Медет Дүйсенов

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Медет Дүйсенов енді әзіл-оспақ отауына да ат басын бұрыпты. Езудегі емеурін астарында күнделікті өмірде кездесіп қалатын көлеңкелі көріністер мен түрлі-түрлі тіршілік түйткілдері жатқанын түйсінесің. Қысқа қайырымдар мен қисынды айтылған әдемі әзілдер күлкі шақырып қана қоймай еріксіз ойландырады. Автор – айтар ойын жеңіл юмормен әдіптеп, мегзей айтып жеткізуге шебер.

Дайындала берің…

Баяғының шалдары «адамды мал өлтіреді» деп мәтел­деп отырғанда мән бермеуші едік. Мүмкін, бұл күнкөріс көзі болған малды бағудың оңай еместігін, қиындық­-азабын меңзеп айтқандары шығар. Ал біздің Әл­пештің айтары басқа «адамды мал өлтірмейді, бала өлтіреді» дейді.

«Қойшы, қайдағыны айтпай» дей­міз ғой баяғы.

– Қоятыны жоқ. Қаны сорғалаған шындық, шырағым. Малдан не зиян көрдің? Етін жейсің, артылғанын сатасың. Қазы­-қарта, жал­-жаясын жеп, шұбатын іші­-і-­іп жатасың… Ал бала болса ше, жүйкеңе ши жүгіртеді ғой, ши…

Бала демекші, Әлпеште бақандай бес ұл бар. Кішкентай күндерінде түк қиындығы жоқ сияқты еді. Езуіне емізікті тығып тастап, жұмысыңды жасап жүре беретінсің. Есейгендері, есі кірмегендерге «кәмәндір» бо­лып үйде қалатын. «Қызығы» кезек күтіп, кейінде тұр екен ғой. Әлгілер, Әлпештің өзімен бірдей болып со­райып­-сорайып шыға келді де, бітіп болмайтын, ішектей шұбатылған «шытырман» оқиғалы «телесериал» басталды да кетті. Олары кейбір оңған қызық дейсің, қайсыбірін ай­тып, тауысарсың…

Қашанда, қанатын жайып бала­пандарын қорғаған құстай болып шыр­пыры шығатын – Әлпеш пен әйелі. Талыстай романның тараула­рындай тармақ-­тармаққа бөлініп, желі тартып кете береді.  Соның бір тармағының тамырын тартып көрейікші, сол да жетер…

…Түн ортасы. Үй-­іші ұйқының ұйығына батып кеткелі қашан. Әлпештің әлпештеп өсірген балда­рының біреуінен басқасы түгел. Сирақтарын тырнадай созып алып, тырайып-­тырайып жатыр. Бір мез­гілде, Әлпештің жастығының жа­нындағы ұялы телефоны  бебеу­лей жөнелді. Жаны шығып бара жатқандай қайта-­қайта безілдейді. «Түн ортасы ауғанда тыныштық бер­меген бұ кім болды екен?» деп төсін тыр-­тыр қасып, тыңдаса – Жанкеш! Бірдеңе бүлдіріп қойды ма деп жүрегі «зырқ» ете түскен  Әлпештің онсыз да адырайған көз­дері алақандай болып: – Жаның шыққыр Жанкеш­-ау, жайшылық па әйтеуір?

— Дайындала берің! Келіншек әкеле жатырмын.

— Не дейд!?.. Алдын ала айтқа­ныңда ауызың қисайып кететін бе еді, о, несі­-әй! Құдайдың қу жарығы бұйырмай, түнде тықақтағаның қай сасқаның. Атаңның басын дайын­-дайын ба, жеті түнде?

— Енді… Қайтейін, солай болып қалды…

Аңтарылып қалған Әлпекең өз­-өзіне келіп, қауғадай басының қа­уашағын жұмыс істете бастады. Әуелі әйелін түрткілеп тұрғызып алды да «төтенше хабарды» құла­ғына құйып, содан соң, сорайып жатқандардың ішіндегі «осы қа­лай» пысықайларын оятып, иін қандырып, қайта-­қайта пысықтап тапсырмалар берді. Қараңғы түнде қаңғалақтап жүріп, дүкеншінің үйі­нің есігін қаққылады. Солай да со­лай…

Ақыры дүкенді аштырып, ақыр заман келіп аштан қататындай, ащысы бар, тұщысы бар, тамақтың түр­-түрін дән тасыған тышқандай үйіне  қарай балаларына тасы­та берді, тасыта берді… Түн ор­тасынан ауа отырмақ… Ертесіне құданың алдынан өту… Беташар… Жалпы той… Жастардың кеші… Құдаларды шақырып, қарсы алу тойы… Көрші­көлемді шақыру… Қыздың төркін жұртына бару… Тәтті шәй… тағысын-­тағылар тір­кесіп, тәлтіректетіп барып сап тиыл­ды. Арқасынан ауыр жүк түскендей болған Әлпеш, еңсесін тіктеп, ел қатарлы жүріп жатты.

…Тағы да түн ортасы. Әлпештің ұялы телефонының шырылы әзіре­йілдей әкетіп барады.

— Әләу, бұл кім? – деді, ұйқысын аша алмай ұйқы-­тұйқы болып отыр­ған отағасы.

— Бұл, мен ғой… Тәңкеш… Дайын­ дала берің! Келіншек әкеле жатыр­мын.

— Ау, ертерек ескертіп, айтып қой­маймысың? Құдды біріңнің аузыңа бірің түкіріп қойғандай. Түннен басқа, күн барын білемісің? Күн, күн!.. Тәңкеш болмақ түгілі «тан­кі» болсаң да, күн шыққанша кідіре тұр. Көйлек-­дамбалымызды тауып алып, адам қалпымызға келейік. Сосынғысын, асықпай көрерміз! – деп Әлпештің талағы тарс айрылды. Баяғы алашапқынның бәрі қайта  басталып, соңы сұ­йылып барып сая­бырсыған сәт­те, Әлпештің ұялы теле­фоны тағы да «ойбайлады».

–    «Әләу» деді, ойында ештеңе жоқ Әлпекең жайбарақат.

– Папа, Кәлкешпін. Дайындала берің, келіншек әкеле жатырмын! Тәңкештің той­томалағын аяқта­ ғаны жаңа ғана. Кәлкештің, бұл қай қылығы, ей!? Түңілетіндей не боп­ты, түн іші емес қой әйтеуір, бірдеңе қылармыз, – деп өзін-­өзі іштей жұ­батқан Әлпеш, «әкеле бер!» деді абыржыған күйі.

Миында «Дайындала берің!» деген сөз дың-­дың етеді.

Еріккеннің ермегі

Сиқым совхозда май құю­шы болып істейтін.

Май құятын орын «га­раждың» қасында тиіп тұр. Кісі бойынан асатын үлкен­-үлкен екі­үш темір бөшке мен май құятын жалғыз «колонка» – бары осы. Кел­ген мәшіндерге май беріп тастап, арқасын аулаға тіреп күншуақта маужырап отыр. Әншейінде бірінен кейін бірі «ырылдап» келіп ырбиып тұрып алатын мәшін жоқ. Жым­-жырт. Әбден іші пысты.

Екі көзі үңірейген  індікештер­де. Ірілігі мысықтай суырлардың секеңдеген қимылдарын қызықтап қараумен болды. «Тышқанның іні­не май құйып көрейінші» деген бір ой санасында жылт ете түсті де, ше­лек толы бензинді алып барып, ал­дында тышқан кіріп кеткен інге құя бастады. Құйғаны іннің жұмырына жұқ болатын түрі жоқ, жеті басты жалмауыздай қылқылдатып жұтып жатыр, жұтып жатыр… Қалтасынан сіріңке алып шағып, іннің ішіне от берді. Құдай басқа салмасын, бір мезетте үсті­-басы лаулап жанған бір суыр іннен шыға сала құдайдың қу даласы жетпегендей тұп­-тура бензин толы бөшкелерге қарай тар­тпасын ба. Сиқымның зәресі зәр түбіне кеткені соншалық, жолды кесіп көлденең құйғытқан киіктей тышқанның алдына қарай айғайлай жүгіріп, қос алақанымен жердегі топырақты жандәрмен бұрқырата шашумен болды.

Айналасын ала шаң қылып, жер тырналаған иттей жанталасқан бей­ мәлім «жануарға» жолағысы кел­мей жалт бұрылған тышқан тап кел­ген інге кірді де кетті. Сиқымның сиқы адам аяғандай. Борбайынан ащы тер сорғалап, борша­-бор­шасы шыққан. Оның үстіне бет­ ауызы бес батпан топырақтан кісі танығызсыз күйге түскен. Ырсыл­дап, ентіге демалып әлгі тышқан кірген інге келіп, ауызын нән қара таспен бастырып тастап «уһ» деді, иығынан ауыр жүк түскендей.

Іннің бір емес, бірнеше жерде ауызы болады дегенді естігені бар, сол есіне түсіп май толы бөшкелер мен індердің аралығына келіп қонжиды. Осы кезде, екі аяқты көсіліп  қойып,  шынтақтай  жа­тып ішетін Шәлпиінің шәйінен де қағылды. Әр інге алақтай қараумен көздері талды. Жіпсіз байланып, мөлиіп отыр. Біліп бола ма, бір ін­нен бықсып шыға келсе…

«Груз» байлау

Терістік жаға беттегі малшы ауылдарын аралап, кешкісін Шытжада отырған «С» де­ген қойшының үйіне көлік соқты болып, шаршап­-шалдығып жеттік­ау.

Жайғасып, жағамыз жайлау бо­лып жатырмыз. С-­ның әйелі шәй берудің қамында жүр. Аяғында абажадай 45 ­размерлі кирзадан тігілген етік. Кіріп­-шыққан сайын, дүріс­-дүріс, тырып­-тырып, сырп­-сырп… Керсендей етікті көтеріп басудың өзі де күш екендігі көрініп­-ақ тұр.

Шаршаған тек біз бе десек, шар­шаудың көкесі осында екен. «Кө­зімізді уқалап, таң сәріде тұрған­нан қара кешке дейін мына әйелім екеумізге бір тыным жоқ, шарша­ғаннан сүрініп жығыламыз», – дей­ді С. Шаруаның қиындығын кесе көлденең тартып.

– Солайы солай ғой, бірақ анау әйеліңіздің аяғына пәлен кіләлық «груз» байлап қойғасын шаршамай қайтсін! – деді ішіміздегі тілінің ті­кенегі бар біреу.

Қонақтар еріксіз күліп жіберді.

Ана жақ, мына жақ…

— Ақсақал, сусын бар ма, шөлдеп келем.

— Е, неге болмасын, мә іше ғой. Қайдан келесің шырағым?

— «Ана жақтан».

— Ана жағыңның аты жоқ па, не­мене?

— Түрмеден.

— Қайда барасың?

— Мына жаққа.

— Ой, сөзің бар болсын. Мына жағың қай жақ өзі?

— Анау қыстаудағы қораның қиын аударуым керек еді, тапсырма солай.

— Е, бүргеге талануға барам десей­ші. Туған жерің қайда еді?

— Осы жер.

— Өзің бір қызық адам екенсің, «ана жақ» дегенің – түрме болды, «мына жақ» дегенің – бүрге бол­ды. «Осы жер» дегенің де көш жер шығар.

— Ақсақал «қызық адам» дегені­ңізге көп­-көп рақмет!
Мені ылғи да бұзық адам деуші еді…

— Ой, сөзің бар болсын, сөзің бар болғыр… «Қызық» дегеннің де қай­бір шекесі қызып тұрған сөз дейсің. «Түзік адам» деген сөз естуге ты­рыс!

Сендеймен сөйлеспейді

Алтыншы сыныпта (ол кез­де класс) оқып жүрген кезіміз.

Ақпан айы. Күн қақап тұр. Соңғы «дене шынықтыру сабағы бола қой­мас, таратып жіберер» деген есек дәмемізден ес кетті. Оқытушымыз Бекмұқан Былшықкөзов парталар­ды сынып бөлмесінің артқы жағына жинаттырып, ашық алаң жасап алды да «ұрысқа» дайындықты бас­тады.

Ол Ұлы Отан соғысына қатысқан, жау оғынан жарақаттанып «конту­зия» алған қатал мінезді кісі-­тұғын.

Қаз­-қатар тұрып Бекеңнің бұйры­ғымен иіліп­-бүгіліп, шалқайып­-талтайып тұрғанымызда, ышқына шыққан оқыс дыбыстан селк ете түскен оқушылар қимылдарын кілт тия қойды. Әлемтапырық иіс танау атаулыны лезде тауып алып жатыр. Дене шынықтырмақ түгіл, демалудың өзі мұң бола бастады. Есікті айқара ашып тастаған мұғалім «Айтыңдар, кәне қайсың?» деп ашу­лы көзімен тінте қарап, қатарды жағалай­жағалай «жарылыс болған жерге» жақындады. «Ұрының арты қуыс» демекші, кінәлі бала жайына қарап тұра бермей! – «Жел» шыққан жоқ ағай. Қолымды көтергенде, көйлектің қолтығы жыртылып кет­ті… – деді беті бүлк етпей.

— Соғыс кезінде сендей өтірікші­ мен сөйлесіп жатпайды, – деп Бекең қолын бір сілтеді.

«Тиексіз де тартуға болады»

Тиексіз күй тартып көрдіңіз бе? «Жоқ» дейсіз бе?

Ендеше біз тартқанбыз. Тартқанда да бір емес, бірнеше күй тарттық. Біз деп отырғаным: Сайлаубай, Рза және мен. Тиексіз тартысымыздың тарыдай ғана тари­хы бар еді, соны көлденең тартайын. Аудан орталығы Шетпе поселке­сінде болатын мерекеге байланыс­ты, үлкен концерттік бағдарлама дайындалатын болып, соған жер­жерден өнерпаздар шақырылды.

Таушық ауылынан оркестрге біз қатысатын болдық. Ертеден қара кешке дейін домбыраның екі іше­гіне тыным жоқ, бебеулетеміз де жатамыз. Жарты ай дайындалып, күткен күніміздің де төбесі көрінді­-ау. Концерт түстен кейін бастала­тын болып, түскі асқа тарастық.

Біз үшеуміздің қонақ үйіміздің тамағы «темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей» болғанда алдымызға келді де, апыл­-ғұпыл іше салдық. «Мәдениет үйіне» тойған қаздай мамырлап, маңғаз басып кіріп кел­сек, оркестр мүшелері орындарын­ да, домбыра қолдарында, автомат ұстағандай сіресіп отыр. Біздің домбырамыз тиектен жұрдай болып бұрышта бір­-біріне сүйеніп, жетім­сіреп тұр екен.

Біреу болса бірсәрі, бақандай үш күйшісі келмей іші күйіп тұрған аудандық мәдениет бөлімінің басты­ғы Сайком Еділханов: «Болыңдар, бастағалы жатырмыз, тез­-тез!» – деп жаналқымға алып, тықсырып бара­ды. «Тиегі жоқ домбыраны қалай тартамыз?» дейміз тартыншақтап.

— Тиексіз де тартуға болады, оты­рыңдар!

Бізді сахнаға жөнелтіп жіберіп, үлкен іс тындырғандай «уһ» деп Сәкең қалды. Тиексіз болған соң артқа жайғасайын десек, бос орын табылсайшы! Амалсыз алдыңғы қатардағы біз үшін қойылған орын­дықтарға «құдайдың басқа салғанын көрерміз» деп жалпиып-­жалпиып отыра кеттік, сырғып шымылдық та ашылды. Сырттай қараған адамға біз де жұрт қатарлы күй тартып отырған сияқтымыз. Қалай тартып отырғанымыз өзімізге де күмәнді.

«Сатай жобаға» саламыз. Сол қолдың саусақтары күй сарынына қарай жорғалап жоғарылы­-төмен жағалай береді де, оң қолымыз домбыраның шанағын сабалай бе­реді. Шынтақтың астында тиек бар ма, сүйек бар ма онда ешкімнің ша­руасы жоқ.

Әсіресе, «Адайды» тартқанымыз­ да рахат болды!

Жұрт сағаға жете алмай діңкесі құрып, жанығып жатқанда, біз төмен қарап шұқшимай­ақ қас­қағымда «қарақшыға» жыпылда­тып жетіп келеміз. Шертпе күй болса «шиіміз» шығатын жер ғой. Шанаққа жабысып жер бауырлап жатып алған ішекті тарту үшін саусақ емес, ілме қармақ керек шығар-­ау…

Шымылдық жабылып шығып бара  жатсақ, бір мың болғыр:   – «Сендердің қолдарыңа қараймын деп тартыстарыңа ере алмай пұшай­ман болдым. Күй тартыстарың ке­ремет екен, жігіттер!», – демесін бе.

— «Айтары бар ма! Тиексіз күй тарту дегеніңіз өнер тарихын да аса таланттылардың ғана еншісіне бұйырар ерекше құбылыс қой…» – дедік біріміз қарап тұрмай.

Әлгі жолдасқа қарасақ, аузы аңқиып тұрып қалыпты.

Медет ДҮЙСЕНОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз