Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Ралли Казақстан — 2017» алғашқы этабын өткізді. Сайыс Ақтау қаласынан Форт-Шевченко бағытындағы 35-шақырымнан бастау алған еді. Өңірді қалың тұман басуына байланысты этап белгіленген мерзімнен екі жарым сағатқа кешікті. Дегенмен жарыс күні өте сәтті өтті деуге болады.

Қатысушылар рет бойынша әрқайсысы екі минут сайын жарыс жолына аттанып отырды. Шығарып салушы топ оларды мәре сызығында күтті. Автошабандоздар барлығы 337 шақырым жарыс жолын артқа тастады. Оның 268-і нағыз тартысқа толы бәсеке кезеңі болды. Араға 2 сағат 35 минут салып ең бірінші жолға шыққан катарлық Nasser Al-Attiya бастаған экипаж финишке жетті. Ал тоғызыншы ретпен жолға шыққан маңғыстаулық экипаж бесінші болып мәре сызығын кесті. Бірақ әзірге сайыс қорытындысы жарияланған жоқ.

-Таңертең аздап ауа райы қолайсыздық тудырғаны болмаса, бүгінгі жарыс күні қызықты өтті деуге болады. Қалың тұман салдарынан тікұшақ әуеге көтеріле алмады, жарысты бастау үшін тұманның басылғанын күтуге тура келді. Спортшылардың жағдайы жақсы, бірақ жол үстінде бір-екі автомобиль бұзылды. Техникаға ештеңе істей алмаймыз ғой. Мен негізі бұл жарыстың ұйымдастырушыларының бірімін. Бірақ бұл жолы қатысушылар қатарындамын. Сол себепті жолды, бағыттарды дайындауға араласқан жоқпын. Олады ұйымдастырушы топтағы өзге қызметкерлер дайындады,дейді қатысушылардың бірі, ҚР Автомотоспорт Федерациясының президенті Марат Әбіқаев.

Марат және ұлы Нұрсұлтан Әбіқаевтардың экипажы финишке жетер тұста жылдамдығын бәсеңдетіп, жанкүйерлерді біраз алаңдатқан болатын. Бұл жайында пилоттың өзінен сұрағанымызда:

-Шынымды айтсам, жылдамдықтың азайғанын байқамаппын (күліп). Бұл қалыпты жағдай. Біз жолды білмейміз, алғаш рет жүріп отырмыз, онда қауіпті ойыстар болуы мүмкін.  Солардан сақтану үшін жылдамдықты бәсеңдетеміз, — деп жауап берді.

Сондай-ақ, жарыстан соң көлігін тұраққа әкеліп, дамыл алып отырған сәтте шетелдік сайыскерлерді де сөзге тарттық:

-Спорттық көлікте сыртқа көз жүгіртіп, өлке табиғатын тамашалап үлгермедік. Алдымыздағы жолды ғана көре аламыз. Дегенмен теңіз көріністерін көзім шалып қалды. Өте керемет! – деп, жарыс аяқталған соң чехиялық автошабандоз Мирослав Заплетал өз әсерін жеткізді.

Әлемдік жарыстың елімізде, облысымызда өтіп жатқанын ақпарат құралдары арқылы, таныстары  арқылы естіген тұрғындар бірте-бірте жарыс алаңында бой көрсете бастады.  Олардың жүректеріндегі патриоттық рухты, жүздеріндегі жалынды байқаған біз пікірін сұрамай өте алмадық.

-Жаңа ғана достарымнан естідім жарыс болып жатқанын. Сосын бала-шағаммен, достарыммен бірден осында келдік. Жарысты тамашалап, қазақстандық, оның ішінде маңғыстаулық қатысушыларға қолдау көрсетіп, жанкүйер болып тұрмыз. Осындай шаралар елімізде көптеп бола берсін, сонда жастардың, халықтың спортқа деген қызығушылығы арта түседі. Жарыс өте жақсы өтуде, бізге ұнап жатыр, — дейді Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Талғат Көшбаев.

Өткен жылғы Әлем Чемпионатында үздік ондыққа ілінген Юрий Сазонов бастаған экипаж сайыстың алғашқы күнін сәтті аяқтады деуге толық негіз бар. Оған жерлесіміздің мына сөзі дәлел: — Старттан финишке дейінгі аралықтағы әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жолды өте жақсы жүріп өттік. Өзге қатысушылардан да естіп жатырмын, жол өте ыңғайлы болды. Бүгінгі күн тез өтіп кетті, ертеңгі жарысты асыға күтудеміз. Ешқандай қиындық болған жоқ. Оның үстіне, алғашқы жарысым емес. Раллидің барлық V этабына да қатысу мүмкіндігіне ие болып келемін. Өз өлкемізде жүргендіктен, жарысып емес, шабыттанып, рахаттанып қайттық десе де болады. Спортшыға бұдан артық не керек? Мен өз үйімде жүрмін, сондықтан жеңгім келеді, жеңіс тұғырына табан тірегім келеді, — деп жымиды Юрий Сазонов.

Естеріңізге сала кетейік, «Ралли Казақстан — 2017» 20-26 мамыр аралығында Маңғыстау өңірінде өтеді. Сайыс алты этаптан тұрады. Оған  әлемнің 15 елінен (Казақстан, Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар, Ресей, Украина, Польша, Литва, Германия, Чехия, Белоруссия, Нидерланды, Словения, Франция) 25 экипаж (50 спортшы) қатысып жатыр. Алда әлі 5 этап бар. Шабандоздарға сәттілік тілейміз.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Сурет және бейнежазбаны түсірген автор

Ақтауда Ралли рейд Әлем Кубогының I этабы аяқталды (ФОТО, ВИДЕО)Ақтауда Ралли рейд Әлем Кубогының I этабы аяқталды (ФОТО, ВИДЕО)Ақтауда Ралли рейд Әлем Кубогының I этабы аяқталды (ФОТО, ВИДЕО)Ақтауда Ралли рейд Әлем Кубогының I этабы аяқталды (ФОТО, ВИДЕО)Ақтауда Ралли рейд Әлем Кубогының I этабы аяқталды (ФОТО, ВИДЕО) Ақтауда Ралли рейд Әлем Кубогының I этабы аяқталды (ФОТО, ВИДЕО) Ақтауда Ралли рейд Әлем Кубогының I этабы аяқталды (ФОТО, ВИДЕО) Ақтауда Ралли рейд Әлем Кубогының I этабы аяқталды (ФОТО, ВИДЕО)Ақтауда Ралли рейд Әлем Кубогының I этабы аяқталды (ФОТО, ВИДЕО)Ақтауда Ралли рейд Әлем Кубогының I этабы аяқталды (ФОТО, ВИДЕО)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз