«Айбын» жас патриоттар клубының мүшелері «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Ақтау қалалық ауған соғысының ардагерлерінің «Боевое братство» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» КММ, «Жаңғыру жолы» өңірлік штабы «Достық үйі» жанынан құрылған «Айбын» жас патриоттар клубы жастарға әскери тәрбие мен оның маңыздылығы  бойынша жұмыстарды жүргізуде.

«Клуб мүшелері Ұлы Отан соғысының ардагерлері Асан Аймағамбетов және Қайыр Хыдырбаевтың үйіне барды. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында жағдайын біліп, өзіміз дайындаған портретті сыйға тартып, құрмет көрсеттік. Сондай-ақ жастар жеңіске жеткізген ардақты ардагерлердің естеліктерін тыңдап, тағылымды әңгімесінен тәлім алды», — дейді  Ақтау қалалық ауған соғысының ардагерлерінің «Боевое братство» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матжан Рамазанұлы.

Сұрапыл соғысқа небәрі 17 жасында  аттанған Асан Аймағамбетов қазір 94 жаста. Ол Ұлы Отан соғысында 1942 жылы Сталинград майданынан бастап Берлинге дейін барған. Ал 97 жастағы Қайыр Хыдырбаев майданға өз еркімен аттанған жауынгер. Ерлігі үшін бірнеше ордендермен марапатталған майдангер. Шара соңында жеңіс туын желбіреткен қос ардагерге жастар өз алғысын білдірді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН