Тарих толқынының сансыз сын-қатерлерінен, алмағайып күндерден аман өткен, ақын сөзімен айтқанда «Мың өліп, мың тірілген» халықпыз. «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады… Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» деп жазған болатын Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында.

Өркениеттің қарқынды көшінде ұлттық бірегейлігімізді берік сақтау үшін өткенімізді, түгел тарихымызды терең зерттеп, толық тануымыз қажет. Бейнеу ауданында ұлтжанды, санасы ояу азаматтар ескі Бейнеуде Ескерткіштер алаңын ашып, «Ел мен жер тағдырының алмағайып кезеңі» деген атпен тарихта қалған, ХVIII ғасырдың орта тұсында Маңғыстауға елді қоныстандырған ержүрек аталарымыздың стелаларын орнатуды дәстүрге айналдырды. Бұл жерде 2017 жылы аты аңызға айналған ұлы тұлғалар Атағозы батырдан бастап, Есекмерген мен Бейнеу Намазұлына, 2018 жылы батыр, әрі балуан Лабақ Жиенқұлұлына стела орнатылды. Ел­ жұрттың санасын жаңғыртып, жас ұрпақтың танымын кеңейтуге бағытталған тағылымы мол игілікті шара жалғасын тауып, биыл 16 маусым күні ел жадында «Қыдыр көрген сақи бай, ұлыстың ұстыны» болып сақталған Саназар Құдайназарұлына арнап орнатылған стела салтанатты түрде ашылды.

Тарихымыздағы тұлғалардың бірі — Саназар Құдайназар­ ұлының рухын ұлықтау шарасына жиылған халықтың қарасы мол болды. «Ұлысқа ұстын болған сақи бай — Саназар атаға Бейнеуде стела ашылады» деген хабар құлағына тиген елжанды азаматтар мен ата ұрпақтары Ақтау қаласы мен Маңғыстаудың ойындағы аудандар мен ауылдардан ағылып келді. Жиынның салтанатты бөлімі басталуы алдында Ақтаудан келген Ескелді Али ахун бабалар рухына құран бағыштады. Одан кейін аудан әкімі Б.Әбілов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Хибасов, Ордалы Қосай стела алдына керілген алқызыл лентаны кесті. Әруақты ата ұрпағы, танымал аталар өмір–деректерін зерттеп, жинақтаушы жергілікті Сұлтан Қадірдің жобасы негізінде жасалған стеланың ақ жамылғысы ашылған кезде көпшілік тастұғыр үстіне Саназар атаның тіл таңбалы күрең тұлпары дүр сілкініп, ағындап қарғып шыққандай керемет әсерге бөленді.

Бейнек ауданы әкімі Б.Әбілов «Маңғыстау — мәрттік пен мырзалықтың мекені» екендігін тілге тиек етіп, бүгінгі шара міне, осы ұлы қасиетті ұрпаққа паш ету екендігін айта келіп, көпшілікті стеланың ашылуымен құттықтады. Бейнеубек Көңілімқосұлы өз сөзінде стела құрылысын қолға алуды ұйымдастырып, бұл игі істі Үкімет пен елге алақан жаймай, өз қаражаттарына жүргізген азаматтарға дән ризалығын білдірді. Бейнеу ауданының бұрынғы әкімі, еңбек ардагері Б.Әзірханов азаматтардың ықыласын аталар рухының желеп­-жебеуіне тілектестігін жеткізіп, жергілікті сәулетші, облыстық мәслихаттың депутаты Рабим Борашов Саназар ата жайлы тереңнен толғап, тарихи­-танымдық мәні зор сөз сөйледі.

— Бүгінгі Бейнеу жеріндегі Бекет атамыздың қасиетті мешіттерінің бірінің қасында батыр бабаларымыздың әруақтарына арналған алаңдағы бас қосуға қош келдіңіздер!

Өзіңізге белгілі, бүгінгі жиын­ Қыдыр көріп, құт дарыған Адайдың үш Назарының бірі –Ескелді Саназар Құдайназарұлына, оның құрметіне осы алаңда ескерткіш ашылуына арналған.

Адайдың үш Назары деп аталған бұл тұлғалар -­ Жары Назар, Жаңай Қожаназар, Ескелді Саназар бүкіл қазақ халқының тарихында сүбелі орыны бар, заманында бай санатында болған адамдар еді.

Назарлар туралы әңгімелер айтылғанда олардың тек байлығы сөз болмай, олардың сөз шебері екендігі айтылып, даналар қатарына да жатқызады.

Біздің кеңестер дәуірінің қызыл идеологиясынан ада, жаңа ата тарихымызға негіз болған, Адай­дың ата тегінің шежіресін өлеңмен жырлаған Қараш Ыбырайым ахун Құлбайұлы Ескелді руының атақтыларын айта келе Саназар туралы:

Сегіз арыс Адайда,
Атақты байдың бірі бар–
Игіліктің Саназар,
Саназардың білімі
Тоқтатты деп Сырымды
Қарттардың айтқан хабар бар, – дейді.

Бұл жыр жолдарындағы Байбақты Сырым би беделі мен билігі жалпы қазаққа белгілі адам болғанын, әрине көпшілік біледі.

Саназар өмір сүрген дәуір жалпы тарихтан белгілі болғанымен, оның өзінің өміріне тиіс деректер көмескілеу.

Белгілісі -­ өмірінің соңғы кездерінде, жақын ағайындарымен, бала-­немере­лерімен, қазіргі түрікпен жерінде, оңтүстіктегі Жаңғақтың ойында отырғаны. Атамыздың  бесінші ұрпағы, 1930­-32 жылдардағы Адай көтерілісінің белсенді кейіпкерлерінің бірі болған Кірбас Тиынұлы ақсақалдың естеліктерінде қыстың күні қайтыс болған Саназарды түйеге артып, Сисем атаға алып келіп, жерленгені айтылады. Және соңынан оның Есіркеп деген баласынан туған Ынды, Тәбек аталатын екі немересінің атасының қасына қойылғаны. «Сонша байлық иесі бола тұра неге көрнекі бейіт салдырмады екен, дұрыс құлпытас қойдырмады екен?» деген сұрақтарға сұпылық ұстаным болса да, болмаса, шаруа баққан момын адамның мінезінен бе екен, әйтеуір «Ол өз өсиеті бойынша, жатқан жерім қарапайым болсын деген аманаты болыпты» деген жауаптар айтылған.

Оның туған жылдарына келсек, Жаңай Қожаназармен қарай­лас, Айтқұл Атағозы батырмен құрдас деп те айтылады. Ал ол аталарымыздың өмір – тарихтары да, түрлі деректерге сүйеніп айтылғандықтан нақты бір даталарды түртіп, айту қиындық туғызады. Тілге тиек ретінде 2004 жылы ұрпақтары Саназар жатқан жерден тапқан тастар және оларда жазылған «Бе исми Ынды Тәбек», «1170» деген жазулары бар тас қиындыларын айтуға болады. Ал 1170 дегенде хиджраи шамси есебіменен 1791 жылы қайтыс болған деп болжаймыз.

Көптеген үлкен шалдарымыздың айтуларына сүйенсек, Саназар мен Ескелді ішіндегі Қожамсүгір баласы Толыбай атамыздың Сауран айналған көштің ішінде болғанын нақты айта аламыз, яғни туған, ержеткен жерлері Қазақ елі хандық құрып, ел болып отырған оңтүстіктегі Жетісу, Түркістан, Сауран маңдары болады.

Енді ескерткіш туралы да аздап айта кетелік.

Бұл ескерткіш тарихымызға ашылған есік­-дарбаза ретінде жобаланған.

Яғни қалың да қатпарлы тарихтың тұман басқан ұзын — сонар қорғанындағы ашылған көп есіктердің бірі.

Бұл есіктен кірген адамды Саназар атамыздың суын жылқысының жер тарпыған кескіні қарсы алады. Тіл таңбалы күрең тұлпар Саназар Құдайназарұлының тарихта қалдырған өз орыны болуымен қатар оны есінде сақтаған адам үшін ұлы рухтың да рәмізі, белгісі.

Бұл ескерткіштің бой көтеруіне Саназар атамыздың, ата тарих-­жаңа тарихымызда өздерінің тиісті орындарын алуға көп еңбегі сіңген Ілияс Санатұллаұлын, Сәрсен Жұмабекұлын ерекше айтып, жұмыстың абыроймен аяқталуына елеулі еңбектерін қосқан Бәлибек Қанашұлы, Назарбек Сұлтанұлы деген азаматтар екенін естеріңізге саламыз.

Бүгінгі жиналыс 2010 жылдарда қолға алынған, ескерусіз қалған ата-­бабаларды дәріптеу жұмысының жалғасы деуге болады. Осы арамыздағы бас көтерген азаматтардың арқасында қалың Адай, маңғыстаулық көпшіліктің қолдауымен талай ардақты есімдер иелері, арасында Сүгір жырау, Тұрмамбет батыр, Бердәлы елші бар, олардың жатқан жерлерін жаңартып, ас­-садақа, жиын­-мерейтойлары берілді.

Бүгінгі жиынға келіп отырған көпшілікке ағайын атынан рақмет айтамыз.

Қазақ елін, Қазақ жерін, ата тарихты және сол тарихта іздері қалған аталарды мадақтау, олардың ерліктері мен еңбектерін артымыздағы ұрпақ үшін айқындау жұмыстары жалғасын табар деген үміттеміз, ­- деді.

Салтанатты шарада Саназар ата ұрпағы, жергілікті ақын әрі асаба Сәрсен Қадір:

Алты ата әлім анау алқалаған,
Базарлы жеті руын тарқамаған.
Төрінен бұл орданың салтанатпен,
Байұлым он екі атам сан-­тараған.
Сол дәуір қараған шақ қырға шығып,
Көш көрем нар бастаған тұлғасы нық.
«Ерме»,­ -деп, ұлы көшке боздап жүріп,
Кетемін жазған өзім жырға сіңіп.
Беу, менің кеудемдегі мың арман – жыр,
Мұңдасып Маңғыстаумен мұнарған-­дүр.
«Сен дала алып кетші, мені жырақ», —
­ Шығайын өлең жазып, құмардан бір.
Бабаурап бауырымда баба сарын,
Бұрасам бұрауында дала­-зарын.
Кеудеме күй толғатып ыңырсиды,
Ұлысқа ұстын болған Саназарым!, — ­деп, ата рухына арнау өлеңін шалқар шабытпен оқыды.

Жиынның салтанатты бөлімінде ұлттық тәрбиелік шара­ларға белсене қатысып жүрген азаматтар мен Саназар ата стеласының жобасын жасаған Сұлтан Қадірге, құрылыс жұмыстарын жүргізген жігіттерге, құрылыстың бас демеушісі, ақтаулық кәсіпкер Ільяс Санатуллаұлына, ұйымдастырушылар Р.Борашов, Б.Қанашұлына т.б қонақтарға тарту­таралғы, сый-­сияпаттар табысталды. Бұған қосымша олар осы шараны ұйымдастырған қоғамдық қордың Алғыс хаттарымен мара­патталды.

Ата стеласының ашылу салтанатына қатысқан көпшілік ақ дастарханнан дәм татып, ас соңында Саназар ата рухына құран хатым етілді.

Cөз қадірін білетін құймақұлақ кісілер Саназар Құдайназарұлы стеласы алдындағы жиында, ас үстінде, жалпы реті келген тұстарда тарихтан сыр шертіп, ата жайында ғибраты мол ескі әңгіме тиегін ағытты.

XVIII ғасырдың алғашқы жартысы дегенде Тәуке ханның арнайы жарлығымен Түркістан аймағын мекендеп отырған кезде қапияда шапқан қалың қалмақтан қанжоса болып жеңіліп, жаяу­-жалпы шұбырған елдің амалсыз Сауран айналып, басар жер,  барар тау таппай, дағдарған дәуірі көз алдыңда көлеңдеп, «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, қарындастан айырылған жаман екен, мөлтілдеп екі көзден жас келеді» дейтін зарлы жырдың мұң сорғалаған әуені ғасырлар қойнауынан тұншығып естілетіндей, денеңді үрей билейді. Ол күндердің қасіреті заманымыздың заңғар жазушысы, Маңғыстау тарихының сұңғыла білімпазы Әбіш Кекілбаевтың «Дуадақ қонған боз төбе» шығармасында жеріне жеткізе суреттеліп, жан­-жақты қамтылып баяндалады. Тарихшы Н.И.Левшиннің еңбектерінде «Ақтабан шұбырынды, алакөл сұлама» деп аталған сол бір кер заман жайлы мәліметтер мол. Жалпы бұл дәуірдің тарихы дарынды жазушылар мен өткен күндерді ерінбей, жіктеп­жіліктейтін тарихшылардың ғана емес, «Білгенімді қағаз бетіне түсірейін» дейтін ұстанымдағы адамдардың да қаламына азық болып жүр. Айталық, сол заманның тарихын қаузап, ата­-бабаларымыздың шежіресін түгендеуге атсалысқан азаматтардың бірі – Жаумытбай Ерғалиев «Сауран айналу» атты еңбегінде «Байғұл әулие Саураннан 60 үй ағайынды өз қамқорлығымен тоздырмай атақонысқа алып келген. Өзі жинап қойған бір қапшық құрты бар екен. Осы құртты көшке ере алмаған адамдарға біреуден беріп отырған, сонымен бірге алып шыққан биелерінің сүтін беріп келген…» деп жазады. Ел басына күн туған кезде қайырымдылық қасиеттен таймаған жалғыз Байқұл емес, өзге де аталарымыздың аттары ел жадынан өшпек емес.

Сауран айналғаннан кейін елдің бір бөлегі Арқаға, тағы бір бөлегі Жем, Сағыз бойына бет алғанда негізгі бөлегі Хорезмнің ойына құлап, бірақ ол жақты жерсінбей, тұрақты қоныстанбай, қайтадан Үстіртке оралады. «Бір заманда қазақ көшті екен, түбінде қайтып келеді» деп бос жатқан атажұрт қайдан болсын. Сол заманда ел Көгалайдың құмы деп атаған Самның төсі, Жем, Сағыздың бойындағы шұрайлы жерлер қалмақтың иелігінде еді. Еділ мен Жайық арасы казак­орыстар мен ақ патшаның қысымына ұшырап, шұбырған башқұрттардың табанында тапталып жатты. Ата­-бабаларымыздың басына қайда барса да Қорқыттың күні туғандай болды. Ел, жерден айырылудың нағыз қасірет екенін ұқты. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін намысқа булығып, ширыққан ерлеріміз бес қаруын асынып, атқа қонып, Әбілқайыр хан бастаған жасақтар қалмақтарды ойсырата жеңумен елдің еңсесін көтерді. Шамамен 1740­-1780 жылдардың аралығында әрі батыр, әрі би болып елге танылған Атағозы Айтқұлұлы жасындай жасағымен Самнан Еділге дейінгі жерімізді жат табанынан азат ету жорығын жүргізді. Танымал батырлар­ Шотан, Құттығай, Бердібек, Тәңірберген оның майдандас серіктері болды. Атағозының жасағы орыстың атақты қолбасшысы Суворов басқарған мұздай қаруланған әскердің үрейін ұшырады. Бұл жайлы мұрағаттарда сақталған сарғайған қағаздардағы жазулар сыр шертеді. Бұл жорық жалқы болмады. Аты «Көктемір» болып аңызға айналған Сапура қыздың, ұлт­азаттық көтерілістің жолбасшысы Сырым Датұлының жорықтарына ұштасты. 1750 жылдары қалмақ біржолата күйрей жеңілгенімен, ақ патшаның қысқа мерзімде қырық құбылатын айлакерлік саясаты Жайық бойына қансоқта болып жеткен қазаққа ауыр соғып, мамыражай тіршілік бұйырмады.

Тарихи жазбаларда «Сонау моңғол шапқыншылығына, яғни XII ғасырға дейін қазіргі Каспий теңізінің солтүстік шығысы кіші жүздің байырғы қонысы болды» дейтін дерек бар. Арада қанша ғасыр өтсе де Маңғыстаудың бұрынғы атақонысымыз екені тайға басқан таңбадай белгілі, ендеше сол жерге оралуымыз керек. Осы ойға тоқайласқан аталарымыз көшті Маңғыстаудың ойына бұрады. Бұл тарихи көштің басында тама Есет батыр Көкіұлы, жары Шотан батыр, әрі батыр, әрі би Атағозы жүреді. Біздің мақаламыздың  бас кейіпкері Ескелді Саназар ата Құдайназарұлына бай­ланысты ел жадында сақталған құнды әңгімелер, міне, осы кезден бастау алады. Міне, осы дәуір, тарихтың маңызды беттері әлі толық ашылған жоқ. Үңіле зерттеп, шұқшия қарайтын тұстары бар. Сол заман туралы жазба деректер Санкт-Петербор, Мәскеу, Орынбор, Тибилиси, Ташкент, Хорезмде, тіпті біздің ойымызда жоқ қалалардың архивтерінде сақтаулы тұрған шығар­-ау. Ерінбей іздеу керек. Бұл — болашақтағы шаруа.

Бір жақсы жері Маңғыстау — аңызға бай, ескі әңгіменің ордасы. «Халқымыздың тарихы бастауы аңыздардан алынады, ал аңыздардың өзегінде тарих шындығы бар» дейтін баршаға мәшһүр тұжырымға сүйеніп, Ескелді Саназар ата жайлы қалам тербесек, артық болмас деп ойлаймын.

Жергілікті ел арасында «Маңғыстаудың қара ойынан айладыр жұртын бостырған Айтқұл Атағозы батырдың сұсы, Жары Шотан батырдың мысы, Құнанорыс Лабақ палуанның күші, Ескелді Саназар байдың тіл таңбалы күрең тұлпарының тұяғының ұшы» дейтін сөз сақталған. Бұл сөздің мәнісі өте терең. Терең дейтініміз, болашақ ұрпақ ел жадына өшпестей орнаған атамыздың бүкіл болмысын «… Саназар байдың тіл таңбалы күрең тұлпарының тұяғының ұшы» дейтін жалғыз сөйлемнен танып, біле ала ма? Жоқ. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін тарих беттерін індете іздеп, байыпты үңілуіміз керек.

«…Сонымен Маңғыстауда (ретімен) қытай, қырғыз, қыпшақ, қызылбас, қырым, қалмақ, айладыр (түрікмен) аталған жеті жұрт мекендеп, соңғысы әлі отырғанда «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап, Сыр бойын өрлеп, Ақтөбенің Мұғалжарына тұрақтап, кейін малға қоныс, елге ырыс іздеп, Адай елі Үстірт, Маңғыстауға бет алды. Адайдың бір тобы кіші жүздің өзге руларымен бірге Ақтөбе жерін, Атыраудың Нарын құмы жағын қоныс етті. Бұл XVIII ғасырдың орта шамасы еді. Сол кезде 10 мың үй шамасындағы ел, қисапсыз мал шамалы жерге сыймай Адайдың Маңғыстау, Үстіртке қарай жер іздеген алғашқы шолғыншы тобын (20­-30 адам) Ескелді Бердәлі батыр бастап, қазіргі Жармыш жеріне жетеді… », -­ деп жазады Терекбай Жаңбыршыұлы «Мен айтайын бабаңнан» атты кітабының 22-бетінде. Осы шолғыншы топтың «Атажұртта қоныс бар» деген хабары жетуден көшін Маңғыстаудың ойына бастаған Саназардың бай болуы табиғи заңдылық.

«Маңғыстауда малға бай кісілер аз өтпеген. Ал он сегізінші ғасырда қатар өмір сүрген Жаңайдың Қожаназары, Жарының Назары және Ескелдінің Саназары дегенде олардың байлығынан гөрі адамгершілігін, елжандылығын алға тартады кәріқұлақтар. Былайша айтқанда, сол заманда бүкіл Маңғыстау өлкесіндегі малдың дені осы үш Назардың меншігінде болған деседі. Қисапсыз көп малын осы үш Назар-­Жаңай Қожаназар, Жары Назар, Ескелді Саназар туған халқынан аямаған. Жарлы­-жақыбайларын көзтүрткі етпеген, асыраған, кісісі қайтса, баласы үйленсе, т.б. қауырт шаруалары шықса, алдарына мал салып отырған. Ең бастысы – бұл үш бірдей Назар есімді байлар елін сыртқы жаулардан қорғайтын ресми емес әскери отрядтарды ат­-көлікпен, қару­жарақпен, киім-кешекпен, азық-­түлікпен қамтамасыз етіп отырған. Сондықтан да бұлар жайлы халқымыз Маңғыстаудағы үш жақсымыз десіп, аңызға бергісіз әңгімелер тудырған» деп жазады аймағымыздағы Қарақия ауданындағы Бостан ауылының тұрғыны Ізтұрған Шамкелов 2003 жылы 29 шілдеде «Маңғыстау» газетінде жарық көрген «Көне Маңғыстаудың үш Назары» атты мақаласында.

«Бай — ежелгі түсінікте жоғарғы әлеммен ерекше қатынастағы адам, ол арқылы адамзат әлеміне молшылық келеді. Байды кейде құт деп те атаған, яғни ол өз айналасына әл­ауқат, құнарлылық, сәттілік алып келуші»,­ — деп жазады мәдениеттанушы, тілші­ сараптаушы Зира Наурызбаева 2017 жылы жарық көрген «Төрт бұлт» атты кітабының «Бай және тәңір құты» тақырыбында. Адай ата ұрпақтары арасында үш атамыздың бойында осы аталған қасиеттер түгел болып, ел бұларды «Қыдыр көрген қасиетті байлар» деп атаған. Олар маңдайына біткен мал ­ дәулеттің байлығын айналасына шоғырланған елдің игілігіне жұмсаған. Олардың арасында Ескелді Саназар бай жылқы үйірлерін қаны таза, асыл тұқымнан өсіріп, ел мен жерді қорғайтын ер азаматтарды көлік пен тамақтан тарықтырмаған. «Жалпы елді жүдеу кезде демеген, халыққа қайырымды бай болған» дейтін әңгімелердің ғасырлар бойы ел аузынан түспеуінің өзі оның ерекше жаратылысын айғақтайды.

Осы орайда тағы тарих қойнауына ой жіберейікші. Аталарымыз ежелгі атажұрты — Маңғыстауға қайта оралған дәуір бұл аймақтан қалмақтар үдере көшіп, орыс отарлаушыларының қадамы жетпеген кезең еді. Бір қарағанда өзге өңірлер мен салыстырғанда беймаза күйден ада, бейбіт өмір сүріп жатқан елдің қонысы болып елестейтін, шындығында бұл жерде әлі тыныштық толық орнай қоймаған. Өйткені әрісі парсы, берісі Хиуа мен түрікмен еліндегі шапқыншылықтан мезі болған немесе ұрыншақтау мінезінен еліне сыймаған топтар елден оқшау, тау мен тастың, жыралардың арасы — Маңғыстауға ағылып келіп жатқан тұс болатын. Олар өздері аңсаған жерге жетуден бейбіт отырған елдің малын тонап, әлімжеттік жасап, жайлауын иеленіп, бейқам өмірге үрейлі әрі елдің ашу­-ызасын ушықтыратын суық леп алып келді. Маңғыстау ойын қоныстанып отырған оғыздардың «Бес Есен» тайпасының кейбір түсінігі тайыз басшылары мен бай­-шонжарлары сәл нәрсеге қитығып, қырын қарайтын болып алды. Бейбітшілік уызы уақыт өткен сайын шайқалып, ақыры қақтығыстарға ұласады. Атажұртқа қайта қоныстану оңай болмады.

Сол заманда қазақ халқында ел билеудің тамаша үлгісі болды. Әр рудың байы, батыры, биі болатын. Байы — сол рудың материалдық ұйытқысы, батыры қорғаны, биі — дауда есе жібермейтін, кесікті сөздің иесі. Заманға сай біздің аталарымыз дәл осы ұстаным аясында өмір сүрді. Ескі әңгіменің ел құлағына сіңісті сұлбасы бойынша айтсақ, елдің батыры, әрі биі Атағозы, ал байы – Саназар еді. Ел басқарып жүрген бұл аталарымыз қарақшы топтардың пиғылдарын аңғарса да бірден қан төгіске баруды қаламады. Білектің күшіне емес, ақылдың ісіне жүгінуді жөн санады. Сол заманнан қалған аңыз тектес әңгімелерден осы ұстаным байқалады. Мәселе бұл жолмен шешілмейтін жағдайда ғана ел азаматтары қару ұстап, атқа қонған. Жер мен ел тағдыры сынға түскендей сәттерде ерлеріміздің сенгені Саназар байдың жылқысы болған. Шұбыртып айдағанда 200 шақырымдық жолды иелейтін өңшең күрең түсті жылқы үйірлерінің дені асыл тұқымды сәйгүліктерден құралған. Қару ұстап, ел қорғауға қатысатын азаматтар мінетін аттың көпшілігі осы жылқы үйірлерінен алынған. Бұл жайлы ескі әңгіме көпшіліктің құлағына сіңісті болғандықтан оны қайталамауды жөн көрдік.

Маңдайына біткен байлығын ел мен жерді қорғау жолына жұмсаған Саназар ата Құдайназарұлы озық ой, парасат­-пайымы мол көзқарастың иесі болған. Ол Маңғыстауды жат табанынан азат ету жолындағы күрестің демеушісі бола жүріп, арқада орыс, теңіздің арғы бетінде Кавказ елдері, оңтүстікте Хиуа, түрікмен елдерімен тығыз қатынас орнатып, достықты нығайтуға атсалысқан. Ескі әңгімелер Саназар атаның аталған елдерде беделге ие тұлға болғанын аңғартады. Бұл атамыздың тағы бір ерекшелігі, бойында әруақ қонған кереметті қасиеттері болған. Табиғи апаттарды күн болып ілгері сезіп, одан аман құтылудың өзгеге жұмбақ жолдарын осы атамыз біліп отырады екен. Бұл туралы әңгімелер ел арасынан табылады. Өзге де ерекше қасиеттері аз емес.

Иә, алмағайып заманда аталарымыздың ежелгі атақонысымыз — киелі Маңғыстауға қайтадан қоныстануына, ұлт болып, ұлыс болып ұйысып, заман көшінен лайықты орын алуына батырларымыз бен Саназар Құдайназарұлындай байлығын ел игілігіне жұмсаған жомарт байлар осылайша өлшеусіз үлес қосты. Бабаларымыз қорғаған Маңғыстау тәуелсіз заманның бақыт нұрын шашып тұрған күндерінде сол аталарымыздың ру-­ру болып, біртұтас елге айналған ұрпақтарының құтты қонысына айналды. Бұл үшін әруақты аталарымыз рухы алдында мың рет тағзым етіп, олардың өр тұлғаларын қанша ұлықтасақ та көп болмайды.

… Саназар ата Құдайназарұлына арнап салынған стеланың ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін жолға шығып бара жатқанымда Ескерткіштер алаңына бұрылып қарадым. Сол сәтте бодандық жылдарында қорымдарда елеусіз қалған — Атағозы, Бейнеу, Есек мерген, Лабақ Жиенқұлұлы, Саназар Құдайназарұлы қатарласып, бой созып, ұлы дала тұлғалары тас стелаларға емес, аппақ нұрға айналып, бүгінгі ұрпақтарына мейірлене қарап тұрғандай ғажап сезімге бөлендім.

«Өлі жебемей, тірі байымайды» демей ме халқымыз?! Аталар рухы жебеп, жүргенге не жетсін,шіркін!

Қартбай ҚОЖАЕВ