Дікілтас
Болгар жеріндегі дикилиташтар

Біздің заманымыздан бұрынғы сегізінші ғасыр мен біздің заманымыздың сегізінші ғасыры арасындағы уақыт аралығында Қазақстанның батыс өлкелерін, оңтүстік Орал алқаптарын мекендеген, үлкен тобы Еділден батысқа өтіп, солтүстік Қара теңіз өңірлерін жайлаған, тарихи деректерде алғаш рет ҮІІІ (б.з.б) ғасырда көрініп, Диадор, Үлкен Плиний, Полибий, Геродоттардың аузына ілініп, жазба мұраларына аттары хатталып қалған, Солтүстік Кавказға, Парфияға жаулаушылық жорықтар жасап, дүн-дүниені ұйқысынан селт еткізіп оятқан әйгілі тайпа — сарматтар (савроматтар) жөнінде білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Б.з. І-мыңжылдықтарының басында туып, қалыптасты делінетін Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың арасында зергерлік өнерде кең тараған «полихромдық стильде» безендірілген сармат тайпаларының зергерлік, тұрмыстық бұйымдары Маңғыстау жерінен көптеп табылды.

Сарматтардың мәдениетінен біршама мағлұмат беретін кезең – Прохоров кезеңі. Оның ішінде жерлеу мәдениетіне ғана назар аударсақ дейміз. Ерте прохоров кезеңінде политеизм (көп құдайға табынушылық) сенімінде болған сарматтар жерленген адамның басын оңтүстікке қаратқан. Бұл қабірлердің ішінде ұжымдық қабірлер де кездеседі. Ұжымдық қабірлердің ерекшелігі ер адамның, әйел адамның да мүрделері қатар жата беріп, кейде жас баланың қаңқасы аяқ жаққа орналасады.

Маңғыстау жерінде, оның ішінде Түпқараған ауданында сарматтардың жерлеу ғұрпы мен мәдениетінен хабар беретін сол дәуірден сақталған көне қорым бар. 1992-1993 жылдары Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы, яғни Герман археология институтының корреспондент-мүшесі, әйгілі тарихшы, археолог Зейнолла Самашев бастаған топ Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласынан шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан Дікілтас қорымын тауып, одан төрт ескерткіш қазып алды. Ең көрнекті бірінші оба — күрделі архитектуралық кешен, ол жерлеу мен ғұрыптық рәсімдерді өткізетін орын мақсатында біздің заманымыздан бұрын 5-3 ғасырларда салынған.

Дікілтас обасында бірнеше мәдени белгілер қатар тоқайласады. Құрылымдық ерекшеліктері Орталық Қазақстан мәдениеттеріне жақын, жерлеу мәдениеті Оңтүстік Орал, Батыс Қазақстан, Аралдың оңтүстігінен табылған тайпалардың жерлеу мәдениеті дәстүріне жатады. Кейбір белгілері мен үлкен тақта тастары Беғазы-Дәндібай мәдениетіне, тас тізбектері Тасмола мәдениетіне ұқсайды. Ежелгі жазба деректер бойынша осы өңірді мекендеген дай (дах), массагет, исседондармен туыс болып келетін сарматтардың тарих пен мәдениеттің қайталанбас мұрасы болып табылатын осынау ескерткіші жоғарыда атап өткеніміздей «Дікілтас» жерінен табылды. Дікілтас атауына қатысты «Маңғыстау облысының топономиясы» жер-су атауларының сөздігінде «Мағынасы: тік қадалған тас деген сөз» анықтамасын береді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Дархан Нортаев тағы да жеңімпаз

Дікілтас — жерлеу, аза тұту кешені. Оның орталық ғимараты архитектуралық тұрғыдан алғанда күрделі, зәулім көп блоктардан тұратын дөңгелек бекіністердің ішіне формасы мен көлемі әртүрлі тас плиталарды қалап жасаған құрылыс түріне жатқызылады. Блоктар мен күндік қатпардың үстіне диаметрі 11 метр шеңбер бір қабаттан салынған. Бекіністің оңтүстіктен солтүстік бағытына қарай ені 1,3 метр дәліз орналасқан. Құрылыстың ортасында 4 құрбандық шалу, еске алу жәшіктері симметриялы түрде орын тепкен. Қабір камераларына тұспа-тұс орналасқан жәшіктерде ұсақ малдың сүйектері, жылқының тістері, керамикалық және металл бұйымдардың фрагменттері кездеседі.

Дікілтас обелискі (жоғары жағы жіңішке, қырлы бағана тәрізді тасы) Шығыс Еуропа мен Кавказдың бергі бетіндегі бұғытастармен салыстырғанда  кейінірек  дүниеге  келген сыңайлы. Дікілтас моласында ұшы жануар тұрпатты әрі таңба ойылған бағана тастардан бөлек Сармат жауынгерінің сүйегі табылған. Тек бір ғана сармат жауынгері емес, 2000 жылдан астам уақыт болған ескі молалардың орнынан 40 адамның өлігі мен мылтық, бағалы бұйымдар, ыдыстар, шаруашылық құралдары табылған. Өз кезегінде антропологтар бір өліктің сүйегін жинап, оның сыртқы келбетін де құрастырып шыққан.

Еліміздегі тарихи ескерткіштердің үштен бірі кездесетін Маңғыстау облысында сарматтарға тиесілі көптеген қорымдар мен балбал тас-ғибадатханалар бар. Оның бірі – Дікілтас жанындағы Меретсай, Үстірттегі Бәйті. Әрине, бұл – бөлек әңгіменің желісі. Мұны оқырман ойында жүрсін деп қана қосымша айтып отырмыз.

Дікілтасты кей деректерде Дықылтас деп те атайды. Тіпті қазіргі Түркия мен Белорусь жерлерінде Дикилиташтар кездеседі.

Бұл мемлекеттер мұндай табиғи-тарихи ескерткіштерді өз пайдаларына, ел экономикасына туризм саласы арқылы мейілінше жаратып отыр. Қазақ ғылымы жергілікті жұрттың өзі біле бермейтін Дікілтас ғибадатханасын зерттеу жұмысын жолға қойып, мемлекет қорғауы шын мәнінде жоғары деңгейде іске асар болса, көз жауын алып, терең тарих тұңғиығына тартар осынау обелиск өткен күннен қол созып тұрар еді-ау!

Еділбек ДҮЙСЕН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз