Тағдырдың теперішті ауыр сыны сол бір жол көлік оқиғасынан басталды… Ол – небәрі 1-сынып оқушысы еді. Қаһарлы қыс. Тұманды дала. Қас-қағым сәтте тұман ішіне тығылған жүк көлік қаршадай ғана қызды бір аяғынан айырды. Қытымыр қыстың қырсықтығын қарашы, ойын баласын ойда жоқта жығып түсті. Алайда Айжан Құттыбаева аяғының ақсақтығына қарамастан алға қарай жылжудан қорықпады.

Тағдыр тәлкегіне түскен кейіпкер қарсы келген қиындықтармен қалай күресті? Өмірдің кей сәтсіздігін қалай қабыл алды?

«Жүк көліктің жалпақ дөңгелектері аяғымды жансыздандырғанымен өмірге құштарлығымды жоғалтпады. Көшеде шаң шығарып ойнамасам да бақытты сәттерім аз болмаған еді. Балалық шағым – төзім мен шыдамдылықтың биігінде тұр. Білесіз бе, аяқ шолақ болса да мектепке қарай, білім алуға асығатын едім. Қатарластарымның қол шошайтып, мені мазақ еткен кездері де болды. Сонда да берілмедім. Себебі бұл – маған берілген Алланың үлкен сынағы.

Аяқпен арпалысып мектепті аяқтадым. Ақ халатты абзал жан атану – арманым, бірақ әкем тігіншілік өнерін меңгеруімді қалады да 6 айлық оқуға түсірді. 4-сыныптан бастап қолға ине мен жіп алып, кестелегенді ұнататынмын. Содан болар оқуда озат болдым, бір айдың ішінде шебер санатына қабылдандым. Әке ақылын тыңдап, әлі күнге дейін тігіншілікті тастаған емеспін. Тігін тігу – менің өмірім. Бойға дарыған өнер арқылы өзімді және балаларымды адал асырап келемін…».

«Арлы адам – ең күшті адам. Өйткені, ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойынсұнбайды. Сондықтан да оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін. Өкінішті болуы мүмкін емес». (Ә.Кекілбаев)

Жүзім күліп тұрғанымен іштей жан азабы тыныштық бермейді. Әсіресе, аяғым сыздап ауырғанда жанымды қоярға жер таппай қиналамын. Күндіз күйбең тіршілікпен жүріп, өзіме қарауды ұмытып кететінім бар. Тек түнде ғана қалың оймен арпалысамын, аяғыма көзім түссе еріксіз жанарым жасқа толады.

Бірақ, мен өмірге өкпелемеймін, налымаймын. «Неге мені мүгедек етті?», «Неге мен аяғымнан айырылдым?», «Неге менің жолым болмай-ақ қойды?» деген сауалдармен әлек болмаймын. Керісінше, Жаратушы иемнің көзі маған түскеніне қуанамын. Алла пендесіне көтере алмайтын жүкті бермейді. Демек, әрбір бетпе-бет келген қиындыққа төтеп берер әркімнің өз күші бар болғаны.

Айжан Құттыбаева: "Өзіме «сен» десем де, аяғыма «сіз» деймін"

Менің қорғаным – Жаратушы бір Алла, байлығым – балаларым, арым – адал еңбегім. Еңбек етуге қауқарым жетіп тұрғанда ешкімге алақан жайғым келмейді. Тіпті 19 жылдан соң аяғымды кестіріп, ота жасату үшін Ташкент қаласына жалғыз өзім, сенесіз бе, жалғыз барғанмын. Құлағымдағы алтын айшық сырғам мен жүзігімді сатып, ешкімнен, туған-туыс, бауырларымнан да ақша, қол көмек сұрамастан…

Сонда ауруханаға барғанымда, бармағы жараланған жандардың қасына еріп келген қаншама адамды көрдім. Көрдім де таңқалдым. Сонда маған:«тұтас бір аяғымды кестіруге жалғыз барып тұрған ер екенмін, мүмкін ақымақпын» деген ой келді.

– Құттыбаева Айжан кім?

– Мен.

– Жалғыз келдің бе?

– Ия, жалғыз келдім, қолымда азғантай ақшам бар. Аяғымды кестіруім керек, — деп өз жағдайымды айттым.

– Ер екенсің, сенен ақша алмаймыз, отаны тегін жасаймыз, тек наркозға ақша төлесең болды, — деді дәрігерлер.

Осылайша аяғымды кестім, қазір темір аяқ киіп жүрмін. Өзіме «сен» десем де, аяғыма «сіз» деймін. Себебі – аяқтарымды жақсы көремін, құрметтеймін және шүкіршілік етемін!

Айжан Құттыбаева: "Өзіме «сен» десем де, аяғыма «сіз» деймін"

Мен аяғымнан ғана айырылмадым…

Ақсақтығыма қарамастан алақанында аялаған асыл азаматымнан айырылдым. Менің өмірімдегі екінші ауыр соққы осы болды. Өмір – өзен, ағады да кетеді, уақыт зулап өтеді. Ал екінші көтерген шаңырағым шаттыққа толды деп айта алмаймын. Жолдасым ащы суға алданып, маған қол жұмсап жүрді. Он үш жыл бойы шыдадым, бірақ амалым қалмаған соң ажырасып, екі баламмен бөлек кеттім. Паналайтын үйіміз жоқ. Айлық берер жұмыс та жоқ. Бар болғаны мүмкіндігі шектеулі жандарға төлейтін зейнетақымен күн көрдім.  Тоғыз жыл бойы қала аралап, пәтер жалдаумен жүрдім. Түн ұйықтамай тігін тіктім. Тулаған толқынға еңбек арқылы ғана төтеп бердім. Еңбек – менің бойтұмарым. Бүгінде еңбектің нәтижесінде бақыт басын иіп тұр.

Маңғыстау облысындағы «Бизнес 3 күнде» жобасы аясында өз кәсібімді бастадым. Тапсырыс алып, шеберлігімді салып, тапсырыс берушілердің талабына сай киім тігіп жүрмін. Үй алу үшін тоғыз жылдан бері кезекте тұрмын. Тек өз үйімнің болғанын қалаймын. Қазір әкімшіліктен бөлінген баспанасы жоқ, мүгедектерге көмек ретінде берілген пәтерде тұрып келемін. Ол үшін Маңғыстау облысы әкімдігіне өз алғысымды білдіремін.

Жанға сая болар қызым, қорғаным болар ұлым бар. Олар бала кезінен бастап маған қолғанат болып, еңбек етіп көмектесіп жүр. Сәл қиналып, ауырғанымды көрсе, бала жүрегі шыр етіп, жанымнан табылады. Мен – балаларыммен мақтанамын. Қызым Астанада оқып, жұмыс істейді. Ұлым – 8-сынып оқиды. Қазірден бастап бизнес бастаудың қыр-сырын үйреніп, оқып жүр. Ал өзім заманға сай білімімді жетілдіріп, түрлі курстарға барып, жаңашылдыққа ұмтылудамын. 2016 жылы мүмкіндігі шектеулі 15 қыз-келіншек болып Астана қаласына барып тігу/пішу курсын 2 ай оқып келдік.

Ендігі мақсатым – кәсібімді  дөңгелетіп, мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге тігін тігу шеберлігін тегін үйрету. Оларды да сан қилы қиындықтан қорықпауға, өздігімен еңбек етуге, жетістікке жетуге баулығым келеді. Нағыз байлық – еңбек пен қанағат, балаларыңның амандығы. Сондықтан мен – баймын. Жаным әлсіз болғанмен, рухым мықты. Кемдігімді сезінсем де, өзгеге күнімді салдырмай, еңсемді түсірмей жүру үшін алдыма мақсат қойдым. Аллаға шүкір, мақсатым мен арманым орындалуда.

Кейіпкер Айжан Құттыбаева ағысқа қарсы жүзген кеме секілді. Оның ерлігі – көпке үлгі. Ол – бүгінгі күннің батыры.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН