Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғам өміріне баулау—бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. «Қолдау-Қазақстан» көп салалы коммерциялық емес холдингі Жаңаөзен қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша осынау мәселеге қоғамның назарын аудару мақсатында Р.Өтесінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде мүмкіндігі шектеулі азаматтармен тәжірибелік семинар ұйымдастырды.

Өзекті мәселелерді ортаға салды

Семинар барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыспен қамту, баспана, тегін емдеу және массаж, психологиялық көмек, сауықтыру шипажайларына жолдамалар, арнайы жабдықталған шағын автобуспен спортзалға жеткізу, жүзу бассейніне тегін кіру, спорт секциясын медбикемен қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі адамдарға бизнес-инкубатор ашу, адамдар көп жиналатын жерлерде пандустардың санын көбейту сияқты көптеген өзекті мәселелерді көтерді.

Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектермен жұмыс жөнінде бас маман Ботагөз Сейлханова олардың бірқатар сауалдарына нақты жауап беріп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тиісті мемлекеттік қызметтер жөнін толықтай түсіндірді. №1 ЖҚЕ психологы Ақмарал Өтегенова мүгедектерді психологиялық кеңес алу үшін емханаға шақырып, әртүрлі денсаулық мектептеріне белсене қатысу керектігін қаперге берді. Ал Алматы қаласынан келген психология магистрі Саят Ибраимов қатысушыларға өмірлік мотивацияны көтеру жөнінде баяндама жасады.

Басқосуда Р.Өтесінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры Батыр Қорғанбаев мүгедектерді жүзу бассейніне тегін кіргізу және арнайы жабдықталған шағын автобуспен спорт секциясына әкеліп, алып кету мәселесін шешуге жәрдемдесетін айтты. Бірақ ол үшін мүгедектермен жұмыс жүргізетін жергілікті үкіметтік емес ұйымдар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне ресми сұраныспен шығуы керектігін атап айтты. Семинарға қатысқан үкіметтік емес ұйымдар қозғалған өзекті мәселелерді қағаз бетіне түсіріп, жергілікті атқарушы органға арнайы сауал жолдауға өзара келісті.

Семинарға қатысушыларға «Қолдау-Қазақстан» КСКЕХ дайындаған ақпараттық материалдар таратылып, жиналысқа арнайы шақырылған медициналық қызметкерлер олардың қан қысымының мен салмақтарын өлшеді.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар келген қонақтарға алғысын білдіріп, құзырлы мекемелер өздерімен жиі хабарласып тұрса деген тілектерін жеткізді.

   Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз