Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

Кеше Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтіп, күн тәртібінде аймақ дамуындағы маңызды мәселелер қаралып, түйткілді тақырыптар талқыланды.

Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық айма­ғын дамыту мәселелері жайында «Ақтау теңіз порты» АЭА АҚ өкілі Саян Бейсенғалиев ба­яндама жасады.

«Біздің порт бойынша инвестицияның жалпы көлемі 98,5 млрд. теңге, оның ішінде шетел инвесторларының көлемі 50,5 млрд. теңгені құрайды. Өндіріс көлемі – 31 млрд теңге. Бюджетке түсетін салық көлемі – 25,4 млрд. теңге. Бүгінгі күнде бізде 9 жоба іске асырылу үстінде. Оның ішінде 2019 жылға 6 жоба жоспарланған. Құны 19 млрд теңгені құрайтын бұл жобалар арқылы 364 жаңа жұмыс орны ашылады. Тағы 73 млрд. теңге қаражатқа 365 жұмыс орнын қамтитын үш жобаны 2020­-2021 жылдары жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта үш ірі инвес­тор жобасын қолға алып отырмыз. Соның бірі Westgasoil PTE.LTD жобасы аясында 76 млрд. теңге инвестиция тартылады және 6 500 жұмыс орны ашылмақ», – дейді С.Бисенғалиев.

Оның айтуынша, Ақтау теңіз порты бойынша West­gasoil PTE.LTD жобасынан бөлек, мұнай өндірісі және геологиялық барлау құрал-­жабдықтарымен айналысатын «Эверест Техно» ЖШС, сондай­-ақ сорғы штангаларын әзірлейтін «Техногран-Ақтөбе» ЖШС жобалары бар.

«Биыл алғашқы тоқсанда біздің жобаға қатысушыларымызға қатысты 50 қатынас болды, оның әрбіріне қатысты тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар осы уақыт аралығында 4 меморандумға қол жет­кізілді. Екі республикалық форумға қатыстық. Ал түйінді мәселеге келер болсақ, арнайы эконо­микалық аймаққа кіретін темір жолдың қиғаштығы мәселесі шешімін таппай тұр», – дейді сөз соңында С.Бисенғалиев.

Маңғыстау индустриялық аймағын дамыту мәселелері де – өңірдегі өзекті міндеттердің бірі. Бұл туралы аппарат жиынында «Маңғыстау индустриялық паркі» ЖШС директоры Ерлан Әубәкіров айтып берді.

«Индустриялық аймақ мемлекет та­рапынан жекелеген секторларға қолдау көрсету мақсатында құрылды. Бүгінгі күнде индустриялық аймақ паркі терри­ториясы бойынша әр түрлі бағыттағы 9 кәсіпорын бар. 19 мың шаршы метр жер жалға берілді. Индустриялық аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жаңа өндіріс орындарын ашуға оңтайлы болмақ. Қазіргі таңда комиссиядан өткен 5 жоба жоспарға алынып отыр және іске асыруға дайын», – дейді Ерлан Аймұрзаұлы.

Оның айтуынша, 2018 жылы индустриялық парк аумағында 998 млн. теңгені құрайтын 9 жоба қолға алынып, ол өз кезе­гінде 121 жаңа жұмыс орнын ашуға сеп болды. Биыл тағы 1,2 млрд. теңге қаражатқа 170 жұмыс орнын қамтитын 5 жоба жасақталып отыр.

Аппарат жиынында Маңғыстау облысында жазғы ка­никул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақыты және іспен шұғылдануын ұйымдастыру мәселелері жайында облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев баяндады. Оның сөзінше, биыл мектеп оқушыларының жазғы демалысында 16 демалыс ныса­ны әзірленбек. Жалпы саны 319 балаларды сауықтыру орындары бар.

«Биыл балалар «Балдәурен», «Фламинго», «Алау», «Ақбөбек» демалыс орындарына барады, сондай­-ақ мектеп жанынан 89 демалыс, 102 кәсіптік, 124 палаталық спорттық киіз үй лагері ұйымдастырылады. Облысымызда 23 мың көп балалы ана болса, 8 мың мектеп жасындағы әлеуметтік аз қамтылған оқушы бар. Олардың барлығына да тиісті жағдайлар жасалып, жазғы демалыстарын жақсы өткізуге мүмкіндіктер беріледі. Жазғы демалыс аясында туризм бағыты бойынша 3 күндік саяхат, 10 маршруттық жорық бойынша экскурсия ұйымдастырылады», – дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар оқушыларға жазғы демалыс кезін­де «Өз жеріңді танып біл» және «Демалыс күнгі сая­хат» жобасы да ұсынылады. Биыл 33 036 бала спорттық жиындарға, 46 229 бала аула клубтарына, IT сынып­тар мен робототехника үйірмелеріне және 31 527 бала еңбекпен қамту бағытындағы еңбек отрядтары мен «Жа­сыл ел» бағдарламасына тартылмақ. Сондай-­ақ 22 072 бала танымдық бағыттағы «Жасұлан», «Жас қыран» мек­тептері, тілдік лагерьлер және дебаттық үйірмелерге жол­дама алады. Осы ретте аймақ басшысы Ералы Тоғжанов оқушылардың жазғы демалыстарында теңіз жағасында жоғары деңгейде лагерьлер ұйымдастыру мәселесін тап­сырды.

Жиын соңында облыс әкімі күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша тапсырмалардың орындалуын тиісті мекеме басшылары мен өкілдеріне қатаң міндеттеді.

Жайық НАҒЫМАШ