Жуырда Ақтөбе қалалық мәдениет үйі ғимаратында  «TalantStudio»-сының директоры Бақытгүл Дельманованың ұйымдастыруымен  алғаш рет І Халықаралық «ТALANТtar AІemі» атты шығармашылық байқау — фестивалі өткізілді.

Дарынды оқушыларды қолдап, шығармашылығын  дамыту, жас таланттың бойындағы өнердің көзін ашып, сахна құдіретін сезіне білуге үйрету мен қатар  өнерге деген құштарлығын арттыру мақсатында өткен байқауда Түркия мемлекетінен, Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан аймағындағы барлық қалалары мен аудандарынан 5 жас пен 25 жас аралығындағы мыңнан астам талантты шәкірттер вокал, хореография, аспаптар, көркем сөз оқу, театр өнері, бейнелеу өнері, ым-шара тілінде ән салу аталымдары бойынша өз өнерлерін көрсетіп, бақтарын сынады.

Бейнеулік өнерпаздар халықаралық фестивальде жүлделі болды

Байқауға қатысушы дарынды жастардың  өнерлеріне Ақтөбе, Орал қалалары мен Әзірбайжан, Түркия Республикаларынан келген әділқазылар баға беріп, нәтижесінде өз ортасынан озып шыққан ауданымыздағы Құлшар атындағы Бейнеу өнер мектебінің көптеген халықаралық байқауларда жүлделі орындар алып жүрген дарынды өнерпаздарымыз Айберген Күзембаев І дәрежелі, Даниял Қыдырбаев ІІ дәрежелі, Махаббат Реймова мен Жұлдызай Оңдабаевалар эстрада-вокаль аталымы бойынша ІІІ дәрежелі лауреат атанды.

Жоба соңында жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен медальдар табысталса, ал шәкірттердің жетекшісі, дарынды ұл-қыздарды өнерге баулуда білімі мен шеберлігін аямайтын үздік ұстаз Гүлбану Бөрібаева фестивальдың Алғыс хатымен марапатталды.

Үміт ҚАЗДАЕВА