голливуд
Сурет сайт архивінен

«Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай» деген атауға ие. Сондықтан да бұл өлкенің туристік әлеуеті жоғары. Табиғат ана Каспий теңізі мен шөлейтті аймақты қатар тоғыстырып, сан ғасырлық тарихы бар жәдігерлер мен қайталанбас нысандарды барынша мол шоғырландырған. Ендеше, мұндай ғажап жерлерге туризмді дамытуға не кедергі? Саяхатшыларды өлкеге көптеп тарту үшін қандай жобалар жүзеге асуы керек? Бұл туралы Ақтаудағы өңірлік кәсіпкерлер палатасында ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде мәлім болды.

Жиын жұмысында «Kazakh Turism» ұлттық компания­сының басқарма төрағасы Өркен Бисақаев аймақтағы туризмді дамытудың маңыздылығына тоқталды. «Маңғыстау Қазақстанның туристік ай­мағы саналатын үздік ондыққа енді. Ақтау қаласы мен Құрық паром кешені аралығын қамтитын аумақтағы туризмді дамытуға республикалық бюджеттен 18 млрд. теңге бөлінді. Жағажай демалысын дамыту басты назарда. Оған осындағы инфрақұрылым жасақталып, Ақтау мен «Алау» лагері жолдары жөнделетін болады», – деді Өркен Бисақаев.

Ал ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Орда­баевтың айтуынша, Маңғыстау туризмін дамыту үшін алдымен туристерді күтіп алу талаптарын жетілдіру керек. Әуежай мен темір жол вокзалының дайындығы қандай? Көлік жолдарынан Ақтау–Аты­рау тас жолының сапасы жоғары екенін көрдік. Ал жолдарда туристерге сервистік қызмет көрсету деңгейін лайық деп айта алмаймыз. Саяхатшыларды қарапайым шайханамен емес, қызықты, тың жоба­лармен тартуды ойластыру керек. «Жоба­лау офисі» жобасы осы жайттарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстелде туристік аймақтарға халықты тарту үшін ішкі әуе қатынас­тарын оңтайландыру ұсынылды. Мек­теп демалысы маусымында балалар би­леттерін субсидиялау, бір ересек адамға екі баланы тегін алып жүру жағдайын қарастыру турасында пікір айтылды. Сонда отбасы бюджеті 30 пайызға үнем­деліп, халық шетелге емес, отандық ту­ристік жерлерге ынта білдіреді екен. Тур полиция қызметін құру, авто керуен, медициналық туризм, балалар туризмі т.б дамыту – уақыт еншісінде. Мұның бәрі Қазақстанды туристік тартымдылығы бар 50 елдің қатарына қосу міндетін жүзеге асыруға көмектеспек.

Ақтау халықаралық әуежайының ди­ректоры Ерғазы Жолдасов әуе рейстерін ашудағы  кейбір мәселелерге тоқталды. «Иран мен Түрікменстан сияқты көршілес елдерге рейс аша алмай отырмыз. Ниет білдірген компанияларға рұқсат берілмеді. Көрші Әзірбайжанда бұл мәселе жоқ. Ирандық туристер Бакуде визасыз жүр. Бакуге туристер ағылады. Қосымша рейстер ұйымдастырып жатамыз. Бізге неге сондай жағдай жасамасқа? Турис­терді тіркеу әуежай ғимаратында болуы керек, олар көп уақытын құжаттармен әуре­-сарсаңға жұмсамауы тиіс. Ішкі рейстерді субсидиялау жеделдетіп қолға алынса, жаз мезгілінде Атыраудан күніне 4 рейс жасалады. Осындай сұраныс еліміздің барлық аймағынан, жақын ше­телдерден де түсеріне сенім мол», – деді әуежай директоры Е.Жолдасов.

Ашық диалогқа кәсіпкерлер де қаты­сып, ой-­пікірлерін ортаға салды. Бас қосуда    айтылған барлық ұсыныстар «Атамекен» ҰКП басшылығымен тал­қыланып, Үкіметке жолданатын болады.

Жайық НАҒЫМАШ