Жаңаөзенде «Бизнес 3 күнде» жобасы аясында «Жақсылық жаса» үндеуімен жәрмеңке өтті. Аталған шара 126 отбасының жетістіктеріне, бренд өнімдеріне арналды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Өңірімізде облыс әкімі Е.Тоғжановтың бастамасымен «Бизнес 3 күнде» жобасы бастау алған еді. Жобаға күн көріс жағдайы төмен көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар және асыраушысынан айырылған жалғыз басты көп балалы аналар қатысты. Бүгінде олар аз уақыттың ішінде үй жағдайындағы кәсібін дөңгелетіп, табыс тауып отыр. Жобаға қатысушы Ерғожа Төлегенұлының айтуынша, халыққа шұбат, қымыз, құрт өнімдерін ұсыну арқылы бір күнде кем дегенде 10000 теңге табады. 1 айда шамамен 300 мыңға дейін табыс болады деп есептейді. Осы орайда облыс әкіміне ол өзінің алғысын білдірді.

«Үш күнде бизнес ашу жобасын қолға алып, бастама көтеріп кәсіп көзін табуымызға мүмкіндік беріп, қолдау білдіргеніңізге рақмет айтамын», — дейді ол.

Ал екі күн ішінде өз кәсібін бастаған Гүлжамал Көбенова әлеуметтік жобаның тиімділігін сезінуде. Ол күнделікті тауарын супермаркеттерге жөнелтіп, жеке тапсырыстарды орындайды. Осылайша күніне 20-25 мың теңге табыс тауып отыр.

««Бизнес 3 күнде!»  жобасына өтініш білдіріп, «Айдай» нан өнімдері атауымен өз кәсібімді бастап кеттім. Бастапқыда жоба үйлестірушілері үйге келіп түсіндірген кезде, бұл қандай жоба? Неге несиесіз, кепілсіз дегенде өтірік деп ойладым. Шын мәнісінде бір аптадан кейін хабарласып, керекті құрал-жабдықтарымды алып берді. Қуанышымда шек болмады. Қазіргі таңда кәсібімді бастадым. Осы орайда жоба үйлестірушілеріне және қолдау білдірушілерге үлкен алғысымды айтамын. Осындай әлеуметтік жобалар көп болсын, абыройларыңыз арта берсін!», — дейді Қызылсай ауылының тұрғыны Гүлжамал Көбенова.

Бүгінде Жаңаөзен қаласының тұрғындары аз уақытта «AliTort»,«Xanbibi», «Ozen nan», «Райымбек», «Аян», «Теңге самсасы», «Әлинұр», «Арай» секілді 126 жаңа бренд атауын шығарды. Шара барысында облыс әкімі аталған тауар түрлерімен танысты. Сондай-ақ «әр адам өзіне сенуі керек, өзіне сенген адам ғана отбасының, елдің сеніміне айналады», — деп облыс әкімі қатысушыларды жігерлендіріп, кәсібіне сәттілік тіледі.

Жәрмеңкеге жиналған тұрғын көп. Барлығы қызығушылықпен таза өнімді алуға, қолдан жасалған бұйымды пайдалануға асық.

«Бүгін жаңаөзендіктер үшін айтулы мереке. Үлкен той. Жобаға қатысушылардың өнімдеріне халықтың сұранысы көп, қошеметі де ерекше. Бұл — біз үшін жетістік. Әртүрлі тауарларды, яғни, жаңа туған сәбиге арналған киімдерді, төсек жапқыштар мен кәде-сыйларды, нан өнімдері, тәттілердің түр-түрі, әшекей бұйымдарды жұртшылық тиімді бағада, көзтартар үлгіде сатып алуда», — дейді А.Нұрланова.

Қазіргі таңда тауарларды сатылымға шығару мақсатында базарлардан 50-ден астам орын тапқан. Енді бұл тауарлардың барлығын базардан көретін боламыз.

Жалпы Жаңаөзенде жұмыспен қамту кешенді түрде жүзеге асуда. Қала, ауыл тұрғындарының арасында жұмыссыздық мәселесін шешу масатында жыл басынан бері барлығы 2159 адам әлеуметтік шаралармен қамтылды. Оның 350-і «Өзенинвест» ЖШС орналасқан. 104 адам өндірістік салаға, 40 көлік, 61 шағын және орта бизнеске, 382 адам бюджеттік салаға, 15 әлеуметтік жұмыс, 55 коммуналдық және 1020 азамат қоғамдық жұмыспен қамтылды. Ал 130 азамат Ақтау қаласына қоныс аударуға ниет білдіріп, жұмыспен қамтылуда.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА