Каспий теңізі мәселелері
Сурет mfa.gov.kz алынған

2019 жылғы 16-17 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында Каспий теңізі мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі жұмыс тобының (ЖДЖТ) екінші отырысы өтті.  Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап mangystaumedia.kz сайты хабарлайды.

Отырысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Б.Б.Атамқұлов ашты. Сыртқы саяси ведомствоcының басшысы ЖДЖТ алдында тұрған міндеттердің маңыздылығын және Каспий теңізіндегі ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша тараптардың қарауында жатқан бес жақты келісімдер жобаларын іске асыруды күшейту қажеттігін атап өтті. 2019 жылы Түрікменстанда Каспий Экономикалық Форумын өткізудің маңыздылығы атап өтілді.

Келіссөздерге Әзербайжан Республикасының (басшысы — Х.А. Халафов), Иран Ислам Республикасының (басшысы — Р. Назар Ахари), Қазақстан Республикасы (басшысы — З.А. Аманжолова), Ресей Федерациясының (басшысы – И.Б. Братчиков) және Түрікменстанның (басшысы — М.Г. Атаджанов) делегациялары қатысты.

Тараптар Каспий теңізінде бастапқы тік сызықтарды белгілеу әдістемесі туралы келісім жобасын талқылауды жалғастырды және оның бірқатар ережелері бойынша келісті. Осы құжаттың талқылануы келесі отырыста жалғасатын болады.

Кездесу барысында тараптар Каспий теңізіндегі ынтымақтастықтың түрлі аспектілері бойынша шолу өткізіп, Бесінші Каспий саммитінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру туралы пікір алмасты.

Делегациялар келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалап, кездесуді ұйымдастырудың жоғары деңгейі үшін Қазақстан Республикасына үлкен ризашылығын білдірді.

Каспий теңізі мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейдегі жұмыс тобының келесі кездесуі 2019 жылғы шілдеде Иран Ислам Республикасында өтетін болады.