Тілге тиек етіп отырған аудандық «Жаңа Өмір» газетінде қызмет еткен, аяғын үзеңгіге салып, арғымақты жалынын ұстап көлдей көңілімен көсіле жазған тілшілердің бірі және бірегейі  Айнагүл Сейітова. Ол 1998 жылы Ақтау қаласындағы  «Әлем әдебиеті және журналистика» университетінің  филиалына оқуға түсіп,  2000 жылы  Алматы «Қайнар» университетінің Ақтау қаласындағы  филиалына ауысады, қазақ тілі мен әдебиет пәні мамандығы бойынша диплом алған ол 2000 жылы «Жастар Плюс» Шетпе телеарнасында диктор, 2002 жылы аудандық «Жаңа өмір» газетінде әдеби қызметкер,  2009 жылы бөлім редакторы болып жұмыс істейді. 2013 жылы «Маңғыстау Медиа» ЖШС құрылғаннан кейін жауапты хатшы қызметін атқарады. Айдарынан жел есіп, бал тамған шұрайлы тілімен қалың оқырманның жүрегінен жол тауып  2006 жылы аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, «Жыл журналисі» атанады, 2014 жылы облыс әкімі А.Айдарбаевтың «Алғыс хатына» ие болады.

-«Тілші қызметі риясыздық, шынайылық, кәсибілік және жауапкершілікпен қатар қоғамға тиімді әрі сауатты ақпарат жеткізуді талап етеді. Жалпы журналист қандай дәрежеде жұмыс істесе де, қоғамдық ақпараттық саланың қызметкері болып есептеледі. Жанкешті болатыны сол, кейде маңызды мәселелерді көтеру барысында от пен судың арасында жүруге тура келеді. Уақыт, заман ағымына жақсы түсіп, идеяға толы материалдар жазуымен  жұрттың назарын аудара білуі шарт. Қаламың мен қағазың арқылы қорғансызға пана болып, әділеттік тапқанда, біреуге үміт ұялатқан сәтте осы мамандықтың құдіретін сезесің», — дейді А.Сейітова.

Міне, осындай қоғамдағы орны бөлек, көтерген жүгі ауыр журналистика деген әмбебап саланың барша сайыпқырандарын төл мерекесімен құттықтаймыз! Тiл мәселесiн де, қоғам өмiрiнде болып жатқан көкейкестi мәселелердi де тереңнен толғап, жазып жүрген қаламы жүйрiк әріптестерімізге шығармашылық шабыт тiлейміз.

Жадыра ТЕЛБАЕВА

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз