Бейбіт Қорған

Жақында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қолдауымен «Бақытты балалық шақты қорғау» жобасы аясында қайырымдылық концерті өтті. Мақсаты – қоғамда балаларға қатысты заңсыз әрекеттерге жол бермеу қағидатын қалыптастыру. Осы жоба аясында республиканың барлық облыстарында осындай ән кеші өткізілді.

Отандық әнші, «Азия дауысы» мен «Дарын» сыйлықтарының лауреаты Бейбіт Қорғанның қатысуымен өткен қайырымдылық концертін облыстық полиция департаменті ұйымдастырды.

Бейбіт Қорған кештің басты қонағы болып, бүлдіршін балалармен бірге ән айтып, би билеп балалардың көңілдерін көтерді Концертке көрермен ретінде аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар, полиция есебінде тұрған жасөспіөрімдер мен облыс орталығының тұрғындары шақырылды.

Қайырымдылық концерт ауқымды іс-шараға лайықты аяқталды, сондай-ақ 2019 жыл Мемлекет басшысының жарлығымен жарияланған «Жастар жылының» бастауын да атап өтті.

Көрермендер өзінің танымал әндерін орындаған әншіні жылы шыраймен, шын жүрекпен қарсы алды. Концерттік бағдарламада белгілі музыкалық композицияларды қатысушылар орындаушымен бірге орындады. Ән кешіне полиция департаменті мен филармонияның шығармашылық ұжымдары да қатысты. Полицейлер балаларға сыйлықтар таратты. Келген қонақтар концерттен ұмытылмас жарқын әсер алды.

Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ