Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

Құрметті теміржолшы, Құрмет орденінің, «Адал еңбегі үшін», «Үздік басшы» төсбелгісінің иегері, Мұнайлы ауданының Құрметті азаматы Қожахмет Уәзірге Тәуелсіздіктің 27 жылдық тойында өңір басшысы Ералы Тоғжанов «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» белгісін тақты.

Өмірін темір жолға арнаған ардагерге бұл марапат тегіннен тегін табысталмады. Қожекең болат жолдағы еңбекке бел шеше араласқан алғашқы күндерден-ақ бар күш-жігерін саладағы талай толымды істердің басы-қасынан болған жандардың қатарынан десек оғаш болмас. Соның арқасында түбек теміржолына төгілген маңдай тері елеусіз қалмады. Сала басшылығынан, жергілікті биліктен әр жылдары әртүрлі құрмет қошеметке ие болды. Өзі туып өскен өңірдің әлеуметтік экономикалық өркендеуіне лайықты үлесі қосылып, артында өзіндік қолтаңбасы қалды. Бұл марапат та соның бір айғағы.

Теміржолшылық кәсібін Маңғыстау жол дистанциясында қарапайым жол шеберінен бастаған Қ.Уәзір өзіне тапсырылған онан басқа да бірнеше мамандықтарды ширата әкетіп, түрлі басшылық лауазымдарына дейін көтерілді. Аталған дистанцияда басшының ғимараттар жөніндегі орынбасары, бас инженер, учаске бастығы, бастық, Атырау магистральдық жол бөлімшесінің Маңғыстау аймағы бойынша директорының орынбасары, Қазақстан салалық теміржолшылар кәсіби одағының Маңғыстау теміржол бөлімшесіндегі өкілі болды.

Қожахмет Шабайұлы басшылық қызметіне кіріскен жылдары теміржолда Р-43 рельсі екен. Шпалдар бір шақырымға 1600 данадан сирек жатқан. Мұндай жолмен ауыр салмақты пойыздардың жылдамдығын арттыруға болмайтын. Осыған орай 1987 жылдан бастап күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алған ол, Бейнеуден Маңғыстауға дейін 440 шақырымды ауыр рельс Р-65-ке ауыстырып, шпалдарды шақырымына 1840 данадан салғызған. Сонан соң пойыз жылдамдығы 40-тан 90-шақырымға көтерілген. Сондай-ақ «Тұрғын үй-91» бағдарламасы бойынша Маңғыстау ауданына қарасты №10 бекетке екі жанұялық сегіз үй, Шетпе станциясына сондай баспанадан үшеуін, Өзенде екі пәтерлі екі, Маңғыстау кентінде сегіз пәтерлі екі қабатты екі үй тұрғызу ісіне мұрындық болыпты. Осылайша қаншама жұмысшының басты әлеуметтік мәселесін шешуге араласқан. Маңғыстау өңірінде дербес теміржол бөлімшесінің ашылуына атсалысып, осы бастаманы көтерген топты басқарған.

 − Кім-кімге болса да кіндік қаны тамған жерінің мұндай атағын алу үлкен мәртебе. Зейнетке шыққаннан кейін адам «Мен еліме, жеріме не істедім?» деп көп ойланады. Жұмыста жүргенде нәпақаңды алдың. Бірақ соған қоса кімге қандай пайдаң тиді? Сенде сондай естеліктер бар ма? — дегенде шүкір «Бар» дей аламын екен. Есіме түсетіні институтта оқып жүргенмін. Әкем үш түйемізді пойыз қағып кеткенін айтты. Ол кезде онан үйге көп шығын келе қоймайды. Арам қатпаса, ауыл-ағайын малды сойып, етін сатып алатын. Дегенмен түйелердің боталары боздап қалды. Сол ойымнан кетпеді. Жалғыз біздің емес өзгелердің де малы солай болатын. Сондықтан теміржолға келгенде бірінші білек сыбана кіріскен шаруа СайӨтестен Маңғыстауға, Маңғыстаудан Өзенге дейін теміржолды қоршату болды. Түйе өтпейтіндей бес қатар қылып сым тартқанбыз. Тағы есімнен кетпейтін бір нәрсе — 1994 жылы ауылдас апаның ҰОС құрбандарына жаңадан орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатында айтқаны. Әкесі мен жақындарының аты жазылған мраморды ұстай жылап, қайта-қайта ризашылық білдіріп «Жұрт ең болмаса әке-шешесінің бейіті басында бата оқиды. Мен осыған дейін жақындарымды еске алуға қайда баруды да білмейтінмін» деген еді. Өйткені оның отбасынан төрт адам соғысқа кетіп, қайта оралмаған. Мен туған Тұщыбекте сондай 78 кісі бар екен. Солардың есімдеріне ескерткіш қою жайлы ауылдың ардагері қолқалаған-ды. Сәті түсіп, қаржы мәселесі де шешіле кетті. Нысанды 1994 жылдың мамыр мерекесінде тапсырғанбыз. Сондай азды-кем жұмысымызды еленіп, облыстың құрметті азаматы атандым. Қартайғанда зейнет бер» дегені осы шығар, — дейді Қожахмет аға.

Шахида ЖҰМАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз