Былтыр Маңғыстау облысының әкімдігі қолдауымен «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» атты халықаралық ғылыми кешенді экспедиция барысында «Маңғыстау петроглифтері» бағыты бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары 01.09. мен 25.12.2018 аралығында жүргізілген болатын. Сонымен қатар зерттеу жұмыстарының аясында Маңғыстаудан табылған эпиграфиялық материалдардына ғылыми сипаттама алу үшін Ресей Федерациясы, Карачай-Черкесия автономиясындағы Карачаевск қаласында орналасқан «Қарашай эпиграфика музей институтына» іссапар ұйымдастырылды.

Зерттеу жұмыстары мен іссапардың негізгі мақсаты Маңғыстау облысы территориясынан табылған таңбалы тастарды есепке салу, сипаттамасын жасап, ғылыми айналымға шығару мен зерттеп-зерделеу.

Еуразия құрлығының ортасында орналасқан Қазақ даласының аумағы тарихтың сан ғасырлық қабаттарынан әртүрлі ақпарат беретін ескерткіштер түрлеріне өте бай.

Солардың бірі – таңбалы тастар. Өз кезегінде таңбалы тастар мазмұнына қарай петроглифтер мен эпиграфикалық материалдарға бөлінеді. Петроглиф – латынның «петро» — тас және гректің «глиф» — жазу деген сөздерінен құралған термин. Қазақ тілінде ол – жартастағы жазу немесе сурет деген ұғымды білдіреді. Ал эпиграфикалық  (гректің «эпиграфия» — жазу деген мағынасы) материалдарға қатты материалдарға (тасқа, керамикаға, металғғажәне т.б.) жазылған жазу-сызулар жатқызылады.

Сонау жоғарғы палеолит дәуірінде пайда болып, қазіргі заманға келіп кеткен жартастағы суреттер мен жазу-сызулар – бір жағынан, оларды салған адам баласының рухани жан-дүниесін көрсететін «ашық аспан астындағы галерея» болса, ал екінші жағынан, өткен дәуірлер мен қоғамдар тарихы үшін теңдесіз дерек көздерінің бірі болып табылады. Себебі таңбалы тастар біздің ата-бабаларымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылығымен мен кәсібіне, діни наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптарына, дүниетанымына, қоршаған ортамен қарым қатынасы мен рулық-тектілік индентификацияна және тағы да басқа да іс-әрекеттеріне байланысты мағлұматтар алуға болады.

Қазақтың даласы осындай мағлұматтар беретін таңбалы тастардың жиынтық орындарының көптігі бойынша Еуразия континентіде алдыңғы орындардың бірін алады. Осы уақытқа дейін Қазақстан даласында әр тарихи кезеңді қамтитын 200-ден астам жартас суреттерінің шоғырланған орындары белгілі болып отыр.

Аталған ескерткіштер қатарына Қазақстанның оңтүстік батысында орналасқан Маңғыстау ойы мен Үстірт қыры өңірлеріндегі таңбалы тастар да жатады. Маңғыстау облысы аймағындағы таңбалы тастарда кездесетін бейнелерді шартты түрде төмендегі категорияларға бөлуге болады:

І. Петроглифтер;
ІІ. Таңбалар жиынтығы (рулық таңбалар, киелі пиктограмалар);
ІІ. Эпиграфика:

  • Руна тектес жазулар;
  • Араб графикалық мәтіндер.

Маңғыстау петроглифтері туралы алғашқы мәліметтерді біз XVIII ғ. аяғы – XIX ғ. басында кейбір Ресей және Батыс Еуропа зерттеушілері мен саяхатшыларының еңбектерінен  кездестіре аламыз. Осы жерде Патшалық Ресейдің әскери және басқа да ведомствалары мен Орыс Географиялық Қоғамының (ОГҚ) үлкен рөл атқарды. Әсіресе полковник Ф.Ф.Бергтің басқаруымен 1825-1826 жж. Қазақстан батыс өңірлерінде жұмыс істеген әскери-ғылыми экспедициясының жұмысын атап өткен жөн. Сондай-ақ Г.С. Карелин мен ОГҚ-ның мүшесі М.И. Иванниннің еңбектерінен де кездестіре аламыз. Мәселен Г.С.Карелин өз еңбегінде қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты бейнелер туралы мәліметтер жинаса, М.Иванин өз мақаласында Маңғыстау даласындағы суреттердің көп екендігі жайында айтып өткен.

Сонымен қатар ескерткіштердің осы түрлері жайында құнды деректерді А.Левшиннің белгілі еңбегінен және подпоручик (кездестіре аламыз. Левшин еңбегінде қазақтардың зиярат қабырғаларындағы бейнелерге мән берсе, Алеексеев зерттеулерінде Үстірттегі  зиярат орындарының скульптуралық бейнелер мен схемалы түрде салынған суреттер туралы деректер қалдырған.

Маңғыстау петроглифтері туралы келесі бір мәліметтерді И.Мейердің және XIX ғ. 50-жылдары Маңғыстау өңіріне жер аударылғандар Т.Г.Шевченко мен Б.Ф.Залесскийдің еңбектерінен кездестіре аламыз. Айта кетсек, И.Мейер өз мақаласында Орынбор ведомствасында тұратын қазақтардың жерлеу құрылыстарының қабырғаларындағы көшпелі өмір салты көріністері туралы мәлімет келтірсе, ал Т.Г.Шевченко мен Б. Ф.Залесский аталмыш өңір қазақтарының петроглифтерін халық архитектурасы туралы салған көркем суреттерінде кескінделген. Б.Ф.Залескийдің 1865 ж. Парижде жарық көрген альбомының арқасында қазақ петроглифтері Батыс Еуропа жұртшылығына белгілі болды.

XIX ғ. аяғы мен XX ғ. басында да Маңғыстау өңіріндегі қазақтардың мәдениеті мен тұрмысы зерттеушілердің назарын одан әпі өзіне аудартты. Осы уақытта көптеген әртүрлі очерктер баспа беттерінен жарық көрді. Солардың ішінде өлке этнографиясына байланысты жазылған толық еңбек болып неміс ғалымы, әрі дәрігері Р.Карутцтің еңбегі саналады. Автор аталған өлкені қоныстанған халықтардың жерлеу құрылыстарының кейбір жеке түрлеріне, олардың еске алу ғұрпына байланысты безендірілуіне тоқталып кеткен.

Өңірдің солтүстігіндегі көне ескерткіштерді зерттеуде 1910-1911 жж. Орынборда жарық көрген И.А.Кастаньенің екі үлкен жинағын ерекше атаған жөн.

Маңғыстау петроглифтері туралы зерттеудің  келесі кезеңі екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі уақыттарда жүргізілген далалық зерттеу жұмыстарының деректерінен кезіктіре аламыз. Олардың ішінде Батыс Қазақстанның сәулет өнері мен монументальды глиптикасын зерттеген Т.К.Басенов пен М.М.Меңдіқұлов еңбектерінің орны ерекше.

Маңғыстау петроглифтері  мен таңбалы тастарына қатысты деректерді сондай-ақ В.В. Востров пен С.П.Поляков еңбектерінен кездестіне аламыз. Мәселен, В.В. Қабір үсті ескертіштерінің қабырғаларындағы суреттердің  қалай пайда болғандығы жөнінде мәселе қозғаса, С.П.Поляков Маңғыстаудың оңтүстігінде кездесетін кіші архитектуралық формалардағы қару-жарақтар мен рулық таңбалар салынатын  атап өткен.

Маңғыстау петроглифтерін зерттеуде аса көп көңіл ғалымдардың бірі – А.Г.Медеов. Оның өткен ғасырдың 60-жылдарындағы  зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жарық көрген мақалары мен еңбектеріндегі бейнелер қазақ тарихы үшін ғана емес, бүкіләлемдік ғылым үшін маңызы зор екенін айта келіп, оны одан әрі зерттеуді ұсынған еді.

Маңғыстау петроглифтеріне қатысты мағлұматтарды сондай-ақ Х.Арғынбаевтың еңбегінен, С.Шалабаев, Е.Өмірбаев, Қ.Сыдықовтардың «Маңғыстау» атты ұжымдық кітабынан, У.С.Қыдыралиннің (Т.Жанысбековтың кандидаттық диссертацияларынан, С.Әжіғалидің, Қ.Ибраеваның, Ж.Адаев пен С.Әжіғалидің және И.Тасмағанбетовтың монографиялық еңбектерінен де кездестіре аламыз.

Халқымыздың киелі де, рухани мәдениетінің ажырамас бөлігі болып табылатын петроглифтерді ғылыми тұрғыдан зерттеу, тек өткен ғасырдың 80-жылдарының соғынан, яғни Ә.Х.Марғұлан атындағы археология Институтының жанынан басталады. Жинақталған материалдар бойынша З.Самашев пен Ж.Жумашев ғылыми мақалар жариялаған болатын. Сол жұмыстардың қорытындысы ретінде қос автордың «Қазақ петроглифтері» атты ғылыми еңбегі 2005 жылы жарық көрді.

Сонымен қатар, өлке аймағында жаңадан петроглифтер тауып, зерттеп жүрген өңірлік археолог А.Астафьевтіңде іздемпаз еңбегін айта кеткен жөн.

Маңғыстау облысының аумағынан табылған таңбалар жиынтығын зерттеуде Е.Өмірбаев, С.П.Поляков, В.С.Ольховский мен С.А.Яценко, өлкетанушы Қ.Игібай мен М.Ақмырзаев, археолог А.Астафьев, З.Самашев пен Н.Базылхан, Б. сынды таңба зерттеушілері атсалысты.

Араб графикалық эпиграфиялық материалдары бойынша Р.Сулейменов атындағы Шығыстану институтының мамандандары Ә.Муминов пен А.Нурманованың жетекшілігімен 2009 жылы Шақпақ жартастағы мешіт ішіндегі 255 мәтіннің аударма жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, 2015 жылы Р.Сулейменов атындағы Шығыстану институты және «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» қызметкерлерімен бірлесе отырып Сейсем ата пантеон-қорымының эпитафиялық мәтіндері аударылған құнды еңбек жарыққа шықты.

Маңғыстау өлкесінде орналасқан қорымдардағы құлпытастардың сырын ашуда тарихшы, эпиграфист Н.Кұлбаевтың еңбегі өте зор. Ол зерттеу барысында 2000-нан аса құлпытас мәтінін оқып аударып, «Арал-Каспий аралығы ескерткіштеріндегі араб графикалық мәтіндердің анықтамалығы» атты еңбегін жарыққа шығарды.

Маңғыстау таңбалы тастарын зерттеу барысында біз оның көптеген қыры мен сырын, соның ішінде: ең алдымен, мәдени мұра мәселесін, оның көзі мен жаңғыру жолдарын айқындасақ, ал ондағы сюжеттер ата-бабамыздың дәстүрлі мәдениетінің жоғалып бара жатқан компоненттерін, қоршаған ортамен және көрші елдермен қарым-қатынастарын, рухани жан дүниесін, философиялық, эстетикалық көзқарастарын және т.с.с. қалпына келтіріп, түсіндіру үшін таптырмайтын бірден-бір дерек көз болып табылады.

Өз бастауын көне замандардан алатын бұл бейнелер мағынасы жағынан да, құрылымы жағынан да алуан түрлі. Жалпы алғанда ескерткіштердің бұл түрі ертедегі көшпенділер, соның ішінде көне түркі  дәуірі тайпаларының ескерткіштері сияқты прокламативтік болып келеді. Олардың негізгі мотиві – әскери тұрмыс, көшпелі өмірдің қатал көріністері,билік пен байлық және т.с.с. болса, бейнелену жағынан сақ-скиф аң стиліне өте жақын.

Жоғарыдан көріп отырғанымыздай, ұлттық мәдениетіміздің бір бөлігі болып саналатын таңбалы тастар туралы азын-аулақ хабарламалар мен санаулы ғылыми мақалалар болмаса, күні бүгінге дейін жеткілікті әрі жүйелі түрде жүргізілген зерттеу жұмыстары көп емес. Сондықтан да, Маңғыстау таңбалы тастары ғылыми әдебиеттерде өзіне лайықты орнын ала алмай келеді.

Осы жағдайларды ескере отырып, ғылыми экспедициясынының аясында Маңғыстау облысы аумағындағы таңбалы тастарды жүйелеп, классификация жасап, мүмкіндігінше интерпретациялап, ғылыми айналымға енгізуді негізгі міндет етіп алға қойып отырмыз.

Экспедиция барысында өлкедегі бұрын белгілі және белгісіз таңбалы тастарға далалық іс-сапарлар ұйымдастырылып, оларды санаққа алып, олардың қыр-сырын ашу мақсатында камералды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде жалпы саны 20-ға жуық таңбалы тастар, оның ішінде 4-і петроглифтер, 13-і рулық таңбалар жиынтығы, 3-і руна тектес жазулар анықталды. Таңбалы тастарды құрылымдық жағынан ыңғайлы болу мақсатында төмендегі классификацияға жіктедік:

I. Петроглифтер:

  1. Қосқұдық, энеолит қонысы, б.з.д. IV-III мыңжылдық.
  2. Күркіреуік, ерте темір дәуірі.
  3. Айрақты тауы, кейінгі ортағасырлық, XVII-XVIII ғғ.
  4. Жығылған ойпаты. XVII-XVIII ғғ.

II. Таңбалы тастар (Энциклопедиялық тастар)

Ірі:

  1. Бәйте-3, б.з.д. IV-III ғғ.
  2. Қарлыбас қамалы, орта ғасырлық.
  3. Тынымбай шокы (Сенек), орта ғасырлық.
  4. Ұзынбас (Сайөтес), орта ғасырлық.
  5. Қарақабақ, орта ғасырлық.

Орта және ұсақ:

  1. Айғырлы, орта ғасырлық.
  2. Ашықтайпақ, орта ғасырлық.
  3. Белесем, орта ғасырлық.
  4. Байлама, орта ғасырлық.
  5. Қоңыркүп (Жабайұшқан), орта ғасырлық.
  6. Қапы, ортағасырлық.
  7. Көкала, ортағасырлық.
  8. Сығынды, ортағасырлық.

III. Руна тәрізді жазулар

  1. Айғырлы, VIII-XI ғғ.
  2. Ерсарының қайрағы, VIII-XI ғғ.
  3. Қарақабақ, VIII-XI ғғ.

1. Петроглифтер. Экспедиция барысында Маңғыстау облысы аумағындағы қорымдардардағы кесенелер мен күмбезтамдар және құлтпыстастар мен қойтастарда кездесетін сан алуан түрлі петроглифтерден басқа археологиялық нысандарда кездесетін 4 ірі петроглифтер жиындығы анықталып отыр. Олардың арасынан жеке бейнелерден бастап, көп бейнелі күрделі композициялаға дейін кездестіруге болады.

Маңғыстау таңбалы тастары

II. Таңбалар жиынтығы (энциклопедиялық тастар)

Таңбалы тастарда кескінделген символдар негізінен ру таңбалары мен таңбаға ұқсас белгілер түрінде, ал культік бейнелер ислам әлеміне тән – мешіттер, ашық алақан, таспих сияқты бейнелермен берілген.

Маңғыстау петроглифтерінде ең көп кездесетін бейнелердің бірі – таңба және ұқсас бейнелер. Рулық таңбалар қабір үсті ескерткіштерінің барлық түрінде кездеседі. Сонымен қатар үлкен кесек тастар мен жартастарда сызылғандары да бар.

Таңба – ескерткіш мәтінінің ең көне эементтерінің бірі. Ол түркі-моңғолдың тамға — “белгі”,  “мөр” деген мағынаны білдіреді. XIII-XV ғғ. моңғол-татар шапқыншылығының кезінде бұл термин Орта Азияның, Таяу және Орта Шығыстың, Кавказ бен Закавказьенің жаулап алынған елдерінде кеңінен таралып, бұрынғы мағынасына қоса – “ханның мөрі қойылған құжат”, “салық” сияқты жаңа мағынаға ие болды.

Қазақ даласында таңбаға ұқсас белгілер б.з.д. І мыңжылдықтан бастап белгілі бола бастады. Оларды ғұрыпты-мемориалдық ескерткіштерге (Самашев, Ольховский, 1996, 218-234), құрылыстық заттарға, сондай-ақ әртүрлі мақсатта пайдаланатын керамикалық және металл ыдыстарға салып отырған. Таңбалар жиындығын кейде «тас энциклопедия» деп те атайды. Маңғыстау облысы осындай таңбалы тастардың көптігімен Қазақстанда көш бастап тұр. Ескерткіштерде кездесетін негізгі таңбалардың ең көнесі сармат тайпаларына, ал берісі оғыз және қазақ тайпаларына тиесілі.

Қазіргі таңда облыс аумағында 13 таңбалар жиынтыңы табылып отыр. Таңбалардың ауқымына қарай, олардың бесеуі ірі көлемде, сегізі шағын көлемдегі таңбалар жиынтығы деп екіге бөлдік.

Кішігірім таңбалар жиынтығы мыналар:

13 Түпқараған ауданындағы Айғырлы үңгіріндегі таңбалар,  Бейнеу ауданындағы Ашықтайпақ,  Қарақия ауданында орналасқан Белесем (14-сурет), Қоңыркүп (Жабайұшқан), Түпқараған ауданыдағы  Байлама, Қарақабақ, Қапы, Сығынды, Маңғыстау ауданыдағы  Көкала таңбалар жиынтығы жаңынан кішігірім ауқымда. Аталған ескерткіштерді есепке алып, толыққанды зерттеу қажет.

ІІІ. Руна тәрізді жазулар. Экспедиция барысында Маңғыстау өлкесінің территориясынан 3 руна тектес жазулар анықталып отыр. Ескерткіштердің бұл түрлерінің табылуы әрі қызық, әрі күрделі. Себебі бұған дейін Қазақ даласының батыс бөлігінде руникалық жазулар табылып көрмеген еді.

Жазулар арасында ғылыми айналымға белгілісі Қарақия ауданында орналасқан «Ерсарының қайрағы» деп аталатын дікілтастағы (қадатас, менгир) руна жазуы.

Зерттеу Қарақабақ және Айғырлы үңгірлерінен табылған руникалық жазулар тың жаңалықтар болып отыр. Себебі өзінің стилі жөнінен көне түркі жазуларының шығыс ареалынан (орхон-енисей, талас) ғөрі, батыс ареал (солтүстік кавказ, еділ-дон, дунай) үлгілеріне жақын екені көзге түсті.

Қарақабақ руна тектес жазуы А.Астафьев пен З.Самашевтің еңбектеріне енген болатын. Алайда жазу туралы қандай да бір интерпретациялар айтылмайды.

Айғырлы руна тектес жазуы экспедиция аясында алғашқы рет жарияланып отыр.

Жазулардың Каспий теңізінің арғы бетінде руна жазуларына ұқсас болуы ойға бұл жазбалардың хазар немесе печенег тайпаларына тиесілі болу мүмкін деген ойға жетелейді.

Біздің бұл ойымыздың растығына қосымша дәлел ретінде 965 жылғы араб географы Ибн-Хаукалдың мына дерегі қолдау көрсететіндей болып көрінеді: «И произвели нашествие на все  это русы, и погубили все, что принадлежало на реке Итиль всем созданиям из хазар, болгар и буртасов, овладели ими. И искали убежище население Итиля на острове [близ] Дербента и укрепились там, а некоторые живут в страхе на острове Сияхкух (Қаратау – Т.Б.)».(Бартольд, 1940). Жазылған дерекке сүйенсек орыс князі Святославтың шапқыншылығынан құтылып қашқан хазарлардың бір бөлігі Сияхкухке, яғни Қаратауға келді хабарлайды. Қошақ мүйісінің жағалауындағы Қарақабақ сайы, өз кезегін сол жерде орналасқан ескі қалашықтың орны және оған жақын орналасқан таңбалар сызылған үңгір бір археологиялық аумаққа да жатуы мүмкін. Сондықтан да біз Маңғыстаудан табылған жазуларды түркі руна жазуының батыс ареалы бойынша мамандарға жүгінуге туралы келді.

Маңғыстау таңбалы тастары

Экспедиция аясында жазу үлгілерін анықтау мақсатында Ресей Федерациясы, Карачай-Черкесия автономиясындағы Карачаевск қаласында орналасқан «Қарашай эпиграфика музей институтындағы» белгілі түркітанушы, рунолог, филология ғылымдарының докторы Байчоров Сосланбек Якубовичке іссапар ұйымдастырып, жолықтық. Ғалым Маңғыстаудағы жазу үлгілерімен мұқият танысып шығып, олардың солтүстік кавказ ареалындағы үлгілерге ұқсайтынын айтып, таңқалысын жасырмады. Ғұмырының біраз бөлігін Солтүстік Кавказ жоталарын аралап, жазу іздеуге жұмсаған ғалым маңғыстаулық жазуларды көргеннен кейін осы үлгідегі жазуларды іздеп-табу потенциалы бар екенін айтты.

Алайда ғалымдың қорытындысы бойынша жазу мәтіндерінің қысқа болуы және бізге жеткен жазулардың біраз бөлігі мүжілгендіктен оқу кезінде қиындықтар туғызып отыр. Сондықтан да оқу кілтін табу үшін және оқылған бөліктің дұрыстығын тексеру үшін үлкен көлемдегі жазу ескерткішін табу қажет. Сол себептен алдағы уақытта перспективті аймақтарда кешенді ғылыми-зерттеу ізденіс жұмыстарын жалғастырып, жүйелі түрде ұйымдастыру қажеттігін айтты.

Маңғыстау аумағында табылып отырған петроглифтер көп ғасырлық тарихы бар жартас суреттерінің ұзаққа созылған генезисінің жемісі. Оның тамыры сонау замандар — энеолит  дәуірінен бастау алады. Бұл петроглифтердің құрлымы мен мағынасы алуан түрлі. Жалпылай алғанда дәуіріміздің бұл ескерткіштерінде халқымыздың тірі жады, дүниетанымы мен болмысы бейнеленеді. Олар бірнеше ғасырлар бойында пайда болып, халқымызыдың талғам-түсінігін паш етеді. Олардың жиынтық бейнелері мазмұны жағынан алуан түрлі болғанымен қазақ ру-тайпаларына ортақ бірегей құндылықтарға негізделген.

Көшпенділердің таңбалары белгілері жалпы түркі мәдениетінің ажырамас бөлігі. Таңбалар – отбасылық, рулық-тайпалықтан бастап этносаяси бірлестіктердің  эмблемасы ретінде ерекше орын алды. Таңбалар белгілі бір көшпелі жұрттың мекендеген тарихи-мәдени аумақтарды да толық көрсете алады. Сондай-ақ, белгілі  бір таңба мен оны иеленуші топтардың көші-қон жолдарын айқындап беруге көмектеседі. Себебі таңбатану тарих ғылымының ерекше қосымша саласы және оның болашағы зор.

Осы орайда Маңғыстау өлкесіндегі таңбалы тастар зерттеушілерге үлкен перспективаларға жол ашатыны сөзсіз. Экспедиция барысында табылған таңбалы тастарды жіктеп, классификациялап және ғылыми айналымға енгізуді алдына мақсат қойған еді. Ендігі мақсат осы тізімдегі петроглифтерді, таңбалар жиынтықтары мен руникалық жазуларды толыққанды зерттеп, зерделеп, қыр-сырын ашып, таңбатану пен эпиграфика саласына тың жаңалықтар әкелуге жұмыстану қажет.

Бекболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ
«Маңғыстау мемлекеттік тарих-мәдени қорығы» директоры,
тарихшы, өлкетанушы