1939 жыл біздің Маңғыстау өлкесіне елеулі жаңалықтар ала келген жыл болыпты. Таушық маңынан көмір өндіретін алғашқы өндіріс ашылады. Шахтерлер тұратын үйлер салынып, оларға басқа жерден мамандар көшіп келе бастайды. Маңғыстаулықтар Форт-Шевченконы «Арғы қала», Таушықты «бергі қала» атандыра бастайды. Таушық маңынан кірпіш зауыты ашылады. Маңғыстау тұрғындарынан жер астына түсіп көмір қазатын еріктілер іздестіріліп, олар да шахтер атағына ие болады.

Шаруашылықтан гөрі серілікке құмарлау Кекіл­бай (Айекеңнің сөзінен) 1939 жылы Онды, Мырзайырдан алғашқылардың бірі болып шахтаға түсуге Таушыққа аттанады. Осы жыл соңында Ке­кілбайұлы Әбіш өмірге келеді.

Көмір өндіретін трест Қапыдан «Шахтерлер ауылын» са­лады. Келесі жылы Кекілбай Қапыдағы шахтерлер аулына үйін көшіріп алады. Дыбыс, Қаракөз, Әбіш атты балаларына осы жұртта Тілектес атты қыз қосылады.

Биыл 2019 жыл. Маңғыстау өңірінде пайда болған ал­ғашқы өндіріске, маңғыстаулықтардың шахтер атанып, ал­ғашқы айлық табыс табуы секілді оқиғаға да 80 жыл толып­ты.

Маңғыстауда алғашқы темір жол салынып, онымен Сартас теңіз пристанына көмір тасыла бастағанына да, қызыл кір­піш шығарылғалы да 80 жыл екен.

Темір жол Ембі тауындағы Қапы аңғары арқылы жүр­гізіледі. Жұмысшыларды жұмысқа жеткізудің, алып қай­тудың жолын оңайлатып, шахтерлер ауылы Қапыдағы темір жол бойына орналастырылады.

Кекілбай осы қыстауынан 1942 жылы соғысқа аттанады. Шахтадағы орнын зайыбы Айсәуле басады. Дүниежүзілік қырғын соғыс сесі шахтерлер ауылын айналып өтпепті. Не­містер Қапы бойындағы темір жолды, Таушық жақтағы кір­піш зауытты бомбалайды. Бұл деректер – бұдан сексен жыл бұрынғы Маңғыстау тарихы. Әбіш Кекілбайұлының бала­лық шағының бір беті.

Енді жарты жылдан соң Әбекең де сексенге толар еді. Сол күннің жақындағанының қырсығы ма? Әлде бар уақыт өз еншіңе толық тигендігінің қырсығы ма? Әйтеуір өткен өмірді жиі еске түсіре беретін болып алдық. Әбекеңді көбірек еске аламын. Алпыс жылдан астам жұбымыз жазылмап еді. Бір­-бірімізге құран ұстап ант бермегенмен ақиреттік достай сезі­нетінбіз. Ол «Үркер» атты кітабы шыққанда авторға берілетін үш кітаптың бірінің бетіне «Бұл өмірде ең жақсы көрген дос­тарым Сайын мен Қантөре …» деп басталатын қолтаңбамен сыйға тартып еді. Бұл сөзді қалай ұмытарсың! Әбекеңнің маған деген бұл ниеті Әбекеңді қалай сағындырмасын…

Әбекеңнің талант тауы әлемді «кемеңгер Кекілбаев» деп тамсандырған Әбекең 80 жасына төрт жыл жеткізе алмай мынау байтақ әлемнен биіктігі бір метр «Ел таңба» бедерлі ақ мрамор тасты ғана еншілеп, мәңгі мекеніне аттанып кет­ті. Тас қоюшылар Әбекеңнің туған күнін 06.12.1939 деудің орнына 06.11.1939 деп қашап, салақтық танытқан екен. Тірі­сінде ешкімге өкпелемейтін Әбекең о жақта өзіне деген бұл салақтыққа шыдайды ғой…

Шахтер Кекілбай үйі, жалғыз ұлы бір жасқа толмай Сар­тас пен Таушықты жалғастырып жататын Қапы атты табиғат ерінбей өрнектеген жерге көшіп келеді. Әбекең сегіз жасқа келгенше сол Қапыда салынған шахтерлер аулында бала­лық шағын өткізген. Екі­-үш жасында немістердің тастаған бомбасының дүмпуінен шошынып, дауысын естіген. Апаларына еріп барып өлген түйенің денесін көрген.

Дәл сол қыстаудан әкесі Кекілбай соғысқа аттанған. Ана­сы Айсәуле сол қыстаудан барып-­келіп, әкесінің орнына шахтаға түсіп, стахановшы атанған. Сол қыстаудың теңіз жағындағы тау басына өрмелеп шығып бала Әбіш күні бойы, апаларының бірі барып оны алып кеткенше тапжыл­май отыратын әдеті болыпты. Әбекең сол жұрттан бірінші класқа Таушыққа кетеді.

Кекілбай өз қолымен тұрғызған сол қыстауынан 1942 жылы соғысқа аттанып еді дедік. Әбіш маған сол жұрты­ның орнын екі рет көрсетіп еді. Бұл күндері мені ой бас­қан уақытта: «Апырым­-ай, Әбекең неғып сол жұртты қай­та­-қайта көрсетті?» – деп ойға батамын. Мүмкін менің ескерткішке құмарлығымды осы қыстауға да оятқысы келді ме? Ашық айтуға мені аяды ма? Бірақ ештеңе ашып айтқан да жоқ, сездірген де жоқ болатын…

Міне, енді өзіміз де сексенге келіп қалдық. Бұрынғы қай­рат, бұрынғы мүмкіндік жоқ. Дегенмен мен осы мақаланы жер иесі Түпқараған ауданының азаматтарына арнап жазып отырмын. «Шахтерлер аулындағы Кекілбай қыстауы» атты бір шағын күмбез онша қиын шаруа емес. Қапы аңғары – нағыз туристік маршрут. Ол аңғардың бойында табиғи да, тарихи да белгілер жеткілікті.

Әбекең біз туралы: «Сайын елу жасында ел егемендігімен бірге қайта туып, бір қолына қалам алып, бір қолына қалақ алып іске кірісті» – деп еді. Қазір қалам мұқала бастады, қалақ ауырлай бастады. Дегенмен «Шахтерлер аулындағы Кекілбай қыстауы» атты шағын күмбезді тұрғызамыз деу­ шілерге жобам да дайын, қол көмек көрсетуге де әзірмін. Бұл шаруаны үстіміздегі жылда аталып өтетін Әбекеңнің 80 жылдығына дейін бітіріп тастаса дұрыс болар еді…

Бұдан бұрынғы бір-­екі рет ұмытылған әрекетім дегеніне жетпеді. Облысымызға ел мен жер тарихынан хабары мол кісінің әкім болып сайлануы бұл жобаның тез іске асатынына сендіре түсуде.

Ембі тауының Қапы аңғары – маңғыстаулықтар үшін де, қазақстандық туристер мен шетел туристері үшін де әлемде теңдесі жоқ көріністерімен де, тарихи оқиғаларымен де ерек­ше жер екенін де естен шығармалық…

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ,
сәулетші, ақын