ormanshy орманшы шөп

Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылындағы «Тәуелсіздік саябағында» «Жасыл ел» жасағының құрылуына арналып салтанатты жиын өтті. Шара ҚР  Әнұранының орындалуымен ашылды.

«Жасыл ел» – Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап ел аумағында жүзеге асып келе жатқан кешенді бағдарлама болатын.

«Жасылелдіктер» елдің тек қана көгалдануы мен тазалығын сақтауға ғана емес, оған қоса ортақ шаңырағымыз – Қазақстанның өркендеуіне жауапты жаңа буынын тәрбиелеп, жастарды жұмыспен қамтуға, ел жастарының патриоттық рухын көтеруге үлкен үлес қосып келеді.

Мұнайлы ауданындағы алғашқы шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев: «Жас буынды еңбек етуге ынталандыратын «Жасыл ел» бағдарламасы – жастарды Отанды сүюге, қажырлы еңбекке баулуға, қоршаған ортаны, табиғатты аялап, қорғауға және экологияны сақтап, жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған кешенді бағдарлама. Осы бағдарлама аясында ауданымызда көңілге қонымды істер атқарылып келеді. Биыл да сол игі іс өзінің оң жалғасын тауып отыр. Бұған жастарымыздың белсенділігі дәлел бола алады. Ал ендеше іске сәттілік айтамыз», – деп атап өтіп, жас өрендерді өз ауылының көркейе түсуіне үлес қосуға шақырды.

Шарада Мұнайлы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Руслан  Конысов сөзге шықты.

– Құрметті жастар! «Жасыл ел» жобасы шын мәнінде жастарға жұмыс жасауға деген үлкен мүмкіндік болып отыр. Өте жақсы жоба. Қазақстан бойынша барлық өңірлерде жүзеге асырылып келеді. Жаз бойы жасөспірімдер өз туған ауылдарын, қалаларын, аудандарын абаттандырып, көгалдандыруға үлестерін қосқаны бүкіл біздің қоғамымыз үшін пайдалы болары сөзсіз. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Бергенғұлұлы айтқандай, демалыстарыңызды құр босқа ғаламторды шарлаумен, пайдасыз істермен айналысумен босқа өткізгенше, еңбек етіп, табыс тапсаңыз, өздеріңізге де үлкен пайда, ата-аналарыңызға да көмек ететін боласыздар, – деген лебізін білдірді.

Сонымен қатар Руслан Нұрғалиұлы аудан жастарын жұмыстан бос уақыттарында аудандық жастар ресурстық орталығына келіп, аудан жастары үшін ұйымдастырылатын іс-шараларға да белсене қатысуға шақырды.

«Жасыл ел» бағдарламасы аясында атқарылатын бірінші маусым жұмысында 77 жас еңбек етеді, ал екінші ауысымға жастарды қабылдау әлі де жүріп жатыр. Ең алдымен жалғызбасты аналардың балалары, одан соң аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары жұмысқа алынды. Содан соң өтінішпен келген аудан тұрғындарының балаларын жұмыспен қамту мақсат етіліп отыр.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген дана сөздің астарында үлкен мән жатыр. Алтын уақытты босқа жібермей, пайдалы іспен шұғылданса, әрбір жастың өзіне тиер пайдасы мол. Қосымша қаржы табуға мүмкіндік бар. Дамыған мемлекеттердің өзін алып қарасақ, ондағы жастардың белсенділігін көреміз. Бар шаруаны жастардың өзі бітіріп жатқанын аңғарамыз. Бізде сондай болып, ел ішіндегі атқарылар тірліктің басы-қасында жүрейік. Жалынды жастарымыз әрдайым жігерлілік танытса, нұр үстіне нұр болары анық.

Өз тілшімізден