Akorda Ақорда

ҚР Президенті Нұрлан Ермекбаев пен Кәрім Мәсімовке генерал-майор атағын берді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

«Генерал-майор әскери атағы Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевқа», — делінген Мемлекет басшысының Жарлығында.

Президент Нұрлан Ермекбаев пен Кәрім Мәсімовке генерал-майор атағын берді

Нұрлан Ермекбаев 1963 жылы туған. 1986 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің Мәскеудегі Әскери Қызыл ту институтының шығыс тілдері факультетін тәмамдаған. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының экономика факультетін бітірген. Орыс, қытай, ағылшын және португал тілдерін меңгерген. Саяси ғылымдар кандидаты.

2001 жылдан бастап 2003 жылға дейін Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі  қызметін атқарды. 2003 жылдан бастап 2004 жылға дейін — ҚР Сингапурдағы уақытша сенімді өкілі (дипмиссия басшысы). 2004 жылдан бастап 2006 жылға дейін — ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі. 2006 жылдан бастап 2007 жылға дейін — Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі — ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі. 2007 жылдан бастап 2010 жылға дейін — ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары. 2010 жылдан бастап 2012 жылға дейін — ҚР Президентінің көмекшісі.

2012 жылдан бастап 2014 жылға дейін — Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі. 2012 жылдан бастап 2013 жылға дейін — Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы. 2012 жылдан бастап 2014 жылға дейін — Қазақстанның Корея Халықтық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы. 2014 жылдан бастап 2016 жылға дейін — Президенттің көмекшісі — Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы. 2016 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысының Жарлығымен дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалған еді.

«Парасат» (2015), «Құрмет» (2005) ордендерімен, «Оңтүстік Қазақстан облысының игілігіне еңбегі үшін», «Жергілікті жанжалдарға қатысушыға. Ангола» медальдарымен, басқа да бірқатар мерейтойлық медальдармен, «Президенттің алғысы», «Қазақстан темір жолына 110 жыл» төсбелгілерімен марапатталған. Дипломатиялық рангі — Төтенше және Өкілетті Елші.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кәрім Мәсімовке Ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағын берді.

«Ұлттық қауіпсіздік генерал-майор арнаулы атағы Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовке берілсін», — делінген Мемлекет басшысының Жарлығында.

Кәрім Мәсімов
Сурет baribar.kz алынған

Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов 1965 жылы Қазақстанның Целиноград қаласында дүниеге келген.

1982 жылы Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебін үздік бітірген.

1985 жылы Мәскеу қаласындағы П.Лумумба атындағы Халықтар Достығы университетінде араб филологиясы бойынша білім алды.

1988 жылы Пекиндегі Тіл білімі институтында оқыған.

1991 жылы Қытайдағы Ухань заң университетін, 1995 жылы Қазақ мемлекеттік Басқару академиясын бітірген.

1999 жылы Колумбия университетінде (Нью-Йорк) топ-менеджерлер даярлау бағдарламасынан өткен.

Орыс, қазақ, ағылшын, қытай, араб тілдерін меңгерген.