мұражай-кабинет

Қарақия ауданының 45 жылдығы қарсаңында Құрықта ашылған геолог-барлаушылар мұражайы жанынан осы мекеменің ашылуына қол ұшын берген, кезінде Ералиевтегі геолог-барлаушылар мекемесін басқарып, осы саланы өркендетуге зор үлесін қосқан алаштың ардақтысы — Төкен Танаұлының және Ералиев автобазасы ардагерлерінің құрметіне мұражай-кабинет ашылды.

Салтанат лентасын Төкен Жұмағұлов пен ауданның құрметті азаматы Тұрсынғали Көшенұлы қиды. Бұдан кейін жиналған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап сөз сөйлеген Төкен Танаұлы аудан басшылары мен мұражай қызметкерлеріне өз алғысын жеткізді.

Сондай-ақ ардагердің еңбек жолындағы жетістіктері мен сол кездің тарихынан сыр шертетін экспозициялар тамашаланып, мұражайдағы алғашқы мұнай-газ шаруашылығында қолданылған бұйымдар мен экспонаттар туралы әр кезеңнен әсерлі әңгіме өрбіді. Кабинетте Төкен Танаұлымен бірге қызмет атқарған ардагерлер мен автобаза жүргізушілерінің өмірдерегі, сол кездегі еңбектегі ерліктері, тың игеруге атсалысқан арда істері кеңінен насихатталған.

Айта кетейік, Төкен Танаұлы дәл осы күні Қарақия ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Салтанатты жиыннан соң алыс-жуықтан келген құрметті қонақтар мен ардагерлерге «Каспий» мейрамханасында мерекелік қонақасы берілді.

                                                                     Шынар КЕНДІН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз