Мамыр айында Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрында «Фариза мен Мұқағали» атты музыкалық драманың тұсауы кесілмек. Режиссері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының қоюшы режиссері Нұрлан Жұманиязов. Осыған орай қойылым жайлы және Қаллеки театрының Ақтаудағы гастрольдік сапары жайлы Нұрлан Ғылманұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

— Қайырлы күн, Нұрлан мырза. Маңғыстау театрында жүргеніңізге бірнеше күн болды. Екі театрдың айырмашылығы мен ұқсастығы неде дер едіңіз?

— Көктемнің шырайлы күндерінде Қаллеки театры келіп, арқасын кең жайып, маңғыстаулықтарға өнерін паш етіп жатыр. Ауа райының өзі жайма-шуақ жылуын төгіп тұр. Оның бәрін жақсы ниет, жақсы тілекке жоримыз. Қуанышбаев театры үлкен шығармашылық топпен келді. Халықтың ықыласы, Құдайға шүкір, жақсы. Жалпы Қ.Қуанышбаев театры да, менің ұстазым Нұрмұхан ағамыздың атындағы театр да өмірге азаттық, теңдік, егемендік көзқарасымен келген, Тәуелсіздіктің түлектері. М.Әуезов, Семей, Шымкент театрларындай бірнеше жылдық тарихы болмаса да сол жылдар бойы алуға тиіс нәрсені қысқа уақытта өздеріне сіңіре білді. Оны халыққа жеткізе білді. Алған белестері, фестивальдердегі жетістіктері, өнерлері, театрдың тыныс-тірлігі осыған дәлел. Екі ұжымның ұқсастығы деуге болатын шығар, олар өнердің қай-қай жағынан да қаруланған.

— Гастроль барысында сіздің «Күн сәулесі түспеген» қойылымыңыз көрсетіледі. Спектакль не жайлы, тоқталып өтсеңіз.

— Испан драматургы Антонио Вальехоның психологиялық драмасы. Бұл – жанұяның, әке-шешенің аласапыран уақытта бастан өткерген қиындығы. Қиын-қыстауда басқа қалаға қоныс аударып жатқанда, бұл отбасының көше алмай қалуы, үлкен ұлының үйге бөлінген қоржынды өзімен алып кетуі суреттеледі. Оқиға осылай өрбиді. Кейін үлкен дәрежеге жеткенімен, жанұяның ішінде бір ашылмайтын құпия, тұншыққан шындық жатады. Соңында ол ашылып, соңы үлкен қазаға әкелетін отбасылық трагедия болмақ.

Ақтауда "Фариза мен Мұқағали" спектаклі сахналанбақ
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының қоюшы режиссері Нұрлан Жұманиязов

— Қазір сіз Маңғыстау театрында «Фариза мен Мұқағали» қойылымын сахналауға дайындалып жатырсыз. Осыған тоқталсақ, спектакль желісі қалай болады?

— Театр әкімшілігі, басшысы – Нұрнияз Мұқанов, көркемдік жетекшісі – Гүлсина Мерғалиева осында шақырып, Рақымжан Отарбаевтың лирикалық драмасын қоюға кірісіп кеттік. Қойылым Мұқағали Мақатаевтың соңғы он күн көлеміндегі емханада өткен өмірі жайында. Фаризаға айтылған сырлар, өмірінің соңына дейінгі жеке басының, халқының теңдігі туралы арпалысы, өзінің ортасымен арпалысы. Фаризаның қолдауы, қайғыруы, жоқтауы, бір-бірін рухани түсінуі, бір-біріне деген үлкен поэтикалық сезімдері баяндалады.

— Неліктен спектакльдің тұсауы Маңғыстау өңірінде кесілгелі отыр?

— Неге болмасқа (күліп)?! Онда тұрған ештеңе жоқ. Труппаның мүмкіндігіне, деңгейіне қарайсың. Одан соң сол шығармаға басшылықтың ынта қоюына да байланысты. Сөйтіп, екі жақтың келісімімен шешім қабылданады.

— Басты рөлдерді кімдер сомдайды?

— Фаризаны – Сағадат Сейітқожаева, Эльмира Керімбаева, Айым Сұлтанова ойнайды. Ал Мұқағалиды – Медғат Өмірәлиев пен Айбек Иманқұлов сомдамақ.

— Көрерменге қай кезде ұсынылады?

— Құдай қаласа, 2 мамырда премьерасын сахналаймыз деген үмітіміз бар. Қазір тығыз, бас көтермей дайындық жұмысын жүргізіп жатырмыз. Сіз дөп келіп, репитициямнан «жұлып алдыңыз».

— Актерлерді өзіңіз іріктедіңіз бе?

— Әрине. Басшылықпен де ақылдасасың. Оның ешқандай құпиясы не болмаса ерекше бүйрек бұру деген жоқ. Елге белгілі, халықтың көңілінен орын алған тұлғаларды сомдауға «Әй, осыған сенемін», «Осы алып шығады ғой» деген актерлер алынады.

— Бір қойылымға қаншама уақыт, табанды еңбек жұмсалады. Кейде премьера кезінде «әттеген-ай» дейтін, актерлер сіз ойлағандай жеткізе алмай қалатын жағдайлар болмай ма?

— Жоқ, көбіне ондай бола қоймайды. Егер сен басқа біреудің образын миыңа сіңіріп алып, тек сондай бол деп мәжбүрлесең, актердің тұлғалық ерекшелігін құртып аласың. Бір адам бір адамға ұқсамайды ғой. Әркімнің ұғуы, түсіндіруі, өзіне тартуы барлығы бөлек. Актерді таңдаған екенсің, Мұқағалиды, Фаризаны содан табуың керек. Кейде уақыт тығыз болып жатады, бірақ түбінде бағыт дұрыс қойылған болса, актер өзі шыңға жеткізеді.

— Спектакльде Фариза мен Мұқағалидан өзге қанша кейіпкер бар?

— Он шақты персонаж бар. Ән, биімен, пластикалық шешімдерімен қойылатын ауқымды дүние болады деп ойлаймын.

— Рақмет!

PS: 21 сәуір күні Н.Жантөрин атындағы облыстық драма театрда Нұрлан Жұманиязовтың режиссерлігімен сахналанған «Күн сәулесі түспеген» қойылым өтеді. Уақыты тығыз Нұрлан Ғылманұлы сұрақтарға жауап бере салып, дайындық жұмыстарына асыға кірісті. 

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз