Биыл «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестиваліне қатысушылар 9 аталым бойынша өнер көрсетеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін өнер байқауы «Жетістікке жетелейтін жеті қыр» тақырыбына арналады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Шараның басты ерекшелігі – қатысушылар «көркемсөз оқу» аталымы бойынша Ә.Кекілбайұлының прозалары мен Ф.Оңғарсынованың поэзиясынан үзінді оқиды. Осылайша ұлы тұлғалардың 80 жылдық мерейтойына орай шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттайды. Сондай-ақ Сүгір жыраудың 125 жылдығына, Мұрат Өскінбайұлының 115 жылдығы да аталмыш байқауға арқау болады.

2006 жылдан бері өз жалғасын тапқан «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінің ашылу салтанаты Жаңаөзен қаласында өтеді.

«Фестиваль 9 аталымды қамтиды. Атап айтқанда, аспаптық-халықтық музыка жанры (оркестр, домбырашылар ансамблі), халықтық аспаптарда орындау, эстрадалық музыка жанры бойынша вокалды аспапты ансамбльдер (соло, дуэт, трио, квартет), көркемсөз оқу, классикалық жанр, хореография жанры (халық биі, эстрадалық сахналық би, жеке би, тақырыптық би), бейнелеу өнері, дәстүрлі ән және айтыс номинациялары бойынша қатысушылар сынға түседі», — дейді облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Злиха Сапарова.

Фестиваль өнерпаздардың өсіп, дарынын танытып қана қоймай мекемелердің де талапқа сай болуына ықпал етті. Бұл жөнінде облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Нұрболат Кудусов айтты.

«Облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінің өтіп келе жатқанына он жылдан астам уақыт болды. Осы жылдарда көптеген мекеменің материалдық-техникалық базасы нығайып, музыкалық аспаптармен қамтамасыз ету деңгейі жоғарылады. Қазір барлық қала, аудандарда ұлт-аспаптар оркестрі мен орындаушыларға қажетті құрал-жабдық бар. Сондықтан да қатысушылар байқау шарты бойынша өз өнерін жанды дауыста орындайды», — деді ол.

Айта кетейік, алғашқы жылдары 800-ге жуық өнер иесі аталған байқауда бақ сынаса, уақыт өте келе фестивальге қатысушы саны 2000-ға жетті. Екі фольклорлық ансамбль өнер бәйгесіне қатысқан болса, қазіргі таңда олардың саны он үшке жетіп отыр. Демек «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалі жастардың ұлттық өнер мен құндылықты дәріптеуіне, талантымен талай жұртты тамсандыруына үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті ұсынған Өңірлік коммуникациялар қызметі