Жас баланы жетім етіп, жас келінді жесір еткен қанқұйлы соғыстың жеңіспен аяқталғанына жетпіс бір жыл өтсе де оның салған жарасы жүректерден өшкен жоқ. Балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа тұс келіп, құмары қанып ойнамаған, қабағы ашылып, қарны тоймаған Ақбөпеш апаның ойынан ол қиындықтар бала-шағаның бейбіт өмірдегі бақытының арқасында ұмытыла бастағанымен, көкірек тұсын кернейтін бір түйнек бар еді. Ол 1921 жылы туған ағасы Алтыбаев Жұмағазының 1942 жылы соғысқа аттанып хабар-ошарсыз кетуі еді. Осы күнге дейін ағасының бір хабары шығар-ау деген үміті алдамапты. Жуырда интернет желісінен  ағасы Жұмағазы 1944 жылы қаза тауып, сүйегі Польша жерінде жерленгені туралы мәліметті тапқан әулет анасы аудан әкімінен ең болмағанда ағасы жерленген жерден бір уыс топырақты елге жеткізуге ықпал етуді сұраған болатын.

Бүгін міне, жетпістің желкенін тартқан ананы өшкені жанып, өлгені тірілгендей еткен оқиғаға куә болдық.

Кеңінен тоқталсақ, аудан әкімі Ж.Айтуаров «Каспий Цемент» ЖШС директоры поляк Кшиштоф Буректен  интернетте көрсетілген мекен-жай туралы мәлімет сұрап, Алтыбаев Жұмағазы жерленді деген жерден топырақ алып Шетпеге жеткізіп беруді сұраған екен. Арада көп уақыт өтпей, ұлдарына амандаса келген Ежы Бурек пен Ядвига Бурек бірнеше мыңдаған солдаттардың сүйегі жерленген Ламбиновице қаласындағы концлагерь маңындағы қорымнан бір уыс топырақты марқұмның туыстарына табыстады.  Қазір бұл лагерь музейге айналдырылған. Концлагерьде болған барлық тұтқындардың картотекасы сақталған көрінеді.

Ауылға қонақ болып келіп, бет-бейнесін көрмеген бауырынан бір хабар әкелгендей болған поляк халқының өкілдеріне қазақы қалыпта шапан жауып, камзол кигізіп құрмет көрсеткен апамыз көз жасына ерік беріп, жылдар бойы көкейінен кетпеген ойды іске асыруға ықпалы тиген барша азаматқа аналық алғысын жаудырды.  Мал сойып, қазан асқан әулет шетелдіктерге қазақ халқының қонақжайлылығын паш етті.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ж.Жапақов атқарылған істің ұрпақ үшін маңыздылығына тоқтала келе, қонақтарға қазақтың соның ішінде Маңғыстаудың ұлттық қолөнер бұйымдары топтастырылған үш тілде жарық көрген кітапты табыс етті.

Бір отбасынан ағалы-інілі Жұмағазы, Нұрберген Алтыбаевтар елмен бірге әскерге алынып, келер ұрпақтың кемел келешегі үшін кеудесін оққа тосты. Елге аман оралған Нұрберген ұрпақ қызықтап өмірден өтті. Ерлік пен өрліктің табы қалған, ата-бабамыздың қаны  төгілген майдан даласынан келген бір уыс топырақты ұрпақтары ата-баба қауымына қосып, белгі орнатпақшы.

Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз