының жерін талан-­таражға түсірді. Кешегі екі арыстан – Исатай мен Махамбеттің тілегін тіледім. Ел арасы алыс, жер шеті шалғай болып, қолына қол қоса ал­мадым. Хиуаның ханымен таласқа түссем, елімнің, жерімнің қамы! Басқасын айтпағанда Бесқаланың ойына, Хорезмнің шәрлеріне кеткен қалашымның қалтырамай, дірілде­мей, жарқырап, еркін барып­-келген күні бар ма? Маңына жоласаң, малыңды сұраусыз айдап алады, алыста жүрсе, пітір-­зекет деп күшпен жинайды. «Сүйінғара сыбаға жина­ды, үлес алды» деп тантитындар да бар. Білемін ол күңкіл сөзді. Мен сонда Хиуаның бегінің егініне түсіп, шарбағынан секіріп отырмын ба? Ата­-бабам қорғаймын деп қа­нын төккен қасиетті жерімде, өзімнің Боза­шымда, үйімнің төрінде отырмын. Бізден басқа біреудің жерін ешкіміздің лағы аттаса айқай шығарады. Ал неге біз жерімізге бө­тенді талтаңдатып, еркін жібереміз. Жоқ, мен тірі тұрғанда оған көне алмаспын. Құдайды біз үшін Хиуаның ханы жаратқан жоқ, жарат­са, бәрімізді де Құдай жаратты. Құдай бар болса, оған ешкімнің еншісі жоқ. Мені «Орыс­қа іш беріп жүр» деп сөгетін көрінесіңдер. Жасырмаймын, олармен сөйлескенім рас. Орыс елі — ­үлкен көршің. Аманында анау жез­дең Әбілхайыр хан, міне, бүкіл жиендерің патшаға арқа сүйеп, талтайып отырған жоқ па? …Ал ханның істеп отырғаны мынау! Тек менің ауылымды ойран етіп, қатын-­баламды алып кетсе, өші менде болғаны! Бірақ олар жол бойы бүкіл елді шауып, қиратып, қолына түскенді алды-­артына өңгеріп, алдына түс­кенді айдап барады. Кінә менен болса, соқ менің бетіме!».

Роман аяқсыз қалды. Сүйінғара бастаған бес жүз адам Хиуа ханы Аллақұлдың үш мың сарбазын Қарнауда қуып жетіп, соғыс ашты. Жеңіліс тапты. Әліптің артын бақпай, ақылды тұсаған Мәмбетнияз Әліптің азғыруына еріп, қапыда қалды. Өмірзақ бәлкім ауылына қайтып, елдің еңсесін тіктеді, Гүлшемен ба­қытты ғұмыр кешті. Екі баласы қартайған Қарашашты екі қолтығынан демеп жүрген шығар. Нарша апай не төмпешік санын көбейтіп, зират ішінде жатыр. Не таяғына әрең сүйеніп, «Тән жарасы жазылар­ау, жан жарасын қайтерсің» деп зират жаққа қарап отыр…

Пайдаланылған әдебиеттер: *М.Әбдіхалықов «Сүйінғара».

Еділбек ДҮЙСЕН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз