РЕДАКЦИЯДАН: Әріптесіміз Камшат Әбдірайым Asia Journalism Fellowship бағдарламасы аясында Сингапурда біліктілігін жетілдіріп жатыр. Үш айға созылатын бағдарламаға Азияның 13 мемлекетінен 16 журналист қатысып жатыр. Айта кетелік, әріптесіміз — биыл 11 рет ұйымдастырылған бұл бағдарламаға жолдама алған алғашқы қазақстандық журналист. Қатысушылар Темасек қорының қаржылай қолдауымен Сингапур Ұлттық университетінің Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат институтының базасында білім алып, зерттеу жұмысын жүргізеді.

Назарларыңызға К.Әбдірайымның Сингапурдың әлеуметтік тұрғын үй жүйесі туралы жолжазбасын ұсынамыз.

Сингапур халқының 80 пайызы public house, яғни әлеуметтік тұрғын үйде тұрады және 10 тұрғынның 9-ы – өзі тұратын пәтердің иелері. Соның арқасында тұрғын үй иелігі бойынша Сингапур әлемде алдыңғы орындардың бірінде. Бұл туралы Asia Journalism Fellowship бағдарламасы аясында Сингапурдың Тұрғын үй құрылысы және даму кеңесіне (HDB) барғанымызда білдік.

Бүгінде Сингапурдағы басты мәселенің бірі – не саламын емес, қайда саламын деген сұрақ. Өйткені қала-мемлекеттің жалпы аумағы 720 шаршы шақырымды құрайды. Тұрғын үй құрылысы кеңесінің бастығы Чонг Кун Хиэн 2030 жылға таман Сингапур халқының орналасу тығыздығы бір шаршы шақырымға 11000 адамнан 13,700 адамға дейін артады деп мәлімдеді.

Сингапур үй тапшылығы мәселесін қалай шешті?

Бірақ 60 жылдары Сингапурдың басты мәселесі тұрғын үй тапшылығы болды. Ол кезде халықтың басым бөлігі лашықтарда, тұруға қолайсыз елді мекендерде өмір сүретін. Елдің тек 9% ғана мемлекеттік пәтерде тұрған. Үкімет мүмкіндігінше қысқа мерзімде көп адамды баспанамен қамту үшін 1960 жылы HDB мекемесін құрады. Үш жылдың ішінде HDB 21 мың пәтерді пайдалануға берсе, 2 жылдан кейін пәтер саны 54 мыңға жеткен. Осылайша он жылдың ішінде кеңес елдегі үй тапшылығы мәселесін шешеді. Бүгінгі таңда HDB аралдағы 23 аудан пен 3 телімде табысы төмен және орта деңгейлі отбасылар үшін салған пәтердің саны миллионнан асқан. 1964 жылы сингапурлықтардың 23% мемлекеттік үйде тұрса, 2018 жылы 81%-ға жеткен. HDB пәтерлерінде тұратындардың 94% пәтер иелері болса, 6% жалға алушылар екен.

Мемлекеттік тұрғын үймен қамту мәселесіне жалғыз агенттіктің жауап беруі ресурсты тиімді пайдалануға мүмкіндік берді дейді HDB мамандары. Кеңес баспананы жоспарлау мен жобалаудан бастап жерді бөлу, салу, басқару және техникалық қызмет көрсетуге дейін біртұтас қарастырады.

Сингапур үй тапшылығы мәселесін қалай шешті?

Тұрғын үйді алғаш алушылардың 90% өз пәтерін Build-to-Order, яғни «Тапсырыспен салу» бағдарламасы арқылы алады. Сондай-ақ re-offered balance, яғни HDB теңгеріміндегі сатылмаған, не жөнделген, жаңартылған пәтерлерді алуға да мүмкіндік берілген. Мәселен, 2019 жылдың қыркүйек айында HDB 4 089 пәтерді сатылымға шығарды, оның 3 373-і жаңа пәтерге тапсырыс (Build-to-Order) болса, 716-сы – жөнделген үйлер.

HDB сингапурлықтарға 99 жылға дейін жалға алу арқылы сатып алуға мүмкіндік береді. 1968 жылы тұрғындарды үй алуға ынталандыру үшін алғашқы және ай сайынғы төлем ретінде Орталық қамсыздандыру қорындағы (CPF) жинағын пайдалануға рұқсат берген. Айта кетелік, CPF жинағы, яғни әлеуметтік қамсыздандыру жоспары жұмыскер (жалақының 20%) мен жұмыс берушінің салымынан (жалақының 17%) құралады. Осы 37% қаражаттың 23%-ын азаматтар үй алуға, сақтандыруға және білім алуға жұмсай алады. Қалғаны зейнетақы (6%) және медициналық сақтандыру (8%) үшін жиналады.

Сонымен, Сингапурда мемлекеттік пәтерге кім өтініш бере алады?

  • Сингапурдың азаматы;
  • Жасы 21-ден асқан отбасылы немесе жасы 35-тен асқан жалғызбасты жандар;
  • 11 қыркүйектен бастап HDB өтінім берушілерге талапты күшейтті. Енді отбасының ай сайынғы табысы 14 мың S$, жалғызбасты жандардың табысы 7 мың S$ кем болмауы тиіс.
  • Иелігінде пәтері болмауы тиіс.

Пәтер алуға мүмкіндігі жоқтар үшін жалға алу жүйесі де қаралған. Сондай-ақ пәтерді жалдауға, кіші немесе үлкен пәтерге ауыстыруға, қалған жалдау сомасын HDB өзіне қайта сатуға мүмкіндік берілген. Бір өтініш берушіге бір ғана HDB пәтерін алуға рұқсат етілген және 5 жыл ішінде сатуға тыйым салынған.

HDB өтінімді қарау кезінде алушылардың кірісін есептейді. Сонымен қатар, жаңа пәтерлер үшін қарызға қызмет көрсету коэффициенті (DSR) мұқият қаралады. Бірінші рет пәтер алғандар несиесін төлеу үшін ай сайынғы табысының 4-тен бірін ғана жұмсайды екен.

Мысал келтірсек, 2018 жылы 2 бөлмелі пәтердің орташа бағасы 122 мың S$ болған. Оның 75 мың S$ грантпен өтеліп, пəтер бағасы 47 мың S$ құраған. Сингапурлықтардың арасында жоғары сұранысқа ие 4 бөлмелі пәтердің құны 306 мың S$ болып, оның 45 мың S$ грантпен өтеліп, пəтер 261 мың S$ бағаланған.

Мұндағы грант орташа мөлшерде алынған. Оның нақты сомасы сатып алушының табысы мен мүмкіндігіне байланысты. Бұл грант пәтер алушыларды қолдау, ынталандыру мақсатында беріледі. Ал HDB пәтерлерді сатудан пайда көрмейді, сондықтан үкімет мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру үшін оған грант бөледі. Бұл қаражат HDB-дің тұрғын үй жеңілдіктері мен ескі құрылыстарды жаңартуға кеткен жылдық дефицитін жабуға жұмсалады. Айта кетерлігі, 1999 жылдан бастап HDB өзінің даму бағдарламасы мен айналым капиталын қаржыландыру үшін капитал нарығына қол жеткізген.

Тағы бір айта кетерлігі, Сингапурда әр түрлі нәсілдің, мәдениет пен конфессияның өкілі тұратындықтан, әлеуметтік келісімді қамтамасыз ету ерекше мән берілген. Бір ауданда бірнеше ұлттың аралас тұруы үшін Этникалық ықпалдастыру саясаты қолға алынған. Оған сәйкес, 2010 жылдан бастап әрбір квартал мен ауданда әрбір этникалық топ үшін квота бөлінген.

Сингапурдың әлеуметтік тұрғын үй жүйесімен танысуға барғанымызда байқағанымыз HDB ғимаратында пәтерлердің прототиптері жасалған. Өтініш берушілер жиһазбен жабдықталған 2, 3, 4 бөлмелі пәтерлерді аралап көріп, таңдау жасай алады.

Камшат ӘБДІРАЙЫМ

Суреттер автордан