Ақтау суреттер көрмесі

«Қала тарихынан естелік сәттер». Дәл осындай тақырыппен бүгін Ақтау қаласында шаһардың 55 жылдығына орай «Абай» мәдени-демалыс кешенінде суреттер көрмесі өтті. Көрме-сайысқа Ақтау және оның тұрғын­дары, қаланың құрылған сәтінен бергі тарихы бейнеленген суреттер ұсынылыпты.

Байқауда екінші орынды белгілі сәулетші, Маңғыстау мәдениеті мен өнері саласының ардагері, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мақсұт Нұрқабаев жеңіп алған. Ол Ақтау қаласының 55 жылдығына орай көрмеге 40 сурет ұсыныпты. М.Нұрқабаев жұмыс барысымен Маңғыстаудың түкпір-түкпірін аралаған кезде сирек кадрларды суретке түсіріп алуды әдетке айналдырған. Тек, осыдан 6 жыл бұрын ғана кәсіби фотоаппарат сатып алып, суретке түсіруге шындап ден қойыпты.

Ақтау суреттер көрмесі

«Басында Маңғыстаудың қайталанбас табиғатын, ерекше көріністерді түсіріп жүрдім. Содан кейін құстарды түсіре бастадым. Бұл да өте қызық тақырып», — дейді Мақсұт Сұлтанұлы.

Осыдан үш жыл бұрын оның «Менің Маңғыстауым» атты алғашқы фотокөрмесі өткен болатын. Оның айтуынша, фотографтың көпшілік байқамайтын қарапайым көріністерді көре білетін нәзік түйсігі болуы керек.

«Әрбір адам өзінің туған жерін қызығуы тиіс. Туған жеріңнің әдемілігін, оның терең тарихын білгенің — арқа сүйейтін тіренішің сияқты», — дейді ол.

Ал Ақтаудың 55 жылдығына орай өткен фотокөрмеде 1 орынды Виктор Малюк жеңіп алды. Оның фото түсіруге деген қызығушылығы 2 сыныпта оқып жүрген кезде әжесі таспалы «Любитель-2» деп аталатын фотоаппаратты сатып әпергеннен басталған.

«1960 жылы әкемді жолдамамен осында жіберді. Мектепті Ақтауда тәмамдап, әуесқой фотосуретші болдым. Суретке түсіруді Бунимовичтің «Фотоға түсірудің 25 сабағы» атты кітабына қарап үйренген едім», — дейді В. Малюк.

Ақтау суреттер көрмесі

Ұзақ жылдар әр түрлі кәсіпорындарда фотограф болып жасаған, қазір зейнетте әрі мұражайда еңбек етеді. В. Малюк фотокөрмеге осы жылдар ішінде түсірген Ақтаудың тарихи суреттерін ұсынған. Олардың ішінде түбекке алғаш келген «Мақат-Шевченко» пойызының келуі, қалада өткен алғашқы мерекелік шерулердің көрінісі де бар. В. Малюк әлі де көптеген суреттерінің таспамен сақталғанын, қазір оларды сандық жүйеге айналдырып жүргенін де жеткізді.

Айта кетелік, «Абай» мәдени-демалыс кешенінде «Каспий көкжиегі» жергілікті қылқалам шеберлері жұмыстарының көрмесі де өтіп жатыр. Бүгін түстен кейін қаланың тарихынан сыр шертетін «Астана – ұлы дала жүрегі, Ақтау – теңіз жолы, тірегі» атты мұрағаттық көрмесі өтеді.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз