врач дәрігер доктор медик vrach dariger doktor medik

2020 жылы дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға өседі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, 2020 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Осыған орай, жүйенің дайындық деңгейін тексеру мақсатында 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында медициналық сақтандыру пилоттық түрде іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – медициналық қызметті алушылардың «сақтандырылу» статусын сәйкестендіру, тегін медициналық көмектің көлеміндегі және медициналық сақтандыру жүйесіндегі қызметтерді жеке-жеке есепке алу, 2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесін толығымен енгізу мақсатында дайындық жұмыстарын жүргізу болып табылады. Жобаны іске асыру үшін бюджеттен қосымша 2,3 млрд теңге, оның ішінде профилактикалық қарап-тексеру мен консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін жоғарылатуға 1,7 млрд теңге, медициналық оңалтуды кеңейтуге 600 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді.

«Пилоттың оперативтік деректері бойынша екі айдың ішінде өңірде қымбат тұратын компьютерлік томография және магниттік-резонансты томография қызметтерінің саны — 178, медициналық оңалту қызметтері — 73 және консультациялық-диагностикалық көмек қызметтері 42 пайызға ұлғайды», — деді ол.

Оның дерегінше, халық қажеттілігінің негізінде оңалтуды қоса алғанда, медициналық көмектің басым түрлерін қаржыландыру келесі жылы 7 есеге және 2025 жылға қарай 11 есеге дейін өседі. Тарифтердің өсуі медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Келесі жылы дәрігерлердің еңбекақысы 30 және орта медицина персоналының еңбекақысы 20 пайызға ұлғаяды.