есірткі

Жуырда М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда «Есірткісіз әлем» тақырыбында халықаралық акция өтті.

Аталған акция 2001 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қытай және Ресей елдерінің көшбасшылары құрған Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде ұйымдастырылды. Ұйым мақсаты – экономикалық, әлеуметтік, саясат байланыстарын дамытудан бөлек әлем дертіне айналған есірткі саудасына қарсы күресу. Осыған байланысты Маңғыстау облысының ішкі істер департаментінде есірткі саудасымен күрес жөніндегі арнайы басқарма құрылып, жұмысқа білек сыбана кіріскен. Олар өткен жыл мен 2017 жылдың басында 350-ден астам есірткімен байланысты қылмыс анықтап, 300 келіден аса есірткіні заңсыз айналымға жібермей, дилерлердің жолын кесті. 4 ұйымдасқан қылмыс топтарын әшкереледі. Бүгінде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге есірткі сатумен айналысқан, есірткіні заңсыз айналымға жіберген қылмыскерлерге жазаны қатайтып, 6 жылдан бастап өмір бойы бостандықтан айыруға дейінгі ауыр жазалар белгіленген.

— Нашақорлық — ел келешегіне балта шабатын, адамның жан дүниесі мен  денсаулығына, қауіпсіздігіне төнген алпауыт қауіп-қатер. Нашақорлыққа қарсы күрес – ғаламдық мәселе. Адамды құрдымға түсірер тажал. Сондықтан есірткісіз әлемге қадам басып, дені сау қоғамда өмір сүру үшін баршамыз бірлесіп, темір торға тоғытар не ажал аузына апарар бұл дертке қарсы күресуіміз қажет,-деді облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Алтынбек Тұрарұлы.

Оның сөзіне облыстық наркологиялық диспансердің нарколог дәрігері Сымбат Қайратқызы да қосылып, жастарды есірткіден аулақ болуға, бос уақыттарын спортқа бөліп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Ал спортты серік етіп, республикалық және халықаралық дәрежеде жеңіс тұғырынан көрінген, жұлдыздары жанған былғары қолғап шебері Ердос Жаңабергенов және каратэші Гаухар Чайкузова жастарға денсаулық – адамның басты байлығы екенін, оны сақтау үшін спорт үйірмелеріне қатысып, дұрыс тамақтану керектігін, жастық шағын күйзеліспен, құлдыраумен емес өсумен, оқумен өткізу қажеттігін айтты.

Одан соң акция қатысушыларына есірткінің адам ағзасына әсері туралы бейнеүзік ұсынылды. Онда ертеңгі ел тізгінін ұстар – жас ұрпақтың есірткіні пайдаланып, ессіздікке бой алдыруы, өз өміріне және қоршаған ортаға қауіп туғызуы көрсетілді. Сондай-ақ шара аясында спорт мектептерінің шәкірттері шығып, өнерін ортаға салды. Шығыс жекпе-жегін меңгерген спортшылар, кішкентай гимнасшілер спорттық қабілетін паш етіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, көрермен көңілін серпілтті.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

IMG_8256 IMG_8270 IMG_8285 IMG_8296 IMG_8304 IMG_8306 IMG_8309 IMG_8260

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз