жазушы Әбіш Кекілбайұлы
Сурет сайт архивінен

Әбіш — қыры мол ірі дарын. Ол сыншы, жазушы, публицист, тарихшы, саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, сонымен қатар орыс, қазақ тілінде көсіле сөйлейтін өзгеше шешен адам. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке бір-бір азаматтың абыройын асырар қасиеттер ғой. Ал бір Әбіштің бойында тоқайласуы арқылы оны жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ топырағындағы ірі тұлғаға айналдырды.

Марал ЫСҚАҚБАЕВА

Әбіш Кекілбаевтың қай қасиетін сөз етсек те ең әуелі көркем шығарма жазушылығы алғы кезекке шығады. Әдебиет саласына бала кезінен зор дайындықпен келгені оның мазмұны терең шығармаларынан анық көрінеді. «Әбекең — әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінберіне көтерілді. Ағынан жарылды, адалынан сөйледі. Әлі де қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәселелерде кең толғар пайым қажет болғанда қаламына қайраткер сөз ұштап, шынайы пікірі мен шырайлы бәтуасын жайып салады. Жұртының мүддесі үшін жазары таусылмаған жазушы болу да бір бақыт қой. Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін!» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Ә.Кекілбаев мың жылда бір туатын дара тұлға. Халық Әбіш Кекілбаевты ел алдындағы азаматтық парызын адал атқарған тұлға деп таниды. Сол үшін де оның 80 жылдық мерейтойымен ғана емес, мемлекетке жасаған ерен еңбегін де ұмытпауымыз керек.

Биыл қаламы қарымды, дарынды жазушының 80 жылдығы. Әрине, бұл біздің ауданымызға артылған үлкен жауапкершілік. Аңыз адамның 80 жылдық мерейтойына жан-жақтан қонақтар, зиялы қауымдар келетіні белгілі. Осы шараға біздің ауданымыздың дайындығы қалай екен? Осы және өзге де сауалдар бойынша аудан әкімінің орынбасары Ерболат Махмутовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

— Ерболат Хабиболлаұлы, аңызға айналған абыздың 80 жылдығын өткізуге байланысты аудан көлемінде қандай жұмыс атқарылуда?

— Қазақ әдебиетінде аты алтын әріптермен жазылып кеткен біртуар дарын иесі Әбіш Кекілбаевтың халқымыз үшін орны бөлек. Еліміздің әдеби байлығы мен мемлекет ісінде өшпес із қалдырған Әбіш ағамызды халық ерекше ілтипатпен бағалайды. Ә.Кекілбайұлының халқына бергенінен берері әлі де көп деп санаймын. Сондықтан да бұл той – күллі қазақ мәдениеті мен өнерінің, қазақ руханиятының тойы!

Заманымыздың заңғар тұлғасы Ә.Кекілбаевтың 80 жылдығын атап өту бойынша іс-шаралар өткен жылдан бері жоспарға сәйкес іске асырылып келеді. Соның ішінде атап айтатын болсақ, Онды орта мектебіне Ә.Кекілбайұлының есімі берілді. Бірқатар мектептерде (Жармыш орта мектебі, Ә.Кекілбайұлы және А.Меңдалыұлы атындағы орта мектеп) толық жабдықталған Әбіш атындағы кабинет ашылып, кейбір мектептерде арнайы бұрыштар жасақталды.

— Жазушының артына қалдырған мол мұрасын насихаттау мақсатында болған іс-шараларға тоқтала кетсеңіз?

— Республикалық Әбіш оқулары байқауы соңғы екі жылда Ақтау қаласында өткізілді.

Өткен жылы байқаудың танымдық бөлімі бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған оқушылар Ә.Кекілбаевтың туған жері Онды ауылына саяхат жасап, «Ай-ана» ескерткішіне, оқыған мектебіне барып, жазушымен бірге оқыған сыныптас, көзін көрген ауылдастарымен жүздесті. Сондай-ақ қазақтың ертеден келе жатқан салт-дәстүрімен, ұлттық киіз үйі мен оның жабдықтармен танысты. 2016 жылдан бері аудандық «Әбіш әлемі» аймақтық жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып, Онды ауылында өткізіліп тұрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айында Онды ауылында «Әбіш туған ауыл» танымдық кеші, Ұштаған ауылында «Әбіш оқыған мектеп» патриоттық шарасы өтті. «Заңғар жазушының жалғасымын» әдеби жастар байқауы, аудан кітапханаларында «Халық тұлғасы – Әбіш Кекілбаев» виртуальды кітап көрмесі және «Замана заңғары» кітап көрмелері, «Мәңгілік өмірге, мәңгілік өнегеге айналған тұлға» деген атаумен әдеби-танымдық кеші өтті.

— Ендігі жүзеге асырылуы керек жоспарлар қандай? Жалпы 80 жылдық қалай тойланбақшы?

— Шын мәнінде әдебиет – жаныңды жақсы әсерге бөлейтін, ойың мен санаңды сергітетін, арманың мен қиялыңа қанат байлайтын, үмітіңе жол сілтейтін құдіретті күш. Шын әдебиетті шынайы таланттар тудыратыны содан болса керек. Бұл тұрғыдан келгенде Жаратқан Әбіш Кекілбайұлына осындай мүмкіндіктер мен қабілетті қапысыз берген. Сондықтан әдебиет әлемінің ірі тұлғасы Ә.Кекілбаевтың мерей тойы қарсаңында көптеген шаралар жоспарда тұр. Алдағы айларда «Кемел ойлы, көркем сөзді шежіре» аудандық көркемсөз оқу байқауы, «Туған жер киесі, дархан дарын иесі» әдеби кеші, «Дархан даланың дарабозы», «Әбіш рухани ұлы тұлға», «Әбіш және Маңғыстау», «Әбіш туған мекен» тақырыптық шаралар мен патриоттық шаралар өткізу жоспарланып отыр. Жазушының шығармаларынан аудандық сурет байқауы, «Әбіш Кекілбаевтың кеңістігі» тақырыбында облыстық семинар, аудандық Әбіш кабинеттері байқауын өткізу де жоспарда бар. Аңыз адамның 80 жылдығы қарсаңында аудан тұрғындары арасында айтылып келе жатқан Онды ауылына Ә.Кекілбайұлының атын беру жөнінде де жұмыстар ұйымдастырылуда.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Данагүл АЛИЕВА