әбу-бәкір жәнібеков

Маңғыстаулық спортшы Әбу-Бәкір Жәнібеков Румынияда өткен Balkan Open WORLD CUP халықаралық рейтингтік турнирінде топ жарды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Бұл додада 62 келі салмақта файтинг жүйесі бойынша 4 кездесу өткізген Әбу-Бәкір Румыния, Франция, Нидерландия, Италия спортшыларымен сынға түскен. Ал Қазақстандық құрама турнирден бір алтын, екі күміс жүлдені ел қоржынына салып қайтты.

«Финалда Италия спортшысымен кездестім. Қарсыластарым осал болмады. Дегенмен, алтын жүлде маған бұйырыпты. Бұл да бір кезекті жеңісім болды. Мені қолдап, тілеуімді тілеп жүрген жандарға әрқашан ризамын. Жеңіс оңай келмейді дейді ғой, чемпион атағын ұстап қалу үшін көп еңбектендім. Әр жүлдемді бапкеріммен бірлескен жұмысымыздың жемісі деп білем», — дейді чемпион.

Джитсер 3-7 қазан аралығында Атырауда өтетін Қазақстан чемпионатына қызу дайындық үстінде. Еске сала кетейік, әр сайыстан жүлдесіз оралмайтын Әбу-Бәкір Жәнібеков джиу-джитсудан Азияның екі дүркін чемпионы. Әлемдік деңгейде бірнеше мәрте жеңімпаз атанып үлгерген спортшының жанкүйерлері Қазақстан чемпионатында тағы бір алтын тағатынына сенім артуда.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының джиу-джитсу Ассоциациясы» бұл спорт түрі мен оның бағыттарын жергілікті және республикалық деңгейде дамытатын ұйымдарды біріктіру үшін құрылған. Ассоциация халықаралық джиу-джитсу федерациясының және «СпортАккорд» халықаралық конвенциясының толық құқықты мүшесі.

Оқи отырыңыз: Маңғыстаулық спортшылар жүлдемен оралды
Әлемді мойындатқан чемпиондар ортамызда

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ