Ерте заманнан бері әрбір елдің темірқазығы мен діңгегі саналатын отбасы ұғымы халқымыздың өміріндегі әлеуметтік орны мен асыл құндылығының ерекше көрінісі. Ғасырлар бойы «Отан — отбасынан басталады» деген ұғым қазақ елі үшін бұлжымас тұжырым ретінде тамырын тереңдетіп, еліміздің қозғалмастай тұғырына айналды. Сондықтан, отбасының негізгі тіректері — ақсақалдарды қадірлеу мен әкені құрметтеу, ананы ардақтау және балаға жастайынан тәлім — тәрбие беру ұлтымыздың тәрбие мектебі және өнегелік салты ретінде қалыптасқан. Ұрпағының бойына ұлтымыздың саналы салт-дәстүрін сіңіріп, ұлын имандылыққа, қызын инабаттылыққа тәрбиелеген, ақ адал еңбегімен ел — жұртқа белгілі отбасы қашанда берекелі шаңырақ ретінде өз ауыл -аймағында ерекше орын алып отырған.

Ел дамуына арналған бағдарламалардың басым көпшілігі дені сау, бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ өсіруге, ана мен баланың құқығын қорғауға, әрбір отбасының бере­келі өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Еліміздегі осындай рухани — әлеуметтік діңгегі берік отбасылық құндылықтарды дамыту мақсатында Елбасымыз Н. Назарбаев 2014 жылғы Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісін «Отбасы күні» мерекесі ретінде бекітуіне орай ауданымызда айтулы мереке сән салтанат құрды. «Шаңырақ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Отбасым-киелі шаңырағым» мерекелік шарасында еліміз Тәуелсіздік алған жылы отбасын құрғандар мен Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында шаңырақ көтерген жас отбасылар құрметтелді, отбасы құндылығы, әке мен ана рөлі, бала тәрбиесі жөнінде үлкендердің өнегелі әңгімелері тыңдалды.

Сондай-ақ, жыл сайынғы дәстүрге айналып келе жатырған «Мерейлі отбасы» байқауы биыл республика бойынша үшінші рет өткізілуді.

Қазіргі жас буынның не көрсе соған еліктейтіні белгілі. Сондықтан, ырысы мен ынтымағы ұйыған, берекесі мен мерекесі таусылмаған, абыройлы отбасыларды үлгі етіп, ел алдына шығару – игілікті шара. Бала тәрбиесін уысынан шығармаған жанұяны одан әрі нығайта түсетін бұл байқау, адам жанына жылылық ұялататын, ең шынайы, ең өнегелі, игі бастама болып қалыптасып келеді. Соның дәлелі, оған қатысуға ниет білдірген азаматтардың да қатары жыл санап көбейіп келеді. Атап айтар болсақ, ауданымыздың өзінде өткен 2015 жылғы «Мерейлі отбасы» байқауына 2 жанұя қатысқан болса, ал биылғы байқау жарияланысымен құжаттарын жинап, тапсырып үлгерген 5 үміткер отбасы байқаудың талаптарына сай келіп, сынға түсті.

Айтулы шара барысында, қазылар отбасы мүшелерінің жетістіктерінің саны мен маңызына, отбасылық дәстүр мен жәдігерлерге, отбасының рухани-адамгершілік құндылықтарына, балалардың жетістіктері және олардың жетелілігіне дарыны мен өмір сүру бағытына көп көңіл бөлді. Сайыс қорытындысы бойынша, байқауға қатысушы барлық жанұяның біліктілігі мен тәжірибиелілігі анықталып, Нұрғазиевтер мен Кәдірбаевтар отбасылары облыстық байқауға жолдама алса, көрсеткен үлгі — өнегесі мен жиған абыройымен көрінген барлық отбасына аудандық «Өрлеу» МКҚ мекемесінің дайындаған дипломдары мен арнайы сыйлықтары табысталды.

Араға екі күн салып облыстық байқауға қатысқан Нұрғазиевтар отбасы өңіріміздің төрт бұрышынан жиналған 11 жанұяның ішінен берекелі қазақ жанұясының үлгісін көрсете отырып, жүлделі 3 орынға ие болды.

— Бізбен бірге сайысқа түскен отбасылардың қай – қайсысы да осал емес. Жүлделі орынға қатысушылардың кез келгені лайық. Бірақ біздің ең басты мақсатымыз жеңіс емес, отбасылық махаббатымыз. Барша «Қазақ елін» отбасы күнімен құттықтаймын, – деп тілегін білдірді Есен Нұрғазиев.

Ата — бабаларымыздың «Халықты бір жерге топтастыру үшін ең әуелі отбасын нығайту және үлкендерге құрмет көрсету керек» деген сөзі бүгінгі таңда өзі­нің қадір – қасиетін жоғалта қойған жоқ. Бұл мағынасы жағынан да, тәрбиелік-өнегелілік тұрғыдан да өзгеше іс — шара. Яғни, жас буынға ертеңгі күні «артымда қандай ұрпақ қалдырам?» деген ой салып, әке салған жолды жай ғана жалғастырып қоймай, тың бағыттармен дамытып, рухани байытатын бұл «Мерейлі отбасының» мәні тереңде жатырғаны белгілі.

Айгүл НОҒАЙХАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз