Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты elbasy.kz сілтеме жасап.

Басқосуға Саяси кеңес Бюросының мүшелері, Үкімет мүшелері, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция өкілдері, партияның өңірлік филиалдарының басшылары және олардың орынбасарлары, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты.

Кеңейтілген отырыста күн тәртібіне сәйкес партияның сайлауалды бағдарламасы мен съездерде қабылданған шешімдердің орындалу барысы, партия жұмысын жаңғырту және Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды.

Елбасы ел дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін партияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев сайлау заңнамасын реформалау нәтижелеріне тоқталып, қабылданған пропорционалды жүйе озық әлемдік тәжірибеге сай келетінін және демократияны дамытуға септігін тигізетінін айтты.

– Партия проблемаларды нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істеуі керек, сонда беделіміз де артады, халық та қолдайды. Экономика мен саяси даму бағытында көшбасшы атанған елдердің тәжірибесінен сабақ алғанымыз жөн, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

«Nur Otan» партиясының Төрағасы алдағы сайлаудың конституциялық мерзімде өтетіндігін тағы бір мәрте атап өтті.

– Қазір Үкімет пен бүкіл атқарушы билік білек сыбанып, «Nur Otan» партиясы мен жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды уәделерін орындауға, адамдардың нақты проблемаларын шешуге тиіс. Ең алдымен, өңірлерде жұртшылықпен тығыз жұмыс істеу қажет, – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды.

Атап айтқанда, Елбасы бағдарламаға сәйкес партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдауды, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыруды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырды.

– Партияның Мәжілістегі фракциясының жұмысын барынша күшейту керек. Бұл партия міндеттерін орындаудың және атқарушы органдарға ықпал етудің негізгі тетігі. Фракцияның мәртебесін көтеру үшін оның жетекшісі лауазымына Мәжіліс Төрағасы Нығматуллин Нұрлан Зайроллаұлын сайлауды ұсынамын. Ол Мәжілістің спикері ретінде алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және фракция жұмысын қайта жандандыру үшін барлық ресурстарды жұмылдыра алады, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізуді, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыруды және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды ұсынды.

– Қазіргі таңда «жаңа» медиа саласында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келеді. Жергілікті, қарапайым мәселелер республикалық деңгейге дейін көтерілуде. Қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасуда. «Nur Otan» өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуға тиіс, – деді партия Төрағасы.

Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел алдында тұрған экономикалық проблемаларға тоқталып, тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жаңа шаралар ұсынды.

Атап айтқанда, Елбасы бизнес үшін салық ауыртпалығын төмендету арқылы экономикаға салықтық ынталандыру тетіктерін енгізуді ұсынды.

– Сондай-ақ, бюджет саясатын қайта қарау қажет. Мемлекеттік сатып алулар ашық емес және сыбайлас жемқорлық жаппай белең алған салаға айналды. Құны 1,8 триллион теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алулардың 65 пайызы бір көзден жүзеге асқан. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңды өзгерту керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Президенті белсенді сауда саясатын жүзеге асыру және қаржы секторын тұрақтандыру шараларын қабылдаудың  маңыздылығын атап өтті.

– Қазіргі таңда жасанды интеллект алдыңғы қатарға шықты. Оны тіршіліктің барлық саласына енгізу ауқымы жағынан уранның бөлінуі туралы жаңалықты ашумен тең. Жасанды интеллект денсаулық сақтаудан бастап, өндіріс пен қаржы секторына дейінгі барлық саланы түгел трансформациялайды. Жасанды интеллект жаңа әлемдік тәртіп орнатып, жаңа жаһандық көшбасшылар мен аутсайдерлерді айқындайды. Сондықтан біз оны қолдау үшін қазірден бастап ауқымды және жүйелі шаралар қабылдауымыз қажет, – деді партия Төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбаев жасанды интеллектіні жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін заңнамалық база әзірлеуді, сондай-ақ, осы саланы кәсіпкерлік және ғылыми тұрғыдан қолдау үшін экожүйе қалыптастыруды ұсынды. 

– Партияның күнделікті жұмысын айтарлықтай жандандыру керек. Біз үлкен деректер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халықтың сұранысына алдын ала жауап беруді үйренуіміз керек, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, отырыс барысында Партия Саяси кеңесі Бюросының жаңа мүшелері ретінде «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі және «Жас Отан» жастар қанатының көшбасшысы Д.Кәрібек сайланды.