Елбасының әр жылғы Жолдауы тарихи маңызы мол күрделі құжат. Жаңа «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында айтылған медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу,  спортпен айналысу, дұрыс тамақтану тұрақты профилатикалық тексерістерден өту сияқты салауатты өмір салтын насихаттау міндеттері ауданымызда да іске асырылып келе жатыр. Тұрғындардың өмір сапасы мен игілгін арттыруға ықпал ететін Жолдаудың жүзеге асуына аудан дәрігерлерінің де үлесі зор.

Жуырда Маңғыстау ауданында  «басың ауырып, балтырымыз сыздаса» жанымызды Алладан кейінгі аманаттайтын ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Шарада аудан әкімі Ж.Айтуаров пен  Мәслихат хатшысы А.Сарбалаев абзал жандарды мерейлі күндерімен құттықтай отырып, Б.Қазыбаев, Ж.Айдарбаева, А.Ермешова сынды бірқатар ақ желеңділерді қоғамдағы белсенді жұмысы мен жеке жетістіктері үшін «Алғыс хатпен» марапаттады. «Қоғамның басты байлығы – адам болса, адамның басты байлығы – денсаулық. Ауырған адам жанына дәру іздеп дәрігерге барары анық.

Сондықтан ақ халаттыларды ұлықтау, құрметтеу — әр пенденің азаматтық борышы. Елбасы Н.Назарбаев денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп отыр. Осыған орай, бүгінгі таңда емдеу-сауықтыру қызметі жаңашылдықпен дамып, науқастарға жан-жақты қызмет көрсету мүмкіндігі ұлғайып, соңғы жылдары тұрғындардың денсаулығын жақсарту бағытында жақсы жетістіктерге қол жеткізудеміз. Адам жанына араша болып жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі зор екені бармашымызға аян. Денсаулық сақтау саласындағы адал еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін», — деді аудан әкімі. Кезекті сөз алған Орталық аурухананың бас дәрігері Ж.Нұрлыбаева  аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсеткен әріптестерінің еңбектерін саралап, жеткен жетістіктері үшін Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет» грамотасымен, «Алғыс хаттармен» марапаттап, жұмыстарына табыс, еңбектеріне жеміс тіледі.

Сондай-ақ, мерекелік кеште 6-11 маусым аралығында еліміз бойынша өткен «Денсаулық фестивалі» аясында жақсы жетістік көрсеткен аудандағы денсаулық сақтау саласының қызметкерлері марапатталды.

Гүлжайнат ШЫҢДЫБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз