Самат Мұсабаев

Өмірге қайта оралу

Жүрек ауруына байланысты ауыр операциядан кейін жансақтау бөлімінде оянған сырқат ес жиып үлгермей-ақ иманын үйіріп жатқан дауысты естіп қорқып кетеді. Өлі ме, тірі ме? Өңі ме, түсі ме? Әлі наркоздың күші қайта қоймағандықтан, қозғалайын десе – денесі өзіне бағынбайды, сөйлейін десе – тамағы құрғап, тілі аузына сыймай тұр. Жанында кәлима қайырып тұрған кісіге «Мен тірімін!» деп айғайлағысы келеді, бірақ даусы шықпайды. Аузы-мұрнында жасанды тыныс алдыру аппараты… Көзі көріп, құлағы естігені болмаса, қалған дене мүшелерінен қайран жоғын біледі. Ояна сала жайсыз жағдайға тап болғанына қарамастан, ең бастысы – жүрегі мен санасы ояу екеніне көзі жетеді. Өйткені өмірі көз алдынан кинолентадай өтуде: Балалық, бозбалалық шағы, ата-анасы, бауырлары, туыстары мен достары, ауыл-елі, отбасы, келіншегі мен балиғатқа да толмаған ұл-қыздары, күнделікті жұмыстары мен келешек жоспарлары, армандарына дейін, бәрі-бәрі ап-айқын кезегімен жүріп жатыр… Құдай алдындағы құлшылығын, адам алдындағы жауапкершілігін ойлайды, бүкіл парызы мен қарызын шын сезінеді. Тіпті жеке басы мен ортасын қойып, «Құт қара басымның қамынан өзге, ел-халық үшін не істедім? Артымда қандай қайырлы із қалдырдым?» деп қиналады. Әрине, дені сау, басы аман, бауыры бүтін адам бұлай ойласа да өз-өзіне көңілі толмасы анық. Ал өмір мен өлімнің ортасында аласұрып жатқан науқас адамда өкініштен басқа не болсын?!

Кенет әлгі иман үйіріп, кәлима қайырған бейтаныс дауыс иесі мен реаниматолог екеулеп жанындағы ақ мата жабылған жылжымалы кереуетті сүйреп, палатадан шығып бара жатты. Сонда ғана Әзірейіл періште өзінің емес, қасындағы талқаны таусылған тағдырласының аманат жанын алып кеткенін білді. Тәңірге сансыз тәубе, шексіз шүкіршілік айтып, өзіне-өзі серт берді: «Осыдан аман-есен жазылып шықсам, өмірімді өзгертемін! Құдай алдындағы да, адам алдындағы да парызым мен қарызымды өтеп кетуге тырысамын! Жақындарыма жанашырлық, мұқтаждарға қамқорлық көрсетемін! Қолымнан келгенше, жақсылық жасауға ұмтыламын! Ел-халыққа қалтқысыз қызмет етемін!»

Осындай ой үстінде жатқанда, дәрігер қайта кірді. Науқастың ес жиғанын көріп, ернін сулап, аузына су тамызды. Ол тіршілік нәрін татып, өмірге қайта оралғанын сезді. Уәделерін қайталаған күйі талықсып жатып, ұйқтап кетті.

Бұл – 2005 жылдың шілде айы еді…

Абырой арқалаған азамат

Қазіргі қалыптасып қалған кейбір қасаң қағидаларымыздың бір көрінісі – абыройды ақшамен, дәрежені дүниемен салыстыратынымыз. Абыройды ақшаға сатып ала алмайтыны мен дәрежеге дүниемен ғана жете алмайтынын біле тұра, рия түрде оған тыраштана талпынатындар бар. Керісінше, ақшасы да, дүние-мүлкі де абырой-беделге, даңқ-дәрежеге жеткізетініне көзі жетсе де, тәуекелі жетпейтіндер қаншама?! Алдыңғы топтағысына сабақ, кейінгілеріне үлгі ретінде игі істерімен аты шыққан азамат – Самат Мусабаев туралы ақпар беруге ниет қылдық.

Мусабаев Самат Базарбайұлы 1969 жылы 1 қаңтарда Маңғыстау облысы Шайыр селосында көпбалалы мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Шетпедегі №5 КТУ-ды бітіргеннен кейін, 1987 жылы Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтына түсіп, 1994 жылы өндірістік және азаматтық құрылыс мамандығы бойынша бітіріп, құрылыс инженері біліктілігін алады. 1988-1989 жылдары әскери борышын өтеген. Еңбек жолын 1994 жылы «Өзенмұнайгазқұрылыс» АҚ-да шебер болып бастап, прораб, учаске бастығы, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарады.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі тоқсаныншы жылдары – тәуелсіздіктің елең-алаң шағында абдырап қалған халық арасынан алдымен ес жиып, жан-жағына қарап үлгергендер кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Біреулер алып-сатарлыққа кірісті, енді біреулер өндіріс орындарын ашты. Олардың ішіндегі кәсібін сәтті жүргізгендер бүгінде дәулетті адамдарға айналып, ел-халқының, мемлекетінің де дамуына үлес қосып келеді. Солардың бір бөлігі – құрылысшылар қауымы. «Құдай жерді жаратты, қалғанын құрылысшылар салды» деп мақтанатын кәсіп иелері қашан да өз бағаларын біледі, миссиясын сезінеді, өйткені олар қай кезде де өте қажет.

Негізгі мамандығы құрылысшы Самат ағаның стартегиясы «Өмір бар жерде құрылыс та жүреді» деген әкесінің өнеге сөзіне құрылған. Осы мақсатта ол 2001 жылы «СМК-4» ЖШС-гін құрып, құрылыс саласында жеке бизнесін бастаған. 2012 жылдан бастап құрамында он үш компанияны біріктірген «Корпорация Каспий Строй-Сервис» ЖШС-нің бас директоры. Соңғы он бес жылда оның басшылығындағы құрылыс компаниялары мемлекеттік тапсырыспен және NCPOC, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның тапсырыстарымен, сондай-ақ, өзінің жеке инвестициялық қаржысына 100-ден астам әлеуметтік маңызды нысандарды пайдалануға берді. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 2010-2017 жылдар аралығында оның компаниялары жеке және несиелік қаржы есебінен Ақтау қаласының 29, 31 а, 31 б, «Шығыс-2» шағын аудандарында жалпы ауданы 275 000 шаршы метрді құрайтын 3 500-ден астам пәтерді пайдалануға берді.

Қазір халықтың ең басты әлеуметтік мәселесі – тұрғын үй. «Үйі жоқтың – күйі жоқ». Кімді көрсең, үй үшін үй ішін сергелдеңге салып, өзінің және балаларының аузынан жырып, тапқан-таянғанын банктерге беріп, ипотека немесе несие арқылы баспаналы болмаққа қарызға батып жүр. Үйлі болудың тағы бір жолы – жекеменшік құрылыс компанияларының салымшысы ретінде енді салатын үйіңе алдын ала қаражат төлеуің. Олар уәдесін орындап, аманатқа адалдық танытса – бағыңның жанғаны, алаяқтықпен тақырға отырғызып кетсе – үйіңнің де, ақшаңның да желге ұшқаны. Осындай қарекеттің құрбаны болғандардың ашынғаннан айтқан: «Кеше үлескер едім, бүгін күрескерге айналдым» деген сөзі «Үлескер – күрескер» деген тұрақты тіркес туғызды. Әр аймақта шеруге шыққан наразы топтар жиылып, барлық сот инстанцияларында «Үлескерлер дауы» деген істер том-том, тау-тау болып үйіліп жатыр. Бұл оқиғалар халықтың құрылыс компанияларына, жекелеген құрылысшыларға деген сенімсіздігін туғызды.

С.Мусабаев шын мәніндегі «жауапкершілігі шектеулі» осындай «әріптестерінен» алданып қалған үлескерлер мәселесін шешуге де араласып, Ақтау қаласының 17-шағын ауданындағы көпқабатты монолитті тұрғын үй құрылысын өз қаржысы есебінен жалғастырып салуда. 2016 жылы оның компаниялары жалпы ауданы 60 000 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлерді пайдалануға берді. Оның тактикасы – «Мемлекеттің, жұмысшылардың, достардың, ар мен қадір-қасиеттің алдында материалдық та, моральдық та қарыз болмау». Маңғыстаудың барлық аймағында оның қолтаңбасы қалып келеді. Ол басқаратын құрылыс мекемесі салған үйлер, мектептер, балабақшалар мен басқа да әлеуметтік нысандар уақытылы елдің игілігіне берілуде. Өйткені ол өз туған жерінде еңбек етіп жүр. Өзі түгіл жеті атасын білетін халқы жұмысынан кемшілік тапса, бетіне баспай ма? Одан бұрын «немкетті» қарауға ар-намысы жібере ме?!

Азамат адам өз заманында елінде, өлкесінде, айналасында болып жатқан оқиғалардан бейтарап қала алмайды, бейжай қарай алмайды. Оған ынталы түрде өздігінен қосылады немесе ылажсыз араласуға мәжбүр болады. Самат Мусабаев негізгі қызметімен қоса көптеген қоғамдық жұмыстарды да жанашырлықпен атқарып келеді. Ол «Нұр Отан» партиясының қалалық бөлімі саяси кеңесінің мүшесі. 2007 жылдан осы уақытқа дейін «Маңғыстау-Құрылыс» қоғамдық бірлестігін басқарады.

Сондай-ақ спорт жанкүйері, жанашыры ретінде «Дзюдо» облыстық федерациясына төрағалық етеді. Былтыр туған жері Шайыр ауылына жалпы бюджеті 40 000 000 теңгелік спорт кешенін салып берді. Оған қосымша республикалық, халықаралық жарыстарға жолдама алған спортшылар мен жаттықтырушылардың жол шығындарына да жеке өзі демеушілік көрсетіп жүр.

Соңғы екі жылда облыстың инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік қажеттіліктерге 70 млн. теңге қаржы бөлген. Жүздеген жерлестері – мүгедектер, аз қамтылған отбасылар, балалар үйі, қарттар үйі, ҰОС мен тыл, еңбек ардагерлері, спорт, мәдениет, өнер, әдебиет саласы жұмысшыларына жеке қайырымдылық көмек ұсынған. 2016 жылдың өзінде қайырымдылық мақсатында 220 000 000 теңге қаражат бөлген екен. Оны өзі «табысымның зекеті» деп есептейді.

Осынша еңбек елеусіз қала ма? Абырой арқалаған азаматқа деген халықтың құрметі мемлекеттік мадаққа ұласып, «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасына 20 жыл» медалімен, ҚР құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, Маңғыстау облысы әкімінің, қалалар мен аудандар әкімдерінің құрмет грамоталарымен наградталған. ҚР-ның «Құрметті құрылысшысы», Маңғыстау облысының «Үздік құрылысшысы» атағын алған. «Алтын Ягуар» халықаралық марапатына (бизнестегі мінсіз беделі және қызметтің, тауардың жоғары сапасы үшін) ие.

Міндет пен мандат

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты С.Мусабаев кандидат ретінде сайлауға түсерде өз бағдарламасында былай деген: «Мен қасиетті Маңғыстау жерінде туып-өстім. Туған өлкемнің тарихын да, халқымның басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерді де жақсы білемін. Жоғары оқу орнын бітіріп, өндірістік жұмысқа тұрғаннан бері осы өңірді дамыту жолындағы сан алуан жұмыстарға, әсіресе, халықты баспанамен қамтамасыз етуге, құрылыс саласын дамытуға белсене араласып келемін. Бұл бағыттағы жетістіктерімді халық біледі… Өлкемізді жан-жақты дамытудың барлық мәселелері облыстық мәслихат депутаттары арқылы шешіліп келеді. Маңғыстау облысында да шешімін күткен мәселелер жетіп-артылады. Өлкеміздің қай жерінде де тұрғындар өздерін толғандырып жүрген ірілі-ұсақты барлық мәселелерін алдымен өздері сайлаған депутаттарға айтып жатады. Өйткені депутат – халық сенімін иемденген тұлға, аманат жүгін арқалаған азамат. Бүгінгідей күрделі кезеңде осындай зор сенім мен жауапкершіліктің үдесінен табылу кім-кімге де сын болатынын жақсы сеземін…»

Халық қолдады, ел еріне сенді. Ол бұл қызметті – мемлекет алдындағы міндет деп түсінеді. Мандат – оны іске асыруға берілген мүмкіндік қана. С.Мусабаев депутат ретінде Маңғыстау облысында мынадай өзекті мәселелердің оң шешімдерін табуға жұмыстанып жүр: Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетуде. Тұралап қалған «Қараған түбек» шаруашылық қожалығын банкроттық жағдайда сатып алып, мемлекет алдындағы және әртүрлі компаниялар алдындағы қарыздарын өтеп, мал шаруашылығын қайта жолға қойған. Онда бір жылдың ішінде қойдың санын 3000-ға, жылқының санын 400-ге, сиырды 300 басқа жеткізген. Сондай-ақ алты жерден мал қораларын салдырып, үш жерден құдық қаздырып, 12 км жерге электр тогын тарттырып, замани технологиялармен жабдықтауды қолға алған. Бес жылдың ішінде 500 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Негізгі мақсаты – алдағы жылдары алыс-жақын шет елдерге ірілі-ұсақты мал өнімдерін экспорттау.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Бейнеу-Жетібай-Ақтау асфальтты жолының, Боржақты-Ерсай темір жолының және Құрықтағы паром өткелі құрылыстарының мерзімінде аяқталуына депутаттық бақылауды күшейтуде.

Қазақта «Жол азабы – көр азабы». «Жол азабын жүрген білер» деген мақалдар бар. Миллиардтаған қаржы бөлініп, аңсап, армандап, сағынып, сарғайып көрген жолымыздың сапасыз салынуы – нағыз күйік қой. Осы тұрғыда бақылауды күшейтіп, жобаны жүзеге асырушы мердігер компаниялар үшін жаманатты болса да, жұртшылық жанашырлықтан туған жанайқайын ризашылықпен қабылдады, өздері де үн қосты. Оған Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов та назар аударып, нәтижесінде сапасыз жолдың кейбір бөлігін сүріп, қайта төсеуі және жамауы талап етілді.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жас отбасылар мен мүжәлсіз отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету бағытында жатақхана типтес шағын əрі қолжетімді үйлерден бастап, түрлі деңгейдегі тұрғын үй кешендерін салуда. Сонымен қатар, өзі басқарып отырған «Маңғыстау-Құрылыс» ҚБ құрамындағы құрылыс ұйымдарының күшімен облыс аумағында 2016-2018 жылдары 300 000 шаршыметрлік 5 000 пәтерді пайдалануға беруді, осылайша 20 000 тұрғынды баспаналы етуді, құрылыс алаңдарында қосымша 200 адамды жұмыспен қамтуды мойнына алған.

Ол бұл мәселелерді де мүмкіндігінше шешетініне сенеміз. Өйткені өкілетіне сай кей жағдайда заңға жүгініп, кейде қоғамдық резонанс туғызу арқылы үкімет назарын аудартып, тіпті қаражатқа келіп тірелген түйінді мәселелердің біразын өз есебінен өтеп жүргенін білеміз.

Ол туралы айтылып, жазылып жатқан ел іші, әлеуметтік желі ішіндегі әңгімелерге құлақ қойып, көз жүгіртсек, жалпы жобасы мынадай: «Самат Мұсабаев пәленшекеңнің көптомдық кітабын шығарып беріпті»; «Түген» деген топтағы жаңадан шыққан жас әнші жігіттердің әнін жазуға, клипін түсіруге, концертін өткізуге демеуші болыпты»; «Дүниеден ерте кеткен тау тұлғалы таланттың жалғыз тұяғы, талапты ұлына темір тұлпар мінгізіпті»; «Ел ішінде елеусіз жатқан аса көрнекті қаламгерге қамқорлық көрсетіп, әдебиет пен мәдениет өкілдерінің басын қосып, шығармашылық кешін өткізіпті, екі миллион теңге ақшалай сыйлық беріп, әрі үйін түгел жөндеуден өткізіпті»; «Дінтанушы ғалымдарды Астанадан Маңғыстауға арнайы алдырып, ата-бабаларымыздың рухани ілімін зерттеуге себепші болыпты»; «Дертке шалдыққан бірнеше жас сәбидің денсаулығын емдеуге қолұшын беріпті»; «Серіктестерімен бірге жетім балаларын жалғыз асырап отырған жесір әйелге асарлатып үй салып беріпті»; «Республикалық «Қос ішек» домбырашылар байқауын өткізіпті»; «Ақтауда жағажайды аббатандыру жұмыстарын жүргiзудi өз қаражаты есебiнен қамтамасыз етiпті»; «Астанада «Monte Bianko» («Ақ Тау») қонақ үйін салып, Елорданың дамуына да үлес қосып жатыр екен»…

Осындай әңгімелер естіген сайын «Ақсұңқар құс жемін шашып жейді, қарақұс жемтігін астына басып жейді» деген мақал ойыма орала береді. Сол қайырын көрген кісілердің ақ тілегімен кәсібі өрге басып келеді. Өзіміз осы азаматтық істеріне сыртынан сүйсініп, риза болып жүреміз.

Бұл жазбамызды оқып отырып, кей адамдар кейіпкерімізді шашпа біреу екен деп ойлап қалуы да мүмкін. Бірақ ол мемлекеттік бюджетті ұқыпты жұмсау, үнемдеу ісінде басқаларға үлгі боларлық істер атқарып жүр. Оның бірі – жалпы көше мәдениеті мен спортына арналған, шындығында артында жеке тұлғалардың қызығушылығы тұрған Aktau Open Fest шарасына облыс бюджетінен 550 000 000 теңге қарастыру мәслихаттың күн тәртібіне қойылғанда өзі бастап, әріптестерін көндіріп, қарсы шыққаны. Тиісінше, ол сомманы балабақша құрылысы мен жол салуға бөлгізген. Бұған дейін мұндай тегеурінді қарсылық көрмеген мүдделі тарап қаражат көзін басқа жақтан іздеуге мәжбүр болған…

«Жаныңда жүр жақсы адам»

Пір Бекет Атамыздың алдында Хиуадағы Шерғазы хан медресесінде оқыған түркменнің ұлы шайыры Мақтымқұлы Пырағы:

«Демалудың қадірін біледі тек терлеген,

Жұрттан ала біле ме жұртқа ештеңе бермеген?» – дейді. Онысы – қазақтың: «Алаған қолым – береген» деген сөзімен үндес. Бірақ «Оң қолым бергенді сол қолым білмесін» қағидасын қатаң ұстанған халықтың мәрт мінезді ерлері туралы, олардың атымтай жомарттығын өзінен емес, өзгеден естиміз.

Ел-жұрт Самат Мусабаевты меценат деп қатты құрметтейді. Онысы рас. Әр жылдары облыстық, республикалық деңгейде «Жыл жебеушісі» деген ресми атақ та алып жүр. Мен Самат ағамызды филантроп деп білемін. «Филантроп» – гректің «жақсы көру, ұнату» және «адам» деген сөздерінен құралған ұғым. Мағынасы – мұқтаж жандарға, қоғамдық ұйымдарға, мемлекеттік институттарға, мемлекеттерге материалдық көмек көрсетуге бағытталған іс-әрекетті ұйымдастырушы. Ал филантропия – олардың әрекеті, яғни «адамдарды сүю», «адамгершілік» деген мағынаны білдіреді.

                Ұлы Абайдың:

«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?» –

деген ақыл-нақыл өлеңі – нағыз қазақы филантропияның ұранына айналуы тиіс сөз.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында былай деген: «Мен бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн… Қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз­дің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш». Елбасы ұсынған бұл идея ел ішінде жүрген жақсыларды тануға һәм танытуға жол ашады деп сенемін.

Әдетте қазақ: «Жақсының жақсылығын айт – нұры тассын» дегенді біле тұра, оған күнделікті амал қыла бермейді. Немесе кейде құрғақ сөзбен мақтап, асыра бағалап, кейіпкерінің өзін де, өзгені де ұялтатыны бар. Ондайлар көбіне той-томалақтарда, кісінің мерейі асып, мәртебесі тасып, болып-толып тұрғанда жағымпаздықтың жаяу жарысынан жүлде алуға тырысатындар (әлбетте, шынайы сезім иелерін мансұқтаудан аулақпыз). Ал, адамның жақсы екенін айтудың қазақы нұсқасына айналып кеткен ең көрнекті мысалы – оның өзі дүниеден өтіп, тәнін топыраққа тапсырған соң, бір адамның қабірден қырық қадам ұзап шығып, кері қайтып келе жатып үш рет дауыстап:

– Жамағат, Пәленшеұлы Түгенше жақсы адам ба? – дегенде, қаралы қауым жаппай жамырап бір ауыздан жалпылама жауап беретіні:

– Жақсы адам! Жақсы адам! Жақсы адам!

Өкініштісі – пенде шіркіннің (оның ішінде әлгі «жақсы адамның» өзі де бар) осы бағаны көзі тірісінде естігісі келетіні… Одан да өкініштісі – оны айтып үлгермегеніміз яки айтқымыз келмегені… Данышпан Абайдың: «Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» – деп күйінетіні сондықтан. Жә, тақырыбымызға қайта оралайық…

Біз бұл мақаламызда Елбасы ұсынған аталмыш жобаға лайық тұлғаны толық таныта алмасымыз анық. Оған талап та қылмадық. Тек жалпылама жаза отырып, Самат Мусабаевтың есімін осы құрметті тізімнен көргіміз келеді. Елбасы бұл жобаның үш мәселені шешуге бағытталғанын жөн көреді: «1. Ақылымен, қолымен, дарынымен за­манауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адам­дар­ды қоғамға таныту; 2. Оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал ету­­дің жаңа мультимедиалық алаңын қалып­тас­тыру; 3. «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс».

Самат Мусабаевтың өмірі мен еңбек жолы, қоғамдық қызметі, кәсібі туралы толыққанды туынды жазуға кіріскен әдебиетші, журналист Анар Қабдуллина алдыңғы екеуін жүзеге асыруға ниетті. Біздің мақсатымыз – үшінші мәселе, яғни «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау». Елбасы айтқандай, «Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс» қой.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» екені, «Жақсы сөз жан семіртетіні» рас болса, жалпыға жария болған және жасырын жақсылық істері түгел жақсы ағаның жанына жалау, жолына алау болғай. Жүрегіне жүк түспесін. Баяғы аурухана төсегінде жатып, өзіне-өзі берген уәдесін толық орындауға мүмкіндік тусын деп тілейміз.

P.S.: Астанадағы Маңғыстаудың мәдениеті мен өнері күндерінің іс-шараларына қатысып жүргенімде, Самат ағамызбен жолығып қалдым. Бір жарым ай бұрын екінші рет жүректен инфаркт алып, операция жасатқанын естігем.

– Аға, «…аунап тұрған» екенсіз, енді ауырмаңыз! Күйбең тірлікпен жүріп, халіңізді де сұрап бара алмадық, айыпқа бұйырмағайсыз, – десем, әзіл-шыны аралас:

– Сау бол! Еш айыбы жоқ. Оның үстіне операциядан кейін есімді жиғанда, жанымда жеңешең болды. Ауруханадан шыққанша, палатама дәрігерлерден басқа адам кіргізбеді, – дейді. Нені меңзеп тұрғанын түсініп, екеуміз де күлкімен тақырыпты басқа бағытқа бұрып жібердік…

         Бақтыбай ЖАЙЛАУ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын

іске асыру жөніндегі өңірлік ұлттық комиссияның мүшесі

3 ПІКІРЛЕР

  1. Алла разы болғыр Самат ағамыз аман болсын! Тілекшімін. Ел үшін деп еткен еңбегі жана бергей! Бақтыбай брат əдемі, нақты, шынайы жазған екенсің.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз