Жастар сыйлығы

Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық жастар орталығының ұйымдастыруымен Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде «Жастар сыйлығы — 2016» қалалық жастар премиясының марапаттау рәсімі өтті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жастар жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі болды.

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Берішбаев ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет және басқа да салалардан биік белестерді бағындырып, еңбектері жанған үздік жастарды марапаттады.

50-ге жуық үміткер қатысқан байқауда 13 аталым бойынша жеңімпаз таңдалды. «Жас дарын» аталымында Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің мүшесі, халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болған жас күйші Набияр Алтаев, «Жас спортшы» аталымында кикбоксинг спорты бойынша халықаралық жарыстардың жеңімпазы, үш дүркін Қазақстан чемпионы және әлем чемпионы атанған Бекжан Жайлаубаев жеңіске жетті. «Жас көшбасшы» болып облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қызметкері Нұрбек Өтегенов, «Жас мұнайшы» болып «Қаражанбасмұнай»АҚ №2 Мұнай өндіру цехының операторы Думан Ускимбайұлы атанды.

«Жас мұғалім» аталымы бойынша Маңғыстау облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының география пәнінің мұғалімі Нұрболат Жалжанов жеңімпаз атанса, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» факультетінің 4-курс студенті Абзал Қарақойшиев «Жас ғалым» болды. Тәртіп сақшыларынан топ жарып, «Үздік құқық саласының қызметкері» аталымы бойынша Ақтау қаласы Ішкі Істер Басқармасының Тергеу бөлімінің тергеуші, аға лейтенант Ақерке Ахметова, «Жас әскери қызметкер» аталымында 29011 әскери бөлімінің электромеханикалық қызметінің басшысы Эльдар Джуманов үздік болып танылды. «Ерікті көмекші» «Жас Отан» жастар қанаты төрағасының ерікті көмекшісі, қоғамдағы белсенді жұмыстарымен, еңбекқорлығымен еленген Наурызхан Киікбаев атанса, кәсіпкерлікте бағы жанып, Ақтауда «Лакомка» кондитерлік цехы мен дүкенін ашып, өз ісін дөңгелеткен Динара Қосжанова «Жас кәсіпкер» аталымынан бас жүлдені иеленді. Қаламын қару еткен мамандық иелері де марапаттаулардан құр алақан қалған жоқ. «Жас журналист» жүлдесін «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының дикторы әрі тілшісі Әсем Сартбаева еншілесе, «Жас ақын» атағын қалалық, облыстық, республикалық ақындар мүшайрасының жүлдегері, Маңғыстау гуманитарлы-техникалық университетінің 3-курс студенті Құндыз Нұрова қанжығалады «Жас мемлекеттік қызметкер» атағын облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасында жастармен жұмыс, талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы Саламат Ильджанов иеленді.

— Жастар арасындағы дәстүрлі байқаудың жеңімпазы атану – зор құрмет. Өңірімізде жарқын жетістіктерге жеткен, ерекше қабілетімен, асқан шеберлігімен көзге түскен жастар баршылық. Олардың барлығы еліміздің өркендеуіне, қоғамның дамуына үлес қосуға дайын. Елдің алды болуға, өз кәсібінің шебері атануға талпынсаң, еңбегің еленеді, бағаланбай қалмайды. Бүгінгі марапат рәсімі — соның айғағы, — деді «Жас мұғалім» аталымының жеңімпазы Нұрболат Хадисұлы.

Қуаныш пен құрметке бөленген жеңімпаздарға гүл, диплом және қымбат сыйлық табысталды.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген автор

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз