Әбіш оқулары

Бүгін Ақтау қаласында «Әбіш оқулары» ІІ республикалық байқауы басталды. Байқаудың ашылу салтанаты Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында өтті. Оған елдің әр аймағынан 97 оқушы келді. Қатысушылар 4 бағыт бойынша сынға түсіп жатыр, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Сайыс Маңғыстау облысының білім басқармасы мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен екінші мәрте өткізіліп отыр. Негізгі мақсаты — мектеп оқушылары арасында Әбіш шығармаларын насихаттау, олардың шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын дамыту.

Аталған байқауға Нұр-Сұлтан қаласынан, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Қызылорда, Қостанай, Шығыс Қазақстан облысы мен Батыс Қазақстан облыстарынан 97 қатысушы келді. Байқау барысында жазушының «Теңіз жағасындағы ой», «Әке», «Археолог», «Үркер», «Махаббат мұнарасы», «Шыңырау», «Абылай хан», «Көлденең көк атты», «Ханша дария хикаясы» атты тарихи оқиғаға толы, адамгершілікке, өшпес құндылықтарға баулитын кесек туындыларынан сахналық қойылым қойылып, прозасы мен поэзиясын мәнерлеп оқылды. Сондай-ақ қаламгердің шығармаларын жан-жақты зерделеді. Сонымен қатар қаламгер еңбегіне арқау болған тақырыптарды иллюстрациялық суреттер арқылы бейнеледі.

Аталған байқауға облыстық білім бөлімінің қызметкерлері, өнер майталмандары мен тіл мамандары төрелік етіп отыр. «Әбіш оқуларында» жеңімпаз атанған жастар арнайы диплом мен бағалы сыйлықтарды иеленеді. Ал байқаудың қорытындысы ертең 22 мамыр күні шығады.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН