Аптаның басында бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбырдан болатын су басу қаупінің салдары жойылды. Соңғы жылдары жиі қайталанатын нөсер жауынға биыл аудан, ауыл әкімдігі мен коммуналдық қызмет жұмысы сақадай сай болып, апатты жағдайларды болдырмау үшін жұмыла еңбек етіп, жиналған суды оқтын-оқтын сорғызып, төгіп тастап немесе дренаждар арқылы ағызып отырды.

Бұл жұмыстарға Маңғыстау ауылы бойынша «Самғау құрылыс» ЖШС-і «Зағиптар қоғамдастығы» ЖШС-і, «Маңғыстау Жылу» мекемелері бір-бір ассенизатордан бөліп, нәтижесінде 1320 текше метр су сорылып шығарылды. Ал, Атамекен ауылында су басу қаупі басым болғандықтан «Маңғыстау жылу» мекемесінен 2 ассенизатор, 1 мотопомпа, «Атамекен тазалық» мекемесінен де қос ассенизатор шығарылса, «Маңғыстау энерго» мекемесінен 15 адам нөсер жауын астында еңбек етті. Осылайша ауыл аймағы 1152 текше метр судан тазартылды.

Басқұдық ауылында «Вест Маңғыстау», «Бек АқтауГазСнап» ЖШС-і мен құрылыс бөлімінен қос-қостан ассенизатор, «Альянс ЛТД» ЖШС-і мен «Қиқуат» жеке кәсіпкерінен бір ассенизатордан жұмыла жұмыс жасап, 1160 текше метр су сорып шығарды.

Ауылдар судан тазартылды

Дәулет ауылында «Арас-Ақтау», «Эко Су Тазарту» ЖШС-терінен бір-бір ассенизатордан және «Маңғыстау жылу» мекемесінен бір эксковатор табиғатқа тоқтау болуға жұмыстанып, нәтижесінде 288 текше метр су сорылды.
Баянды ауылында «Қаражанбас supply» ЖШС-інен бір ассенизатор, «Мұнайлы қызмет» ЖШС-інен екі ассенизатор қосылып, ауылды 50 текше метр судан тазартты.
Батыр ауылын судан тазартуға «Мұнайлы қызмет» ЖШС-інен бір ассенизатор, «Су қорғау қоғамы»мекемесінен 1 мотопомпа бөлініп, 70 текше метр су алынса, Қызылтөбе ауылында «Атамекен тазалық» мекемесінен бір ассенизатор, «Маңғыстау жылу» мекемесінен бір эксковатор жұмылдырылып, ауылдан 40 текше метр су сорып алынды.
Жалпы ауданымызда суға кету қаупі бар аймақ Атамекен ауылы мен Баянды ауылы болатын. Естеріңізде болса өткен жылдары жауған жаңбыр салдарынан бірнеше үйлер су астында қалу қаупі төнген. Осы жайларды ескерген аудан әкімі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ауыл-аймақ қауіпсіздігіне назар аударып, нақты тапсырмалар берген болатын. Нәтижесінде өткен жылдың күз айларында көше бойларындағы ой жерлерге топырақ төгіліп, жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осылай алдын ала қамданғанның нәтижесінде тынымсыз жауған жаңбыр салдары дер кезінде жойылды.

Гүлнар БЕКҚАЛИҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз