Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылар мен алушыларға көрсететін негізгі қызметтерінің барлығын электрондық форматқа ауыстырды. 2017 жылы электрондық форматта көрсетілген операциялардың үлес салмағы сол жылы жүзеге асырылған барлық операциялардың 52% құрады. Осылайша отандастарымыз өздеріне қажетті негізгі қызметтерді үйден шықпай алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл оларға уақытты үнемдеуге жол ашты. Ал электрондық қызметті пайдалану бар болғаны бірер минутты ғана алады.

Осы ретте қорда элек­трондық форматта көр­сетілетін операциялардың үлес салмағын 2021 жылға қарай 60%­-ға жеткізу жоспарланғанын айта кеткен жөн.

Еске сала кетсек, зейнетақы қоры салымшылар мен алушыларға ың­ғайлы да сапалы және заманауи қызмет көрсету мақсатында 2017 жылдың маусым айында қордың enpf.kz сайты арқылы бірқатар ма­ңызды электрондық қызметтерді іске қосқан еді.

Содан бері салымшылар мен алушылар оларды белсенді түрде пайдаланып келеді. 2018 жылдың 1 маусымына қарай электрондық форматта жүзеге асырылған опе­рациялардың саны шоттан электрон­дық үзінді­-көшірме беру қызметін есепке алмағанда 55 800­-ден асты.

Атап айтқанда қор сайтының «Же­ке кабинет» бөлімі арқылы (логин жә­не құпия сөз (пароль) немесе халыққа қызмет көрсету орталығы беретін электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен) онлайн тәртібінде 12500 жеке зейнетақы шоты ашылды, 3 226 алушы (зейнет жасына тол­ған азаматтар мен 1 және 2­-топтағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгі­ленген жандар) зейнетақы төлемде­рін тағайындау жөнінде өтініш берді. Жеке деректемелерге 30 794 өзгеріс енгізілді. Ал зейнетақы шоты бойын­ша ақпарат алу тәсілін интернет бай­ланысы тәсіліне ауыстыру бойынша 9 320 операция жүзеге асырылды.

Зейнетақы шотының жай-­күйі туралы ақпаратты жылына бір рет пошта байланысы арқылы кон­вертпен алатындар саны біртіндеп азайып келеді. Оның орнына элек­трондық тәсілмен алатындар саны артуда. Өйткені өте ыңғайлы, шот­қа зейнетақы жарналары мен ин­вестициялық табыстың қалай түсіп жатқандығын қалаған уақытта, кез келген жерде қадағалап отыруға мүм­кіндік береді. Осылайша 2018 жыл­дың 1 маусымына қарай зейнетақы шотының жай­күйін электрондық жолмен біліп отыратындар саны 5,3 млн. адамнан асты. Олардың ішінде 837,6 мыңнан астам адам үзінді­-көшірмелерді электрондық пошталарына алса, шамамен 4,5 млн. адам ақпаратты қалта телефондарына жүктеген «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алады.

Логин мен құпия сөзді қолданар кезде логиннің орнына жеке куә­ліктегі жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) енгізіледі. Ал құпия сөзді өзіңіз ойластырасыз. Сонымен қа­тар отандастарымызға кез келген уа­қытта қор сайтындағы «Жеке каби­нет» арқылы зейнетақы шотының жай-­күйі туралы үзінді­-көшірме мен зейнетақы шотының бар­-жоғы тура­лы анықтама алу мүмкіндігі берілген. Айтпақшы деректемелерге жеке басты куәландыратын құжаттың де­ректері (түрі, нөмірі, күні мен осы құжатты берген орган), пошталық немесе электрондық мекенжай, теле­фон нөмірлері жатады.

Қор сайты арқылы өтініш жол­дағандардың қалта телефондары­на сол өтініштің орындалу барысы жөнінде СМС хабарлама жіберіліп тұрады.

2017 жылдың соңында қордың барлық 18 филиалында өзіне-­өзі қызмет көрсету терминалдары ор­натылды. Енді салымшылар мен алушылар осы заманауи технология арқылы зейнетақы шотын ашудан бастап, зейнетақы төлемдерін тағайындауға дейінгі барлық дерлік электрондық қызметтерді пайдала­нып, қор маманына кезек күтіп отыр­майды.

Сонымен  қатар  таяу  уақытта қор сайтында  ЭЦҚ  арқылы  ерік­ті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру тура­лы (өз пайдасына) шарт жасасу қызметін іске қосу көзделуде.

Әрине, зейнетақы қоры сайтты жаңарту және цифрлық қызметтерді дамытумен шектеліп қалмайды. Бү­гінде ұялы байланыс операторла­рымен тығыз байланыс орнатылып жатыр. Ондағы мақсат – абонент­терге «ENPF» ұялы қосымшасын трафикті есепке алмай пайдалануға мүмкіндік беру. Қазірдің өзінде Tele2 және Altel бірлескен компаниясының абоненттері өздерінің шоттарында теңгерімнің бар­жоғына қарамастан қордың ұялы қосымшасын пайдала­на алады. БЖЗҚ жақын болашақта басқа да операторлармен осындай келісім жасасуды көздеп отыр.

Сонымен қатар зейнетақы қоры тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, оның ішінде әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлініп жатқандығын айта кеткен жөн. Мысалы, 2017 жылы қордың «Мобильдік агент» жобасы аясында 2016 жылға қарағанда 6,5 есе көп операция орындалды. Қор маман­дары өткен жылы тұтынушылардың үйлеріне барып қызмет көрсету бойынша 7,1 мың көшпелі шара өт­кізіп, 189,5 мың операция жасады. Салыстырып қарасақ 2016 жылы 1,1 мың ғана көшпелі шара өткізіліп, 29 мың операция жүзеге асырылған.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ана тіліміздің абыройын асқақтатқандар

БЖЗҚ салымшылары мен алушы­ларын зейнетақы шотындағы жинақ­тардың құнсызданып кетуі маза­лайтыны сөзсіз. Бұл тұрғыда 2017 жыл табысты жыл болды. Салым­шылар мен алушылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 550,6 млрд. теңгені құрап, қордың зейнетзейнетақы активтерінің табыстылығы 7,92 пайызға жетті. Ал бұл кезеңде инфляция деңгейінің 7,1% болғанын еске саламыз.

2018 жылдың 4 айы ішінде салым­шылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвес­тициялық табыс сомасы 169,3 млрд. теңге болды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда 83 пайыздан жоғары. Жылдық тұрғыдан алып қарағанда қордың зейнетақы активтерінің табыстылы­ғы (2017 ж. сәуірі – 2018 ж. сәуірі) 8,8 пайызды құрады. Ал бұл кезеңде инф­ляция деңгейі 6,5 пайыз болды.

Биыл наурыз айында TÜV Thüringen e.V (ТЮФ Тюринген, Германия) халықаралық компания­сының аудиторлары қордың сапа менеджменті жүйесіне сертифика­циялық аудит жүргізді. Мақсат – оның халықаралық ISO 9001:2015 стандартына сәйкестігін растау. Сер­тификациялық аудит сәтті өтіп қор ТЮФ Тюринген компаниясынан ха­лықаралық сертификат алды. Бұл қор тарапынан көрсетілетін қызметтердің жоғары сапаға ие екендігін білдіреді.

Осылайша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшының жи­нақтаушы зейнетақы жүйесіне қа­тысқан бүкіл кезеңі – жеке зейнетақы шотын ашқаннан бастап зейнетақы төлемдерін алғанға дейін оған онлайн тәртібінде қызмет көрсетуге дайын екенін дәлелдеді.

Зухра ӘБДІЛ-САТТАР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз