этнографиялық фестиваль

Ақтауда осы атаумен облыстық мәдениет басқармасы, ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен Ақтау қаласының 55 жылдығына арналған этнографиялық фестиваль-конкурсы өтті.

Шараның мақсаты – Маңғыстауға тән ұлттық рухани-мәдени құндылықтарды ілгерілету арқылы аумақтық этнобрендинг механизмін қалыптастыру. Маңғыстау жыршы-жыраулық мектебінің мол қазынасын меңгере отырып, ел арасынан дарындыларды анықтап, шығармашылық талабын ұштау.

Фестивальге облыстың барлық аудан, қалаларынан үміткерлер қатысып, өз өнерлері мен бұйымдарын, өнімдерін ортаға салды. Олардың еңбектерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Олар: облыстық мәдениет басқармасының басшысы – Пәниа Сармурзина, өлкетанушы – Алқажан Еділхан, жыршы – Жеткізген Сейтов, ақын – Рза Оңғарбай, жыршы – Ақылбек Өтешов, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының мамандары  – Сұлтанбек Құдайбергенов, Көркем Молғалиева.

-Мен Ақшұқыр қаласында тұрамын. Он жыл бұрын баламның денсаулығы үшін қаладан көшіп барып едім, оған өкінбеймін. Алғашында ешкі саудым, одан сиыр ұстадық. Қазір нағыз емдік қасиеті мол шұбат дайындаумен айналысамын. Негізі өзім үшін бастаған едім, қазір халыққа қажетті дүние болғандықтан сатуға шығардым. Сұраныс мол, адамдар таза өнім пайдаланғысы келеді. Құрт, балқаймақ қайнатамын. 4-5 түйе сауамын, балаларым көмектеседі, — дейді Ақшұқыр ауылының тұрғыны Алмагүл Есбергенова.

Алмагүл мамандығы есепші болса да, оны отбасы үшін құрбан еткенін айтады. Қолөнермен де айналысып, түйе жүнінен көрпе, шапан тігеді.  Балаларымның денсаулығы үшін ауылда тұрып жатқанын жеткізген үш баланың анасы қиындық та жоқ емес дейді.

-Қазір өріс азайып бара жатыр, су мәселесі де бар. Түйені үйде ұстаған кезде оқуға апаратын бала секілді өріске жетектеп апарып, жетектеп алып келіп жүрдім. Себебі  жолдан өткенде көлік қағып кететін. Сондықтан әуежай маңынан жер телімін алып, арнайы қора салып, көшіріп жатырмын. Болашақта мал басын көбейтіп, өнімдерді айналымға салғым келеді. Инстаграмнан «Супер шұбат» деп парақша ашып жариялағанбыз, сұраныс өте көп, — дейді шұбат дайындаушы Алмагүл Есбергенова.

-17 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеміз, 11 жыл бұрын өзіміз тұратын «Қызыләскер» ауылынан «Ақбаян» шаруа қожалығын құрдық. Содан бері түйе өнімдерін шығарып келеміз. Сұраныс Бейнеуден өте көп түседі. Аурухана алады және жеке адамдар тапсырыс береді. Шұбаттың этикеткасы жапсырылған арнайы ыдысын алдырып, оған таза өз өнімімізді құйып ұсынамыз, — дейді фестивальге Бейнеу ауданы Сам ауылынан келген қатысушы Ақмарал Жұматова.

Этнографиялық конкурсқа Маңғыстау ауданы Тұщыбек ауылынан бүркітші Айшуақ Тайманұлы да арнайы келіпті.

-Бүркіт баптаумен айналысқаныма 3 жыл болып қалды. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» деп айтқанындай, бұл да жаңғырудың бір түрі. Бүркіт, сұңқар, қаршығам және екі тазым бар. Маңғыстаудың жергілікті құстары. Адамның ниетіне байланысты, ден қойып кіріссе, 2-3 айда қолға үйренеді. Қараша айында аңға салу уақыты басталады. Наурыз, сәуір айларында күлекке отырғызамыз. Аяғындағы балақ бауы, томағасы шешіліп, арнайы торға салынады. Суын, етін береміз. Бұлар тұз тимеген таза етпен қоректенеді, — дейді құс баптаушы.

Фестиваль қорытындысында «Батамен ел көгерер» батагөй ақсақалдар аталымы бойынша Маңғыстау ауданынан келген Байпақов Шаймұрза 1 орын иеленді. 2 орынды Қаратоқашев Дурды (Мұнайлы ауданы), 3 орынды Абдуллаев Терекбай (Қарақия ауданы) еншіледі.

«Этникалық музыка жыршы-термешілер» аталымы бойынша 1 орын Баймағамбетов Әзімханға (Түпқараған ауданы) бұйырды. 2 орынды Темірханов Серік (Қарақия ауданы), 3 орынды Селбаев Орынжан (Мұнайлы ауданы) иеленді.

«Шұбат-FEST» шұбат дайындаушылар сайысында Есбергенова Алмагүл (Түпқараған ауданы) жеңімпаз атанды. Ал 2 орын бейнеулік Жұматова Ақмарал мен жаңаөзендік Бермағанбетова Баршагүлге бұйырды. 3 орынды Мұнайлы ауданынан келген Усманов Тәңірберген, қарақиялық Қожахметова Алтынгүл, маңғыстаулық Аққұлов Бексұлтан өзара бөлісті.

«Киіз үй» аталымы бойынша жеңісті түпқарағандық Орынбасарова Медина иеленді. Жүсіпова Қалекеш (Ақтау қаласы) – 2 орынға, Аяпов Жеткізген (Бейнеу ауданы) мен Қалдаманов Исенбай (Жаңаөзен қаласы) – 3 орынға ие болды.

«Қазақтың дәстүрлі қолөнері» сайысында «Зергерлік , ағаш, метал бұйымдары» аталымы бойынша  1 орынды Иманов Болатбек (Маңғыстау ауданы),  2 орынды – Қайрбаев Ерсайын (Мұнайлы ауданы), 3 орынды – Нұрғалиев Дүйсенбай (Жаңаөзен қаласы) қанжығалады.

«Тері, жүн» аталымында Тасмағанбетов Аманжол (Қарақия ауданы) – 1 орын, Жұмашев Шапағат – 2 орын, Айсақызы Сәнтөре (Маңғыстау ауданы), Қарымсақова Ақшагүл (Қарақия ауданы), Қожахметова Қырмызы (Қарақия ауданы) —  3 орын иеленді.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз