Әбіл Жұмағалиев

«Шеберді шеге қағысынан танисың» демекші, Әбіл Жұмағалиев ән салғанда тыңдаушысының жүрегіне сәуле шашып, жан-жағын нұрға малындырып кететінін қайтерсің. Міне, табаны күректей қырық жылдың аралығында өткен түгел дерлік ірі концерттер мен халықтық өнердің ортасында қаздай қалқып, балықтай жүзіп, өнердің ғана емес, ит көйлегін тоздырған өлкесінің мәртебесін асқақтатып жүрген Әбекеңді білмейтін, әспеттемейтін, оны мақтан тұтпайтын жан кемде-кем шығар.

Домбыраны, сырнайды қатар  сайратып ән салатын сахна тарланы қамау тері алынған жарау аттай жүрісінен, шабысынан бір танбай, сол бекзат қалпынан бір айнымай келеді. Шын мәніндегі тұлпар талант, сүйегі асыл жан. Атам қазақ «Рухани биік кісі– ұлттың ұйытқысы» деп Әбіл Жұмағалиев сынды азаматтарды айтса керек-ті.

Әбіл ән салғанда бір тылсым күш жүрек түкпіріне терең бойлап, жұртшылық саз сиқырына, әуенге қалай арбалып қалғанын сезбей қалып, құмарта құлақ тосқанының талай мәрте куәсі де болып жүрміз. Ол – өзінің халықтан қонған өнерін халыққа табыстап жүрген атпал азамат. Әбіл шырқаған сазды музыка тыңдаушысын өзге бір әлемге жетелеп, сезім пернелерін дөп басып жатады. Адамның қиялына қанат бітіріп, көңіл сарайына нұрын төгіп жатады.

Маңғыстау ауданы – Маңғыстау облысына негіз болған шаруашылығы шарықтап дамыған, өзінің 90 жылдық тойының қарсаңында отырған аудан.

Осы жылдар ішінде Маңғыстауда қалып-тасқан азаматтар ортасында жақында ғана 70 жасқа толып, шығармашылық кеші үлкен табыспен өткен Әбіл Жұмағалиев та бар. Қазақ өнерінде өзіндік орны қалыптасқан, жезтаңдай әнші, мәдениет қайраткері Ә.Жұмағалиевтің 70 жылдық мерейтойы М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда «Өнермен өрнектеген өмір» деген атпен аталып өткен-ді.

70 жастағы шығармашылық кеште үміт пен күдік қатар тұрғанын жасырмай-ақ қояйық. Алғаш концертке барғанда: «70 жасқа толған әншінің баяғы әдемі дауысы бұрынғы қалпында ма екен? Қанша дегенмен жер ортасынан ауып барады, дауысына жарықшақ араласып ыңғайсыздық тудырмас па?» деген күдікті сұрақтарымызбен демімізді ішімізге тарта қалыстық. Бұған әнші өзі жауап берді. Жай емес, сахна төрінде, өнер сүйер қаумалаған халқының алдында асқақ үнімен, қарлықпаған, қартаймаған ерен екпінімен Маңғыстаудың асау желіндей аспандата жөнелді. Өзінің мерекелік концертінде таза, әрлі дауысымен шалқытып, 15-тей ән салды. Яғни бұл – тұтас концертті өз иығымен, өнердегі таза болмысымен көтеріп шықты деген сөз!

Соның ішінде жұртты толқытқан әннің бірі – марқұм болған жары Розаға арнап салған әні болды. Сағыныш, саз, өнер биігі бір арнаға тоғысып «жүректен кіріп, бойды алды».

Біз сахна төрінен баяғы Әбілді, өзіміздің Біржан салды көргендей тағы бір тамсанып, таңданып, алғыспен, мақтанумен дүркірей шапалақ соқтық.

Осындай қиын жағдайда қалған отбасы, балалар қамы елдің атпал азаматы, Маңғыстау ауданының өсіп өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, Әбілдің туған ағасы Жалғастың отбасының қамқорлығы айтарлықтай болғанын көршілер, ағайындар жыр қылып айтып отырады. Бүгінде бәрі де артта қалды. Балалар ер жетті. Өмірден өз орындарын тапты.

Әбіл Жұмағалиев 1947 жылы 6 сәуірде Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық құмында дүниеге келген. Әкесі Жұмағали Әбілдің 2 жасында дүниеден озып, анасының тәрбиесінде ағасы Жалғас екеуі қиындықпен күндерін өткізген. Ә.Жұмағалиев Тұщықұдық орта мектебінің 7-сыныбынан кейін Гурьевтегі музыка училищесін бітіріп, Алматыдағы Қазақстанның халық артисі Гүлжиһан Ғалиеваның эстрадалық студиясында КСРО халық артисі, профессор Бекен Жылысбаевтың класын бітірген. Жамбылда 1975-1976 жылдары облыстық филармонияда қызмет еткен. 1978 жылы Маңғыстау ауданына келіп сол уақыттан бері аудандық мәдениет үйінде еңбек етіп келеді. Демек, 40-тан астам жыл бір орында табан аудармай жұмыс істеу, өлмес өнерін сап алтындай таза күйінде сақтау – Ә.Жұмағалиевке ғана тән қасиет болса керек. Содан бері қаншама шәкірттерді тәрбиелеп, олар республикалық, халықаралық өнер байқауларында жүлделі орын алды. Ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің ыстығына күйді, суығына тоңды.

Маңғыстаудың төл перзенті, ысылған басшы, су төгілмес шешен Жармағанбет Айтуаров мырза жылт еткен өнерлі адамды, жарық еткен жақсылықты елеусіз қалдырмайтын тойында бастан аяқ қатысып, ат мінгізіп, шапан жауып ата дәстүрімен әншіні ардақтады, құрметтеді.

1965 жылы 24 желтоқсанда Гурьев (қазіргі Атырау) облысына қарасты Маңғыстау ауданының орталығы Таушық кентіне сол кездің өзінде елге кеңінен танылған сазгер, қайталанбас әндерімен тамсандырған, ҚР халық әртісі, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов пен талантты, ақиық ақын Төлеген Айбергенов шығармашылық сапармен келген екен.

Сол жолғы сапарларында Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергеновтің бірігіп жазған «Жаңғырған Маңғыстау», «Ақерке-Ақжайық» сияқты қазақ халқына кеңінен танымал бірқатар әндері дүниеге келіпті.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мал ұрланбасын десеңіз — чиптеңіз

Ұлылардан қалған алтын ізді жалғаушы Әбіл Жұмағалиев «Жаңғырған Маңғыстау» әнін содан бері өзіне бойтұмар етіп әлі күнге дейін асқақтата орындап келеді. Әбілдің орындауында еңселі ән, шырқап салар шығармасы бұл – Ә.Бейсеуовтің «Адамдар аққуларды атпаңдаршы» туындысы. Ерекше, шебер орындалатын асқақ ән Әбіл әншіні де биікке көтеріп, асқақтатты.

Біз Әбіл Жұмағалиевті тумысынан тек жақсылыққа бейім жаратылған, ерекше сипаттағы ар-ожданы биік, пайым-парасаты жоғары азамат екенін білеміз. «Жақсы мінез – жанға дос» демекші, жарқын биязы аңқылдақ мінезі, адамгершілігі, кісіге қайырымдылығы, иман жүзді мейірімділігі, сүйіспеншілік пен адалдық сынды жоғары қасиеті оның болмысын тұлғаландырып тұратыны анық. Мерейлі 70 жасында бары – берекеге, берекесі – мерекеге ұласып, тәңірім өмір деген ұлы белестің тайғақ жерінен тайдырмай, сулы жеріне батырмай, соқпағына соқтықтырмасын деген ақжарма тілегімді айтамын.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
профессор

Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз