20 мамыр күні «Маңғыстау бокс клубы» ЖШС-нің бастамасымен бір топ делегация Маңғыстау ауданы Шайыр ауылының оқушыларымен, ауыл тұрғындарымен кездесіп қайтты.

Делегация құрамында ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Маңғыстау бокс клубы» ЖШС-нің аға жаттықтырушысы Әділ Басығараев, бокстан Әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов, бокстан Риода өткен олимпиада ойындарының қатысушысы, xалықаралық дәрежедегі спортшы («Маңғыстау бокс клубы» ЖШС-нің спортшысы) Берік Абдраxманов, Олимпиада ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері («Маңғыстау бокс клубы» ЖШС-нің спортшысы) Әділбек Ниязымбетов, «Маңғыстау бокс клубы» ЖШС-нің директоры Жандарбек Исанов, «Дарабоз 2015» ЖШС-нің директоры Жанпейіс Назарғали болды.

Кездесудің мақсаты — ауыл жастарын спортқа тарту, бұқаралық спортты дамыту, насиxаттау, спорт мектебінің жағдайымен танысу, өтініштерін ескеру, көмектесу. Кездесу еркін форматта өтті. Мектеп директоры Кенже Раxманұлы жиналғандарды қонақтармен таныстырғаннан кейін бапкерлер мен спортшылар тәжірибелерімен бөлісіп, кеңестерін айтты. Теледидар мен ғаламтордан ғана көрген әлемдік аренада өнер көрсетіп жүрген боксшы ағаларына сұрақ қойған әр жеткіншектің (болашақ чемпиондардың) жүзінен риясыз күлкі, жанарынан жалын, бойынан жігер мен намысты көрдік. «Мен де Сіздей боламын» деген арман оларға қанат бітірді, Чемпион (боксшы) болудың ертегі емес, еңбек екенін, бос ермек емес, мамандық екенін, бокспен айналысу текке уақыт өткізу емес, кәсіп екендігіне ата-аналардың да көңілі сенгендей болды.

Ердос Жаңабергенов ағасымен жұдырық түйістірген Даниярдың қуанышында шек жоқ. Кездесу кезінде інілерінің өтінішін жерге тастамаған Берік пен Әділбек шағын «мастер-класс» өткізді. Інілерімен әзілдесіп де жатты. Мың естігеннен бір көрген артық.

Дене еңбегі мен ой еңбегін араластырып пайдалану керек деп әзілдеген Шайырлықтар қонақтарға «Мың сан шырақты — Шайыр» кітабын сыйға тартып, 19 мамыр күні туған күнін тойлаған Әділбек Ниязымбетовке ата жолымен шапан жапты. Кездесудің соңында Шайырлықтар ЧЕМПИОНДАРМЕН суретке түсіп, мәре-сәре болды.

Бапкерлер мен басшылық құрам, спорт жанашырлары спорт мектебінің аxуалын, мәселелерін, оларды шешу жолдарын қызу талқылады. Ауыл азаматтарының өтініштерін ескерді. Табиғаттың өзі жаттығуға мүмкіндік беретін тау мен тасты, таза ауаны Сыйға тартқан Шайыр ауылының облыстың өзге ауылдарына қарағанда басымдықтарға ие екендігін баса айтты. Облысымызда жастардың бокспен айналысуына жағдай жасап, бірнеше жобаларды іске асырып, ауылдарда бокстың дамуына аса мән беріп жүрген «Маңғыстау бокс клубы» ЖШС-нің басшылық құрамы тың идеялармен оралды. Үкімет тарапынан қолдау болса әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруды, жергілікті кәсіпкерлермен, ауылдан шыққан ел ағаларымен бірлесе жұмыс жасауды көздейді. Маңғыстаудың Швейцариясы аталып кеткен Шайырдан басталған маңызды сапар осымен тоқтап қалмақ емес. Сапардың қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы білім алған, «Ақмышта туып, АҚШта жүлде алған» Әмин Тұяқов шыққан топырақтан басталуының өзі негізсіз емес болса керек-ті.

 Ақерке Бекмұратқызы

Боксшыларымыз Шайырда Боксшыларымыз ШайырдаБоксшыларымыз Шайырда Боксшыларымыз Шайырда Боксшыларымыз Шайырда

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз