Бүгін Халықаралық спорт күні аясында Ақтауда спортшылар мен спорт саласы өкілдері марапатталды. Оған байрақты бәсекеде өңір абыройын көтеріп жүрген спортшылар мен бапкерлер, ардагерлер мен саланың дамуына үлес қосқан азаматтар шақырылды.

Мереке қарсаңында оларға ҚР Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің, облыстық спорт басқармасының және «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаттары табысталды.

Облыстық дене шынықтыру басқармасы мен Ақтау қалалық спорт бөлімі ұйымдастырған шараға сала өкілдері мен аймақ спортының дамуына үлес қосып жүрген азаматтар мен тұрғындар қатысты.

-Бүгін бүкіл Қазақстан халықаралық спорт күнін атап өтуде. Бұл – тек қана спортшылардың мейрамы емес. Неге десеңіз, Елбасымыз өз жолдауында әрбір қазақстандық спортпен шұғылдануы керектігін айтқан болатын. Осы мақсатта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Облыста бір жылдың ішінде 11 ірі спорттық кешен, 20 жазғы алаң салынды. Оның 10-ы инвасторлар қаржысына, біреуі ғана бюджет қаржысына тұрғызылды. Бұл – өңіріміздегі кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктердің спортқа қызығушылығының, жанашырлығының арқасы. Индонезияда жазғы Азиада ойындары басталып жатыр. Оған Маңғыстау облысынан 13 спортшы аттанды, тағы екі спортшымыз паразиадаға қатысады. Спортшыларымызға сәттілік тілеймін және мерекемен шын жүректен құттықтаймын, — деді МО Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а. Нұрбек Қарабалаев.

Маңғыстауда жыл басынан бері 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 16 ҚР спорт шебері, 1 Ұлттық дәрежедегі спорт шебері, 1 Ұлттық дәрежедегі төреші, 4 жоғары санаттағы жаттықтырушы, 364 спортшы ҚР спорт шеберіне үміткер және 47 1-дәрежелі спортшы дайындалған. 300-дей түрлі деңгейдегі шаралар мен 54 халықаралық, республикалық жарыстар өткізілген.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суреттерді «Арман» жастар орталығы ұсынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз